ОҢАЙ ОЛЖА ОРҒА ЖЫҒАР

Жуырда Абай атындағы қалалық кітапханасында мерзімді басылымдар залының ұйымдастыруымен «Оңай олжа орға жығар» атты сыбайлас жемқор­лыққа қарсы  дөңгелек үстел өтті. Шараның мақсаты өскелең ұрпаққа сыбайлас-жемқорлық  туралы кеңінен түсінік беріп, оларды әділдікке, адалдыққа тәрбиелеу болып табылады.

 Дөңгелек үстелге «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының басшылары мен мүшелері және Политехникалық колледждің кітапханшысы мен бір топ студенттері қатысты.   Кітапхана қызметкері Н.Сейтжанова сыбайлас жемқорлықтың жергілікті мәселе болудан қалып, ұлт шегінен тысқары құбылысқа айналғанын, оның қоғамды және барлық елдердің экономикасын қамтып отырғанын айтып өтті.

Алғашқы сөз кезегін алған Шымкент қаласы «Адалдық алаңы» жобалық кеңесінің төрағасы Е.Төлебаев Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясына орай, сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір мемлекет­тік органдар басшыларының, ел азаматтарының міндеті екендігін ұғындыра келе құқық қорғау органдарында арыз қабылдау үшін Фронт офистер ашылғанын да тілге тиек етті.

Ал Шымкент қалалық жастар мәслихатының депутаты Д.Ғаниұлы: «Осындай келеңсіз құбылыстармен бітіспес күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы», — деді.

Сондай-ақ Шымкент Политехникалық колледждің кітапханашысы Б.Қанатова жемқорлық дертіне қарсы тұруда қоғам болып белсенділік танытуымыз қажеттігін айтса, аталмыш колледждің 3-курс студенті М.Төлемисова «Жемқорлық – ғасыр дерті» атты өлеңін оқыды.

Іс-шараны қорытындылаған кітапхана директоры Г.Әлкебайқызы: «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресте бар күшін салуы тиіс. Біз жемқорлықты жоюға өз үлесімізді қосу мақсатында осындай іс шараларды жастар арасында жиі өткізіп тұруымыз керек», — деп келген қонақтарға, студент жастарға өз алғысын білдірді.

М.Тұңғышбаева,

Абай атындағы қалалық кітапхананың бөлім меңгерушісі.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.