Жаңа белеске бастайтын Жолдау

Күні кеше Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты тұңғыш Жолдауын халыққа жария етті. Ел ертеңінің маңызды бетбұрыстарын айқындап беретін, азаматтық қоғамды дамыту арқылы қоғамда тұрақтылықтың сақталуын көздейтін бұл жаңа Жолдаудың жаңалығы көп-ақ. «Ұлтты күшейтудің маңызды тетігі – тіл» деп Тұңғыш Президентіміздің өзі айтқандай, Жолдауда төл тілімізге, руханият пен мәдениет мәселесіне ерекше басымдық беріліпті.
Яғни Президентіміз еліміз-дегі түрлі этностардың тілі мен мә­дениетін дамытуға қо-лайлы жағдай тудырумен бірге, ең бастысы, ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретіндегі рө-лін мейлінше күшейтіп, оның ұлтаралық қатынас тіліне айна­латын сәті туғанын баса атап көрсетеді.
«Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екендігін де ұмытпаған жөн», — дейді ол.
Шындығында да «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп Алаштың Ахметі өсиет еткен бол­са, Мұстафа Шоқай «Ұлттық рух­тың негізі – ұлттық тіл» деген екен. Демек мем­лекеттік тіліміздің мәртебесін арт­тырып, мерейін өсіру мәселесінің әлі де күн тәртібінде тұрғаны анық. Осынау батыл бастамадан соң бұл бағытта көптеген ау­қымды жұмыстар, ілкімді істер атқарылып, ана тіліміздің абы­рой-беделін арттыруға, оны қо­ғамдағы бас­ты қарым-қатынас құралына ай­налдыруға, білім мен ғылымның тілі ретінде көш бастауына жол ашылса, нұр үстіне нұр. Жалпы қоғамның да күткені осы.
Бұдан бөлек Мемлекет бас­шысы осы Жолдауында митинг­тер туралы заңнаманы жетілдіру, қоғамдық келісімді нығайту, аза­маттардың құқықтары мен қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті қолдау арқы-лы қала мен ауылды дамытуға берік негіз қалау, әділетті салық жүйесін қалыптастыру т.б. келелі мәселелерді көтерген.
Бізді осы сала мамандары ретінде әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне бастайтын бі­лім беру сапасын жақсарту мә­селесі алаңдататыны анық. Ел Президенті білім саласында оқу­шылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру сая­сатына көшуіміз керектігін алға тартып, орта білім берудің ұлттық стандартын қалыптастырудың ма­ңыздылығына тоқталды. Сон­дай-ақ «Дипломмен – ауылға!» бағ­дарламасын баянды етуде жас­тарға жаңа мүмкіндіктер бе­ретін бұл бастаманың тиімділігін арттыру үшін 20 миллиард теңге қаражат бөлу, дарынды баланың қабілетін дамытудың жол кар­тасын әзірлеу, оқушыларды са­палы оқулықтармен қамтуды ті­келей тиісті министрлікке жүк­­­теу, алдағы 4 жылда мұға­лімдердің еңбекақысын екі есеге арттыру, отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру секілді орынды ұсыныс-тапсырмаларды толық қолдап-қуаттауға болады. Яғни «Жастарымыздың және еліміз-дің басты капиталы – сапалы білім» деп Тұңғыш Президентіміз Н.На­зар­баевтың өзі атап көрсеткендей, еркін елдің ертеңі сапалы білім мен кемел ғылымда екендігін ұмытпауымыз керек.
Былайша айтқанда, ғылым са­ласындағы қазіргі ахуалға да сын көзімен қараған Мемлекет басшысы отандық ғылымды кө­терудің мемлекет үшін қан­шалықты маңызды екендігін аңғартып, ғылыми зерттеулердің деңгейін көтеру мен оларды тә-жірибеде қолданудың тетіктерін қарастыруды Үкіметке тапсырып отыр. Өйткені білімі биікке шық­паған, ғылымы қарыштап да­мымаған елдің болашағы бұл­­дыр, келешегі күмәнді бо­ла­­ты­ны даусыз. Сондықтан Жолдауда айқындалып берілген ел дамуының негізгі ұстын-тірегі болып саналатын меже-міндеттерді өскелең ұрпаққа, ел азаматтарына жете ұғындыру-дың маңызы зор. Біздің М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті де бұл ортақ міндеттен шет қалмақ емес. Тіпті кеше ғана біздің ОҚМУ колледжінде Жолдауда баса айтылған, бүгінде қоғамдық індетке айналған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақ­сатында «Адалдық сағаты» өткізілді. Яғни өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылу үстінде.
Алдағы уақытта да жаңа Жолдау бойынша колледжімізде және ЖОО-ға дейінгі дайындық орталығында түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер, барлық топ­тардағы тәрбие сағаттарында түсіндіру-талқылау жұмыстары жүр­гізілетін болады. Өйткені ел дамуына үлес қосу – баршамызға ортақ міндет.

Сейдехан Әлібек,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжінің директоры, тарих ғылымдарының докторы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.