Біздің қазақ үшін қазіргі ұлттық идея — аман қалу және көбею

Нұртөре Жүсіп

Осы күні ұлттық идея туралы жиі айтыла­ды. Қазақ үшін ұлт­тық идея деген не? Біреулер индустриялық-инновациялық да­му дейді. Біреулер ұлттық құндылықтарға негізделген қо­­ғам құру дейді. Біреулер демок­ра­тиялық азаматтық қо­ғам ор­нату деседі… Осының бәрі керек шығар. Алайда, қазақ деген дархан пейіл, ақжүрек ұлтқа бұл заманның бүйрегі бұрып тұрған жоқ. Жан-жақтан еркін ағылған ақпараттар ағыны, мылтықсыз майдан, ұлтты ішінен іріткен індеттер қонақжай қалпыңа, құн­ды салтыңа, бұрынғы даңқыңа, момақан халқыңа қарап отыр ма?! Біздің қазақ үшін қазіргі ұлттық идея – аман қалу және көбею болса керек.

* * *

Мәңгілік ел болу үшін біріншіден, осы елдің аман болғаны керек. Екіншіден, аман-сау болып тұрып көбеймесең, не болады? Мынау қазақтың жалпақ да­ла­сында кім алшаң басып жү­реді? Бос кеңістік қашанда ыр­ғын жұрттың ықыласын оя­та­ды. Қазір кейбір әкімдер «бос жатқан жер» дегенді жиі айта­ды. Қазақта бос жатқан жер жоқ. Әрбір ұлтарақтай жер үшін атам қазақ қанын берді, жанын берді. Бұл – болашақ ұрпақтың несібесі. Ал ол несібені оңды-солды саудаға салудың ақыры жақсылыққа әкелмейді. Сон­дықтан, бүгінгі қазақ баласы ел болам десе, бірінші кезекте көбеюдің амалын жасауы керек. Сапа саннан шығады.

* * *

Қазақ үкіметі 20 мил­лиондық межеге жету туралы тамаша сөз айтты. Қазіргі қарқынмен, әлеу­меттік мәселелердің қор­да­­ланған қалпымен бұл меже­ге жету оңай емес. Бірақ Қа­зақстан сияқты аса қуатты, сұмдық бай елге баспана мә­селесін шешу сон­шалықты қиын да емес. Қазір ел-жұрт қалаға ағылды. Бұрын қазақтың өсімін ауыл қамтамасыз ететін. Ауыл бұл функциядан айырылып қалды. Бәріміз оншақты баласы бар үйден шықтық. Қазір жеті бала тапқан анаға Алтын алқа беріп жатырмыз. Сол Алтын алқаның аты болмаса, заты бар ма? Көп балалы анаға қандай нақты жағдай жасалып отыр? Ешқандай!
Біз дүниежүзілік спорт жа­рыстарында бір адамның тұм­сығын бұзып келген спортшыға қандай құрмет көрсетеміз: 250 000 доллар сыйақы бір беріледі; артынан облыстық және қалалық әкімшіліктер жеңімпазға пәтер, қымбат кө­лік, ақшалай және басқадай бағалы сый-сияпат беріп, үйіп тастайды. Еліміздің көк байрағы көтерілгені жақсы, әри­не. Алайда, сонымен қа­тар көп балалы ананың шаңы­рағында көне тартқан көк көр­песі жаңарса, айып па? Қа­заққа құр алтын әкелгеннен, сол жылтыр металдан мың есе артық алтын ұрпақ әке­летін аналардың жайын кім ой­лайды? Әрі-беріден соң, жалтыраған алтын артық па? Жар­қыраған халқың артық па?

* * *

Қазақстанда қанша адам­­ның басында баспа­на жоқ? Қанша адам­ның бірнеше бас­панасы бар? Мұны нақты анық­тау құ­зырлы органдар үшін еш қиындық тудырмайды. Сол си­яқты жас отбасыларға кезіндегі «хрущевка» тәрізді, бі­рақ көлемі оңтайлы, бағасы қолайлы үй салып тастаудың да еш қиындығы жоқ. Қазір жаппай урбанизацияның арқа­сында қазақ біткен қалада тұруға басымдық беріп отыр. Ауыл – ауыл болудан қалды. «Дипломмен – ауылға!» деп ұрандаттық. Ауылға ба­рып, ұшпаққа кенелген жас ма­ман бар ма? Алдына ал­тын тостаған қойсаң да, қазір­гі жастар ауылға баруға ықы­лассыз, одан да пәтерде жүрсе де қалада тұрғысы келеді. Ал қала – қазақтар үшін әзірге қайғы ғана.

