Түкiстанды түлендiру қолға алынған

Түркістан қаласы бүгінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыда ғана дамып отырған жоқ, мәдени-рухани тұрғыда да түркі әлемінің бет-бейнесіне айналып келеді. Яғни түлеген, түрленген Түркістандағы жағымды жаңалықтар легі бір толастар емес. Жаңа құрылыс алаңдарынан апта сайын бір қуанышты хабар келіп жетуде. Демек, өңірдің экономикалық әлеуеті артып келеді деуге болады. Сондай-ақ рухани құндылықтарымыз орын тепкен аумақтарда да абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ірі туризм орталығына айналатын аймақта, бірнеше ғасырлық тарихи бар, көне жәдігерлері сақталған байырғы қаладағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы кесене маңында қазба жұмыстары жүргізілуде. Көне керуендік жолдар қайта ашылуда. Биыл Қожа Ахмет Ясауи музейі, кітапхана, Ұлы дала елі мұражайы да салынып жатыр. Қаланың бұрынғы келбетін қайта қалпына келтіру мақсатында көшелер мен нысандар шығыстық үлгіде бой көтеруде. Сонымен қоса, ұзындығы 700 мың метрден асатын Шығыс базары да тұрғызылуда. Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін киелі орындарда арнайы транспорт пен демалыс орталықтары да жұмыс істейтін болады.
Су бұрқақтар да шығыстық үлгіде. Туристердің көбі мәдени орталықта жүреді. Тарихи орталыққа ат арбамен, түйемен саяхаттайтын болады. Осы мақсатта қалада туристік полиция бөлімі құрылды. 10 қызметкер өз жұмысын бастап та кетті. Қызметкерлер арнайы киім, қажетті техника және құрал-жабдықтармен қамтылған, қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Олар аймақтағы туристер ең көп баратын көрікті жерлер мен тарихи нысандар аумағында қызмет көрсетеді.
Рухани-мәдени аймақта салынып жатқан Қожа Ахмет Ясауи музейінің құрылысын мер­дігер «Базис-А» холдингі жоспарға сай аяқтаса, бұл мекемеде 100 адам жұмыспен қамтылмақ. “Самұрық-Қазына” компаниясы-ның тапсырысымен салынып жатқан музей 2020 жылдың соңында пайдалануға беріледі.
Бұл мұражайда А.Ясауи мен оның шәкірттерінің еңбектері қойылады. Яғни Ясауи атын асқақтату арқылы біз туризмді де көтереміз, қаланы туризм орталығына айналдырамыз.
Бүгінде Гаухар ана кесенесінің аумағы да жаңа кейіпке еніп келеді. Айталық Гау-һар ананың қабір жапқышы жаңартылып, кілем мен қонақтарға арналған төсеніш-тер ауыстырылды. Сонымен қатар, кесене мен құдық суына апаратын аяқ жол бойы-на арнайы құмыралар орнатылып, гүлдер қондырылса, аула тастардан тазартылып, түрлі-түсті әсем гүлдердің тұқымы себілді.
Былтырғы жылы кесенеге келушілерге арналған автотұрақ салынып, айналасы темір шарбақпен қоршалды. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнекамералар қойылды.
Ал, 2015 жылы Гауһар анамыздың бейітіне «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі қайта кесене тұрғызып, кесене туралы 3 тілде жазылған ақпараттық тақтайша орнатылған болатын. Болашақта діни-рухани ескерткіштер ретінде тізімге енген кесене маңына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Сапар орталығы салынбақ.
Сондай-ақ «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде де биылғы көктемде абаттандыру жұмыстары жүріп, музей аумағында 3 мыңнан аса гүлдер отырғызылды.
Қазіргі таңда Түркістанды тамашалауға құштар шет елдік туристер саны да артуда.Айталық, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келген кезінде Қазақстандағы Ұлыбритания елшісі Майкл Джон Гиффорд та кесенені аралап, қорық-музейдің құнды жәдігерлерімен танысып, тарихи мұралардың маңызы зор екенін айтқан болатын.
Осы сапарында елші: «Түркістан қаласындағы Ясауи кесенесі ЮНЕСКО сынды халықаралық ұйымның тізіміне енген Орта Азиядағы баға жетпес жауһарлардың бірі. Осының өзі әлем туристерін қызықтырады. Қазір туристер үшін көне заманнан бері сол қалпында сақталған жәдігерлер құнды. Алдағы уақытта біздің туристік компаниялар әріптестік танытуға дайын. Сондай-ақ, өңірдің ауыл шаруашылығы саласына британдық жаңа технологияларды енгізу бойынша келісім орнайды», — деді.
Демек, Түркістанды түлетуге, әсіресе, киелі жерлердің көркеюіне баса мән берген жөн сияқты. Осыдан біршама уақыт бұрын ҚР Премьер-министрінің орынбасары Г.Әбдіхалықова бастаған үкіметтік жұмыс тобы да Түркістан облысына жасаған сапары барысында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, қорық-музейге қарасты 88,7 гектар аумақтағы 18 тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, қайта қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар және жобалармен танысқан болатын.
Осы сапарында Г.Әбдіхалықова 2003 жылы ЮНЕСКО тізіміне енгізілген бірегей сәулет ескерткішінің маңызына тоқталып, Түркістан қаласының кеңейтіліп, даму үстінде келе жатқанына көңіл толатынын жеткізіп, қаланы дамыту кезінде тарихи мұраның визуалдығын сақтау қажеттігін ескеруді ұсынды.
Ал Қазқайтажаңарту» кәсіпорнының директоры А.Садуов пен бас кеңесші Қ.Тұяқбаев Өзбекстан Республикасына арнайы іссапармен барған сапарында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты тарихи орындарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру аясында көрші елдің «Madaniy meros ta’mirlash-tiklash» мемлекеттік кәсіпорны басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруға бағытталған меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ, қайта қалпына келтіруге арналған кірпіштерді даярлайтын өндірістік базаларды аралаған қазақстандық делегаттар құрылыс жұмыстарына қатысты көптеген мәселелерді де талқылады.

Бетті дайындаған:
Ұ.Өскен

«Қазақстан жолы» газеті №26(752) 13.07.2019 жыл

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.