Сен үшін бақыт тілегем…

Біреу түрткендей ояна келді. Көзін ашып қалып еді, бөлмесі аппақ нұрға толып тұр екен. Терезеден құйылған көктемнің шуақты күнінің шырайы лезде бойын сергітіп жіберген.
Жаннұр онымен сонау жыл­дары, студенттік шақта танысқан. Ол одан соң көп өтпей бұл қызмет етіп жүрген мекемеге тəжірибеден өтуге келгенде Бектасты кім білсін, өзі қатты қуанғанды. Не шара, əдемі қой көздері мейірін төге қарайтын Бектас үйленгелі жүр екен. Бірақ екеуі дос болып қала берді. Кəдімгі жігіт пен қыздың достығы емес, ой-пікірлері үйлесіп жататын, рухани достар еді олар. Айтатындары – соңғы оқыған кітаптары, көрген кинолары. Сондай əңгімелер үстінде Бектасқа ұрлана қарайтын Жаннұрдың керемет бір сезімнің күшін сезетіні бар еді.
Бір күні Алматысына қайтып кеткен Бектастан телеграмма ке­ліп тұр. «Есенкүл екеуміздің үй­лену тойымыздың құрметті қонағы бол!». Жаннұр «Досым, жан до­сым менің, бақытты бол!» деп күбірледі де, телеграмманы төргі үйдегі айнаның үстіне қыстырып қойды.
…Өмір бəрін астаң-кестең еткені əлі санасында. Өзі есепші болып істейтін қызметінде бас есепшінің ішіп-жеп қойғаны бұған ғана емес, бірге істейтін төрт əйелге де ауыр соққы болды. Заң орнындағылар ары сүйреп, бері сүйреп, бұлардың бесеуін де кінəлі санады да, бəрі əртүрлі жазаға кесіліп кете барды. Өзінің еш кінəсі жоқ екенін айтып қанша шырылдаса да дəлелдей алмаған бұл нақақтан-нақақ үш жыл арқалап жүре берген. Бар тірліктен баз кешіп, тар жерде жүргенінде екі баласын туыстарына тастап, 15 жыл отас­қан күйеуі «жылы ұя» тауып кет­кені тіптен есеңгіреткен. Сонда бар арқа тірегені – жан досы Бектас қана еді. Мұның басына түскен шытырманнан ол ұзақ соттасып жүріп, алып шыққан. Жақсылық жасаса да, ақысын сұрамайтын қайран дос қайырымдылығынан айнымаған екен. Жаннұр қиын-қыстаудан оралып, жеке шаруасын бас­тағалы бері қол ұшын беріп келе жатқан да осы досы. Қызы бойжетіп, ұлы ержетіп қалса да, ақылын айтып жататын Бектастың шын дос пейілін қалай естен шығарсын. Бұның бəрі əркімге жұғыса бермейтін сұлу қасиет екен ғой…
Жаннұр қашан да жанынан табылатын досына бек риза болып отыр еді, есіктің қоңырауы шыр ете қалды. Құшақ толы гүлі бар сары қыз күлімсіреп: «Сізге!» — деді де, жылы ғана саулық тілеп, жүре берді. Құлпырған гүлдің арасындағы əдемі қағазды алып қараса, Бектастан екен: «Дос көп болсын деседі-ау, Сендей достың көп болуы мүмкін емес!..».
Жаннұр гүлді құшағына қатты қысып, Бектастың үнемі айтатын «Сен үшін бақыт тілегем» деген сөзін қайталай берді…

Ғафура СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.