* * *

Кез келген ертегінің өзегінде өмір жатады. Егер біздің еліміз шын мәнінде Мәңгілік ел бол­сын десек, қордаланған мәселелердің шешімін табуға көп болып ұмтылуымыз қажет. «Қолжетімді баспана» деген де жемқорлық пен парақорлықтың ордасына айналды. Биік мін­берден Мемлекет басшысы бұл бағдарлама төңірегіндегі былық-шылықтарды орынды сынады. Жыл сайын Қазақ­станда тұрғын үй салынбай жатқан жоқ. Соған қарамастан тұрғын үй кезегі көбеймесе, азаятын түрі көрінбейді. «Же­тім бұрыш» анау – қалаға келген қазақтың бәрі әлі күнге дейін сол орамды жағалап жүр. Экономикамыз өсті, өр­кендеді дегенді жиі естиміз, өзіміз де жиі жазамыз. Әкімдер де «ананы істедік, мынаны бітірдік» деп есеп беріп жа­тыр. Аймақтағы өмір сүру көр­сеткіші қалай? Халықтың тұрмыс деңгейі қаншалықты жақсарды? Өлшем осы болуы керек. Біз қаптатып қанша үй салғанымызбен, тұрғын үй кезегін азайта алмай отырмыз. Неге? Бір басына бір емес, үштен, бестен, оннан пәтері бар адамдар толып жатыр. Астанада бір өзінде жүзге тарта пәтер рәсімдеген азамат бар екен дегенді БАҚ бетінен оқып жағамызды ұстағанбыз.
Тұрғын үй – таза бизнес. Қа­заққа зауыт салудың, жаңа кәсіп түрін игерудің еш қажеті жоқ. Амалын тауып, бірнеше пәтер жасасаңыз бітті, жалға бересіз де пайдаға шаш-етектен кенелесіз де отырасыз. Пайда табудың оңай жолы осылайша кең өріс алып отыр. Астана мен Алматыда үлкен көшелердің, вокзалдар мен көпшілік жүретін орындардың алдында бір қолына бірнеше пәтердің кілтін ұстап жүрген қыз-келіншектерді көрген де шығарсыз. Шынайы пәтер ие­лері осындай делдалдар арқы­лы орасан пайдаға кенеліп отыр. Мемлекет шындап қала­са, бұл мәселені бір күнде реттей алады. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, бұған да ешқан­дай ниет байқалмайды.

* * *

Қазақтың үлкенді сыйлау деген тамаша дәстүрі бар еді. Қалада сол жо­йылды. Қазақтың намыс деген үлкен ұғымы бар еді. Қалада сол жоғалды. Қала жастары қазір мынау үлкен екен деп жасы егде тартқан адамның өзін де, сөзін де сыйламайды. «Мамбет» деп мазақ қылады. Қазақтық қасиеттің бәрі қазір осы бір-ақ ауыз «Мамбет» деген сөзге сыйғызылды. «Мамбет» деген с.ғ.с. Мұхаммед пайғамбардың есімінің дыбыстық өзгерістерге түскен түрі. Қаладағы қазақ жастары өз дінін адам құсап құрметтей алмай тұр. Сосын несін сұрайсыз? Қазақты қазақ қылып келе жатқан екі нәрсе еді. Мұны қарасөзінде Абай атамыз қадап тұрып айтып кеткен. «Бірі – үлкенді сыйлау, сөзге тоқтау, «екіншісі – намысшылдығы» деп. Осының екеуі де жоғалып барады деп зар қағып еді, жарықтық! Қазіргі қала қазағында осы екеуі, ең алдымен, намыс жоқ.

* * *

Ақиқатты айтып отыр­мын. «Ойбай, біз мық­ты халықпыз» деп кеуде қағудан мен де қашпай­мын. Бірақ шынайы жағ­дай­ға келейікші. Қала кө­шеле­рінде тәнін саудаға салған қазақ қыздарының бәрі қайдан шықты? Солардың бәрі тұлдыр жетім бе? Олардың әке-шешесі, туыс-туғаны, аға­йы­ны жоқ па? Ағасы, жездесі, нағашысы, апа­сы, әпкесі жоқ па? Бәрі бар. Бәріміз мұ­ның азғындық екенін жақсы білеміз. Азғындықтың ақыры тексіздікке әкеледі. Тек­тісі азайған елдің кектісі көп болады. Ат төбеліндей қазақ осындай пұшайман халге қа­лай түсті? Өз қызы, өз бала­сына дәрмені жүрмейтін бей­шаралықтың себебі неде? Қалаға келген қазақ елдігінен айырылды. «Ел» деген үлкен ұғым еді. Қазақтың шалдары жас баладан жөн сұрағанда, «Қай елсің?» деп сұрайтын еді. Бала өз руын, шыққан тегін айтатын. Жәй ғана тайпалық түсінік емес. Үлкен елдік ұғым. Міне осы ұғым қала қазағында «өлуге» қарады. Неге? Өйткені қалада қазақтың өмір сүру қағидасы жоқ. Құндылықтар аяққа тапталды. Отбасы құн­дылығы құруға айналды. Ең бастысы – қаладағы қазақ на­мыс­сыз тобырды құрап отыр. Өзбектерде «махалла» деген бар. Біздіңше, квартал деген сөз ғой. Әр кварталдың өз үлкені бар, жасы кіші адам соған тоқтайды. Өзіндік тәртіп бар. Соған сай дәстүр өзгерген жоқ. Ұлт ретінде өзбектің намысы өлмеді. Бізде бәрі керісінше. Үлкен сыйлау дәстүрі жоғалып бара жатқанын айттым. Намыссыздық өршіп тұрғанын екінің бірі біледі. Қазақты құт­қаратын нәрсе – осы екеуі. Өзі­нің тегін білу маңызды. Бөліну үшін емес. Өзінің Ел екенін білу үшін. Сол Ел үшін намысқа тырысу. Ұлттық рух деген сол. Басқа ешқандай жол, амал-айла бізді тығырықтан алып шыға алмайды.

