Қазақтың бойындағы ірілікті,Мықтылықты аңсап жүрмін

Дулат Исабеков

Совет өкіметін қанша жа­ман­дағанымызбен, онда тәр­тіп қатал болды. Адамдар адамгершілікті басты ұстын етті. Ғабеңдерден басталған ақсүйектік мінез, тазалық, өтірік айтпау, алдап-арбамау секілді қасиеттер алға шықты. Бір-бірін жағадан алып, рен­жіссе де, жауласуға барған жоқ. Ел тәуелсіздігін алып, ел жаппай нарыққа көше бастаған кезде адамдар «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кетті. Бұ­рын қалай еді? Барлығының материалдық деңгейі бірдей еді. Совхоз директорының ары кетсе, бір-екі киер киімі ар­тық болған шығар. Бүгінгідей зәулім-зәулім сарайлар салын­ған жоқ. Жемқорлық деген болған жоқ. Қазір жағдай мүл­дем басқаша. Уақыт та бөлек. Бұл қайдан пайда болды? Себебі, бұрын адамдардың ара­сында ондай ақша табу мүм­кіндігі болған жоқ. Банкир де­генді естідік пе? Банкке тә­уелді болдық па? Несие де­геннің не екенін ұқтық па? Жоқ. Мұның бәрі нарық эко­номикасына бейімделген қо­ғам­да ғана бар еді. Біз сол қоғамға бірден сүңгіп кеттік те, ештеңенің байыбына бара алмай қалдық.
Ұлылықты үлгі тұтып отыр­ған ешкім жоқ. Адамдар ұсақ­талып барады. Эгоизм басым. Өз «менін» жоя алмайды. Бі­лімді, білікті дейтін кей аза­маттардың да бойынан осындай кемшін қасиеттерді жиі байқап жүрміз. Ірілік жоқ. Сыйластық, кешірім, мейірім… дамымай қалған. Мұның бә­рі қоғамды кері кетіретін, ал­ға бастыртпайтын жаман әдет­тер. Өз мініңді өзің білмесең, өзгелердің мінін қалай түзе­мексің? Ниет бұзылды, ой өзгерді. Ниеті бұзық адамдарға қарап, қорқасың. Ұрпағыңның тағдырына алаңдайсың. Қазақ­тың бойындағы ірілікті, мықтылықты аңсап жүрмін…
Өзімен-өзі қырқысып жатқан қазіргі ислам әлемі әртүрлі ағымдарды араларына енгізіп алып, мемлекеттің негізін шай­қалтып жатқаны бәрімізді сақ­тандыруы тиіс. Біздің елде жү­генсіз кеткен, еркімен кеткен әртүрлі ағымдар адамдардың арасына алауыздық тудырып, жастарды тура жолдан тай­дырып бара жатыр. Оған қар­сы күресіп жатқан ешкім жоқ. Әрекетсіздік үлкен қатерге апа­рып соқтыруы мүмкін.
Жазушы ағайындар да үн­демес болып, Жазушылар ода­ғының ел арасындағы беделін әбден түсіріп болды. Олар ұлттық мүддеге байланысты бірде-бір жиын өткізіп көрген жоқ, басқа жақта өтіп жатқан ондай жиындардан да аулақ жүреді. Қара бастың қамы ғой баяғы. Жақынды жағалап, аға­ны сағалап, ешкімге қарсы кел­мей тыныш жүргенге не жетсін! Сонда бас та аман, құлақ та тыныш, қарын да тоқ, уайым жоқ. Ұлттық мүдде мен ұлттың уайымы өз бетінше өмір сүре берсін!..
Мемлекеттің ауылды гүл­ден­ді­руге жыл сайын 155-160 миллиард теңгелері бар. Бірақ, ауыл гүлденбей жатыр. «Ауыл – алтын бесік» деген жаттанды сөз емес, ұлттың алтын бесігі ауыл болады. Өткен заманда ауыл – тіл, ауыл – дін, ауыл – діл, ауыл – болашақ және ауыл – тұрақтылық еді. Әркімнің өз жұмысы бар. Бір бос жүрген кісі көрмейсің. Асып-тасыған, елден оқ бойы озған ешім жоқ еді. Совхоз директорларының балалары кішкене жақсы бол­ған шығар, бірақ, олардың да көп болса бір бәтіңкесі не бір костюмы артық. Ал, қазір ауыл-ауданның әкімдеріне қараңыз.
