МАҚТААРАЛДА КОНСТИТУЦИЯ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

Мақтаарал ауданында 30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Ата заң — айбарым!» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов барша аудан тұрғындарын Конституция күнімен құттықтады.

Ата Заң Тәуелсіздігіміздің ажырамас бөлігі және елдегі қоғамдық-саяси жүйенің негізі, қоғамымыздағы тұрақтылықтың кепілі болып табылатындығына тоқталған аудан әкімінің орынбасары мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп кеткен сарабдал саясаты мен елдегі татулықтың арқасы екендігін тілге тиек етті.

«Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды. 1 жыл бұрын ғана Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығының арқасында тарихи қалпына келтірілген Мақтаарал ауданы бүгінде дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Қазір жан-жақтың бәрінде құрылыс нысандары салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұның бәрі халқымызды ұйыстырған Конституциямызыдың арқасы деп білемін. Сондықтан, Ата Заңымыздың мерекесі аясында Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, бітпес бақ-дәулет тілеймін!» — деді Сәкен Асылханұлы.

Жиын барысында С.Сұлтанханов Мақтаарал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып жүрген бірқатар құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлерін, мемлекеттік қызметкерлерді аудан әкімі Асанов Бақыт Насырханұлының алғыс хатымен марапаттады.

Мақтаарал аудандық мәслихаттың хатшысы Қ.Сәрсекбаев, «НұрОтан» партиясы Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының орынбасары Д.Асабаев, аудандық соттың төрағасы Қ.Мұсаев, аудандық прокуратураның прокуроры Н.Талипов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы С.Мелдеханов, ауданның құрметті азаматы Қ.Хаметовтар құттықтау сөзге шығып, Ата заңның қадір-қасиеті мен маңыздылығы туралы кеңінен баяндады.

Айта кетейік, мерекелік кештің соңы «Мақтаарал» мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.