* * *

Тектілік әдептіліктен бас­талады. Мәдениет­сіз қоғам – мешел қоғам.
Мәдениетсіз мемлекет – мертіккіш мемлекет…
Мәдениет ауылынан алыс­таған сайын мәдениетсіз тобыр көбейеді. Мәдениетсіз то­быр – қылмыстық шоғыр құрайды…
Бір қазақ өлсе, бар қазақ өлгендей қайғыруды қаперден шығардық.
Бар қазақ өлсе, бір қазақтың қайғырғанынан келер пайда не?!
Әр қазақтың өмірі – бір қазаққа, бір қазақтың өмірі – бар қазаққа байланып тұрған жоқ па?! Абай болайықшы, ағайын!
Елмен елдің тілінде сөйлесу керек.
Елдің тілін ел білетін адам табады.
Елдің жайын елдің мүддесін ойлаған адам айтады.
Қазақтың жақсы аты шықса, бәріміз қуанамыз. «Атың шық­паса – жер өрте» дегенді де айтқан бұл қазақ. Өртпен шыққан ат ерте өшеді. Өсекпен шыққан ат та солай.
Абай мінеген қазақ мінезі әлі өзгере қойған жоқ. «Өз мінін білген кісі – екі кісіге төрелік айтады» деген нақыл сөз бар. Қазақтың ендігі ыңғайы елдік, егемендік, мемлекеттік мәселелерді ұлт пайдасына орай шешуде жатыр.
Ұлттан безу – ұяттан безу. Ұяттан безу – аяттан безу.
Ар мен аятты бәрінен жоғары қойған ел едік. Сырт-тан таңылған, өз ішіміздегі ірілі-ұсақты жалпақбайлардың жал­ба­ғай жағымпаздығы мен сат­қын­дығы танылған, басқа­лардың өмір сүру үдерісіне бағынған жаңа қалыпқа түстік. Мыңды, миллионды сатып алу мүмкін емес, ал бір немесе бірнеше адамды сатып алу оңай.

* * *

Бір жағдайды айтайын. Жапонияда Юкиа Ми­си­ма де­ген күшті жазу­шы болған. 40-қа тарта кітап жазған. Киноға түскен. Жан-жақты талант иесі. Жапония Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгеннен кейін барар жер, басар тау таппай тығырыққа тірелген екен. Ел-жұрт өзінің атадан келе жатқан салт-дәс­түрінен жері­ніп, жаппай аме­рикандық өмір сүру салтына ауыса бас­таған. Сондай бір қалың ел дағдарысқа түсіп, не істерін, қалай боларын, қайтіп да­митынын білмей дағдарған тұста әлгі Юкиа Мисима бір топ жақтастарымен Токио те­леарнасын басып алады. Ті­келей эфирге шығып, өзде­рінің мұндай әрекетке не үшін барғанын айтады. Жал­пы маз­мұны мынадай:
«Айна­лайын, халқым, жапо­ным. Сен кім едің? Енді кімсің? Сенің керемет салт-дәстүрің бар еді ғой. Содан неге жеріндің? Сенің тамаша тарихың бар еді, сенің ғажап әдет-ғұрпың бар еді. Соның бәрінен неге безіндің? Енді қайда барасың? Кім боласың? Мына түріңмен елдіктен айырыласың ғой. Ел­дігінен айырылған елде ерік бола ма? Берекесі кеткен ел­дің босағасы берік бола ма? Ойлан! Ойлан, жапоным. Мұн­дай тығырыққа тірелген сәт­те бұрынғы ата-бабамыз – са­му­райлар не істейтін еді? Ха­ракири жасайтын. Ел болам десең, міне, мен – еркек тоқты құрбандық! Құрбандығың бо­лайын! Бірақ сен ақылға кел! Дәстүріңе, салтыңа қайта орал. Сонымен ғана жапонсың. Жа­пон болғың келмесе, жұтыла­сың да кетесің!» деп өзінің қарнын жарып жібереді. Қып-қызыл қан. Бүкіл Жапония мұны тікелей эфирден көреді. Сөйтіп, ел есін жияды. Ата дәстүріне қайтады. Бізге өйтіп қарын жарудың қажеті болмас. Бірақ ата дәстүрге қайтуымыз қажет.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.