ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖОЛДАУЫН ІСКЕ АСЫРУҒА АРНАЛҒАН ОБЛЫС АКТИВІ ӨТТІ

Облыс орталығында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын іске асыруға арналған жиын өтті. Алқалы жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Жолдауда айқындалған бағыттарға тоқталып, нақты тапсырмалар берді.

«Көптеген арыз-шағымдарды оңтайлы шешуде «Азаматтар өтініштерін бақылау» бөлімін құруды тапсырамын. Аталған бөлім барлық деңгейдегі арыз-шағымдардың мерзімінде жауап берілуіне бақылау жасайды. Халықпен байланысты нығайтуда қоғамдық бақылау және партия белсенділері мен шенеуніктерді бағалау тетігін ұйымдастыра білуіміз керек», — деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Жалпы, Түркістан облысында ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп түрлері кеңінен дамыған. Экспорттық потенциал өте жоғары. Аталған нысандардың өнімдері “Kazakh Invest”, «Kazakh Tourizm» мекемелері ұйымдастыратын халықаралық көрмелерге тұрақты қатысуын облыс басшысы тиісті сала басшыларына жүктеді.
Сонымен қатар, облыс әкімі жиында «Елбасы тапсырмасына сәйкес «Ауыл ел — бесігі» жобасы облыста қарқынды жүзеге асып жатқанына тоқталды.
«Биыл Түркістан облысында 7 елдімекеннің мәселесін шешуге 4 млрд. теңге жұмсалды. Нәтижесінде 112,8 шақырым жол төселіп, 7 білім, 1 спорт және 5 мәдениет нысандары жөндеуден өтетін болады. Жоба аясында 2020 жылға 15 елді мекенде 114 жобаны іске асыруға 4,8 млрд.теңге бағыттау жоспарлануда», деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Сондай-ақ, өңір басшысы облыстағы кезек күттірмейтін тағы бір мәселе – атаулы әлеуметтік көмек мәселесін атап өтті. Аталған бағдарламаны цифрландырып, атаулы көмек алушылар базасын жасақтауды тапсырды.
Актив отырысында мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым, қоғамдық ұйым төрағалары жарыс сөзге шығып, Жолдауда аталған міндеттерді айтып, өз пікірлерімен бөлісті.
Өмірзақ Естайұлы қала, аудан әкімдері мен қалалық құрылымдардың басшыларына тұрғындар арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізуді жүктеп, өздеріне жүктелген міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындауға тапсырма берді. Жолдауда атап көрсетілген мәселелерді негізге ала отырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, облыс тұрғындарын Жолдауды қолдауға шақырды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.