ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫН ДАМЫТУДЫҢ ТӨРТ БАҒЫТЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

Биыл Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойып, көне шаһарға облыс орталығы мәртебесін бергеніне  1 жыл толады. Осы орайда, Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, идеологиялық дамуының төрт бағытын айқындалып отыр. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті 38 сессиясында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев айтып өтті.

Идеологиялық ұстанымның бірінші басымдығына сай – осы қалаға келген адам күллі қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихи оқиғалардан мағлұмат алатындай болуы тиіс. Келген туристер өңірімізде орналасқан киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттайды.

Екіншіден — Түркістанда әлемдік деңгейдегі шеберлер орталығы болуы басты назарда. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — әлемде теңдесі жоқ сәулет туындысы. Ғажайып ғимаратта ғасырлар бойы қалыптасқан өркениеттік құрылыс тәжірибесінің ізі жатыр. Кесененің құрылысында түркі өркениетінің нақыштары мен ою-өрнектері, көне замандардағы сәулет және бейнелеу өнер туындысы көрініс тапқан. Тарих қойнауында қалған, көнеден келе жатқан ұлттық қолөнерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін, шеберлік құпиялар мен қолөнер технологияларын сақтау, нығайту және жаңғырту үшін жағдай жасалмақ. 

Үшіншіден, Түркістан тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі сауда орталығы болған. Бүгін де бұл қаланы ірі сауда, өнер, туризм орталығына айналдырудың кешенді тетігі дайындалады. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу тетігі мәдениет, өркениет, сауда, сәулет, қолөнер, музыка сияқты салаларды қайта жаңғыртудан басталады. Кеше тарихи Ұлы Жібек Жолы да осы Түркістаннан өткен болса, бүгін де сол жол жалғасып келеді.

Төртіншіден, Қожа Ахмет Ясауи – жалпы түркі руханияты кеңістігінде өзіндік ілім қалыптастырып, исламдық құндылықтар негізіндегі ар түзейтін ғылымның моральдық-этикалық арнасы мен үлгісін көрсетіп кеткен тарихи тұлға. Ясауидің артына қалдырған өшпес мұрасы оның еңбектерінде жатыр. Осы мақсатта Қожа Ахмет Ясауидың Түркия, Өзбекстан, Иран, Индонезия және Еуропа елдеріндегі шәкірттерінің басын қосатын симпозиум ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, облыс имиджіне оң әсер ететін іс-шаралар жиі өткізіледі деп күтілуде.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.