МАҚТААРАЛДА САБЫРБЕК ОЛЖАБАЙДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ

Мақталы Мақтаарал ауданында белгілі жазушы, драматург, сатирик, кәсіби журналист Сабырбек Олжабайдың шығармашылық кеші өтті. Жиынға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, шығармашылық иесін шын жүректен құттықтады.

«Құрметті Сабырбек Дәніқұлұлы! Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Мақтаарал ауданы бойынша  меншікті тілшісі ретінде үлкен жұмыстар атқардыңыз. Біз сізді тек журналистика саласының майталманы  деп емес, жазушылық қырыңыздан да жақсы танимыз. Жарық көрген кітаптарыңыз бен еңбектеріңіз оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алып үлгерген.  Драматургия, проза, сатира жанрларында да жасаған еңбектеріңіз өз нәтежиесін көрсетіп жатыр. Сіздің «Қара көзілдірікті келіншек» атты драмаңыз Мақтааралдың бұрынғы орталығы болған Жетісай қаласындағы Қ.Жандарбеков атындағы драма театрда қойылып, күллі мақталы өлкенің қошеметіне бөленіп еді. Аудан халқының атынан сізге зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасыңызға амандық, жұмысыңызға шығармашылық табыстар тілеймін» — деді Бақыт Насырханұлы.

Кеш барысында жазушының шеберлігі туралы замандастары мен қаламдастары сыр шертісіп, қазақ әдебиеті мен руханиятына қосып жатқан жоғары үлесі туралы әңгімелер айтылды. Сондай-ақ, сатириктің шығармаларынан көріністер қойылып, монологтар оқылды.

Айта кетейік, Сабырбек Олжабай өзінің ерең еңбегінің арқасында 2005 жылы «Облыстың ең үздік жазушысы» номинациясының, ҚР Жазушылар Одағының облыстық филиалы белгілеген «С.Адамбеков атындағы сыйлықтың» лауреаты, қоғам және мемлекет қайраткері Т. Рысқұловтың туылғанына 110 жыл толуына орай өткізілген «Тарих. Тағылым. Тұлға» атты республикалық байқаудың 1 орын иегері, 2006 жылғы Оңтүстік Қазақстан Журналистер Одағы тағайындаған «Юрий Кунгурцев атындағы бәйгесінің» лауреаты, 2013 жылғы «Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлығының» лауреаты болған.  Сондай-ақ, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Баспасөз саласының үздігі» төсбелгесінің иегері, ТҮРКСОЙ-дың құрмет грамотасының иегері, Қазақстанның құрметті журналисті, қазақ журналистикасының қайраткері атанған.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.