Қала әкімі жалынды жастармен кездесті

Таяуда үшінші мегаполис әкімі Е.Айтаханов қала жастарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. «Жастар ресурстық орталығында» өткен еркін форматтағы жүздесуге студенттер, мектеп оқушылары мен жас отбасылар қатысып, түрлі өзекті мәселелер көтерілді. Әсіресе, жолаушылар көлігінің жетіспеушілігі, шалғай мөлтек аудандардан қаланың орталығына қатынаудың қиындығын жеткізген жастардың орынды өтінішін ескерген қала әкімі тиісті басқармаларға мәселені оңынан шешуді тапсыратындығын айтты. Сондай-ақ Шымкент жастары қолжетімді баспана мәселелерін де қарастыруды сұранды.
Қала жастарын баспа­намен қамтамасыз ету үшін 2019-2021 жылдары аралығында жылына 1 мың жалдамалы пәтер салу жоспарда екенін айтып, жастарды бір серпілтіп тас­таған қала әкімі пәтер беру мүмкіндігі қарас­тырылып жатқанын айт­ты.
Баршамызға белгілі, 2020 жыл “Еріктілер жы­лы” деп жарияланған бо­латын. Осыған орай қала басшылығы тарапынан во­лон­терлікті дамыту мақса­тында еріктелерге жан-жақты қолдау көрсетілетіндігі айтылды. Сұрақ-жауап бары­сында Ерлан Қуанышұлы өзінің студенттік шағын еске алып, өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
«Өз-өзіңді дамытуды, алған біліміңді жетілдіруді үнемі жалғастырып отыру керек, сонда ғана көздеген мақсатыңа жетесің» — деді Е.Айтаханов. Екі сағатқа жал­ғасқан кездесуде жастар сан түрлі бағытта сауалдарын жолдап, нақты жауаптар алды. Сондай-ақ, қала әкімі еркін форматта жастармен жиі жүздесуге дайын екендігін айтып, көтерілген тақырыптар аясында жұмыс істелетіндігін жеткізді. Осы қала әкімімен өткен кезде­суге жалпы саны 600-ден астам түрлі саладағы жастар қатысты.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.