Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді…?

Жас ұрпаққа білім нәрін беретін басты құрал – оқулықтардағы олқылықтардың жырын айтып тауыса алмай келеміз. Елімізге белгілі басылымдарда бұл оқулықтардың тілінің ауыр екендігін, сапасы төмен әрі кемшіліктердің орын алғандығы жарияланып, ондағы қателіктерді баса айтып шара қолдануын сұрап «шырылдағанмен», мінбедегілердің бұл мәселені жолға қоюға тырысқанын көргеніміз жоқ. Түзелудің орнына кері кеткен бұл заманда олқылықтарымыздың да сиқы көз қуантарлық емес. Басқаны қойғанда еліміздің тарихын танытатын, ата-бабаларымыздың рухын ұрпаққа дарытатын тарих, әдебиет оқулықтарын қатесіз басуға неге болмайды екен?
Оқулықтардағы олқылықтар мен оспадарсыздықтардың басы грамматикалық қателерден көз сүріндірумен басталса, бүгінде бұл аздай, мәтіндегі мағыналық өрескелдіктердің өріп жүруімен өз жалғасын тауып жатыр. Өкініштісі сол – бұл қателердің басым көпшілігі басқа емес балалар әдебиетінде орын алуы болып тұр.
Жақында желіні жас жазушы Жақсылық Кенжалиевтің «Жолың болсын» атты оқулығы шулатты. Шулатпағанда қайтсін?! Балаларға арналған бұл оқулықтың 91-бетіндегі қысқа әңгіменің тақырыбы – «Труси мен көйлек». Ал мәтіннің мағынасына үңілсең, бетіңді басып, оқулықты ешкімге көрместей жерге апарып тастағың келіп тұрады. Әлгі құрғыр «труси» мен «көйлектің» арасындағы әңгімені диалог түрінде жазып, тіпті екеуін бір араздастырып, бір татуластырған. Құдай-ау, әңгімесіне арқау болатын әлемде материал құрып қалып па? Ішкиімнің айналасынан шықпайтын мұндай жазушысымақтарға не деуге болады? Бүгінгі қазақ балалар әдебиетінің сиқы осы… Мұндай оқулықты оқып өскен баладан ертең ел тізгінін ұстайтын елжанды ұрпақ шыға ма, әлде сол етектің айналасын аңдитын бейбақтар шыға ма? Баласын «тәйт, ұят болады!» деп өсірген қазақтың бүгінгі сарқыншағы осындай сорақылықты жазуға жетсе, оның қалай қаламгер атанып жүргені қызық… Редакция алқасы мүшелерінің тізімінде мүйізі қарағайдай жандар тұр. Әй, ішін бір ашпаған-ау шамасы.
Оқулықтардағы жас ерекшеліктерін ескермей жасаған тапсырмалар да жоқ емес, тіпті көп. Мәселен, 3-сынып оқушысының математикадан жұмыс дәптеріне берілген тапсырмалардың деңгейі тіпті жоғары. Білмеймін, біздер «ғалым» тәрбиелеп шығарғымыз келе ме, әйтеуір біздің авторлар баланың жасына қарамастан ойнап отырып, ойына келген тапсырманы жаза салатын сияқты. 3-сынып оқушысына палетканың көмегімен фигуралардың ауданын есептеуді бұйырған. Ал ондағы фигураның сиқы біз білетін төртбұ­рыш, үшбұ­рыш­тан мүлде бөлек. Бала түгілі ата-ананың басы жет­пейді мұндай есептерге. Өкі­нішке орай, мұн­дай қателік­тер қарасы көбейе түсуде. Білім және ғылым министрлігі оқу орын­да­рына ар­на­лып шығары­лып жат­­қан оқулық­тар мен оқу құрал­­дарының ғы­лым­ның соңғы жаңалықтары мен рухани құндылығымзды ескере отырып, талапқа сай сауатты жазылуын қадағалап отыр деп айта алмаймын, қадағаласа мұндай өрескелдіктер орын алмас еді, сірә. Бұған министрлердің өз қызметтерінде 2-3 жылдан аса тұрақтамауы, олардың ойланбай жасалынған реформалары әсер ете ме, кім білсін?

Ұ.Өскен.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.