Бiр айда Арыс айшықтанып тұрады

Арыс апаты ел басына түскен сын болды. Ынтымақ пен бірліктің туын берік ұстауымен бүгінде әлемге танылған қазақстандықтар бұл сынан да сүрінбей өтіп, жарқын болашағы бар ел екенімізді тағы да бір көрсеткендей болды. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, апат дабылының алғашқы сағатында облыс орталығынан Арыс қаласына жетіп үлгерген бүкіл елімізге танымал тұлға, нағыз мемлекетшіл ел перзенті, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев күні бүгінге дейін Арыстан шықпай, ат үстінен түспей, қым-қуыт тірліктің ортасында жүргенін өңірдің барша жұртшылығы өз көздерімен көріп, біліп отыр.
Туған еліне қалтқысыз қызмет етудің сан соқпақты жолында іскерлігімен танылған Өмірзақ Естайұлы апат зардабтарын жедел қалпына келтіріп, 45 мыңдай жерлестерінің мамыражай тұрмыс кешуіне жағдай жасауды қысқа мерзімде, яғни бір айда аяқтауды ашық жариялауға барды. Мемлекетіміздің де арыстықтарға көрсеткен қамқорлығы ерен екендігін бүкіл ел-жұрт біліп отыр. Күні кеше Арыс қаласына келіп, еліміздің Үкімет комиссиясының кеңесін өткізген ҚР Премьер-Министрі А.Мамин мұндағы жағдайдың барысымен танысып, алдағы істердің жайын ашып көрсетті десек болады. Атап айтқанда:
– Қаладағы барлық тұрғын үйлер 1 айда толық жөнделіп, жарамсыз үйлер қайта салынатын болады;
– Арыстың әрбір тұрғынына (барлығы 44 781 адам) 100 мың теңгеден бір реттік көмек берілетін болады;
– «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ұлттық компаниялармен және ірі бизнес құрылымдарымен бірлесе отырып, қаладағы 66 әлеуметтік нысанды жөндеп береді;
– Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 300-ден астам кәсіпкерлік нысандарда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастырумен жөндеу жүргізіледі;
– Арыстық кәсіпкерлер жыл соңына дейін салықтан босатылады және жаңадан кәсіп ашқысы келетін арыстықтарға мөлшерлемесі 1 пайыздан аспайтын 5 миллион теңгеге дейінгі несие беріледі.
– Арыста жаңадан қалалық аурухана мен 2 емхана салынатын болады;
– Екі жылдың ішінде Арыс қаласына жаңадан магистральды ауызсу құбыры тартылып, табиғи газ берілетін болады;
– Қаладағы инженерлік инфрақұрылым, электрмен жабдықтау және байланыс желілері жаңартылмақ;
– ҚР Үкіметінің материалдық резервінің есебінен жаңартылады;
– Екі аптадан кейін әскери қоймадан арсенал көшіру басталады;
Осы игі істердің нәтижесінде Арыс қаласында әлеуметтік-экономикалық дамудың көтерілетінін нық сеніммен айтуға болады.

“Қазақстан жолы” – ақпарат

«Қазақстан жолы» газеті №25 (751) 06.07.2019 жыл

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.