Білімсіздік дегеніміз не? Оқы­маған надандық па? Бірақ бұлардың барлығы кемінде 11 жыл мектеп партасында отыр­ғандар ғой. Кезінде же­ті кластық білімімен ел бас­­­қар­ған адамдар болды. Оны тарихтан білесіздер. Әріп та­нымайтын, мектепте отырма­ған ақсақалдар әлдеқайда ақыл­ды болған жоқ па? Менің­ше, мұндағы ең үлкен кілтипан – сананың төмендігі.
Бұрын әдебиет пен оқыр­ман бірге еді. Бүгін әдебиет пен халықты бөліп тастағандай әсер аламын. Соның кесірінен білімі саяз, санасы төмен жас­тар кез келген ағымға, кез келген уағызға ілесіп ке­те береді. Ішкі мәдениеті қалыптаспаған, бағыт-бағдарынан айырылған жандар көрсе­­қызар, ілеспе, уланғыш ке­ле­­ді. Екінші жағынан, тұрмыс­тық әлеуметтік жағдайы да себепкер боп жатады. Сананы тұрмыс билеген заманда «Ақ­ша төлеймін» десе, кейбір жастар халыққа қару кезенуден де тайынбай кете ме деп қауіп­тенемін. Білесіз, рухани жаңғыру деген дүние бізде қазір ұранға айналып бара жатыр. Біреу кітабының тұсаукесерін өткізсе, «рухани жаңғыру» деп қоятын болыпты. Біз бұл жазусыз-ақ баяғыдан жаңғырып келгенбіз. Рухани жаңғыру деген – са­наның жаңғыруы. Осы секілді мемлекет мәселесі өте көп. Ұлттық мемлекетті құрудан біз қорқамыз. Қазір санақ бойынша қазақтардың саны 67%-ды құрайды. Бір өкініштісі, осы санды біз кейде төмендетіп көрсетеміз.
Бізде мемлекеттің қамын ойлайтын мемлекеттік қайрат­керлер аз. Кабинетте отырып, ұлт болашағы үшін жұмыс істеп жатқандарды мен түсінбеймін. Олар кәдімгі «вахтерлер» секілді. Олар уақытша отырған бастықтар. Және уақытша отыр­ғанын өздері де сезеді. Ұлт ұлт болып қалыптасу үшін Президенттен бастап қазақша сөйлеу керек. Лауазымды орын­ға отырғызар алдында емтихан алынуы керек. Абай атамыз айтқандай «үйден үр­ген ит секілді» болуды қою керек.
Бүкіл жерасты байлығы­мызды шетелдерге беріп қой­дық. Ең қымбат уран, вольфрам, жез кімге кетіп жатыр, мұнай кімге кетіп жатыр?! Міне, бұлардың бәрі – жұмбақ. Тек қана билік біледі. Осындай сұрақтардың бәрі жұрттың кө­­кейінде жиналды да, нара­зылық бұрқ ете қалды.
Шындығында, баланы бас­тауыш мектепте қазақ тілінде оқыту керек. Бітті. Баяғыда Жа­понияда «еуропаша оқы­тамыз» деген үрдіс болған. Сөйтсе, балалардың көпшілігі жапон менталитетінен айырылып ба­ра­ды екен. Сосын бұрынғы оқу жүйесін қайтадан қалпына келтірді. Бұдан шығатын қор­ы­тынды біреу ғана: бала бастауыш мектепте ана тілінде ғана білім алуы керек.
Жер дегенің – Отаның ғой. Мысалы, кешегі II дүниежүзілік соғыста ұлтарақтай жер үшін қан төккен жоқпыз ба? Енді бей­бітшілік орнап, тәуелсіздік туын көтерген кезімізде Отанымыз­дың ұлтарақтай жерін емес, үлкен-үлкен аумақтарын мил­ли­он гектарлап неге сатамыз? Бұл не? Мұның ар жағында Ота­нын сату сияқты өте қауіпті әрекет жатқан жоқ па?
Ал жарайды, жеріңді қазір сатып, бюджетіңнің жыртығын 2 млрд. доллармен жамадың дейік. Келесі жылы немізді са­та­мыз?! Онсыз да бәрін сатып болдық қой.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.