МАҚТААРАЛ 2 НОМИНАЦИЯ БОЙЫНША «ОЗАТ АУДАН» АТАНДЫ

Түркістан облысында «ALTYN KUZ-2019» мерекесі мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні жоғары деңгейде аталып өтті. Мерекелік шараға ауыл шаруашылық еңбеккерлері мен шаруа қожалық төрағалары, депутаттар мен аудан-қала əкімдері қатысты.

Жиында сөз алған облыс əкімінің орынбасары Ұлан Тəжібаев барша аграрлық сала еңбеккерлерін жылдық қорытынды мерекемен құттықтап, салада жоғары нəтиже көрсеткен аудан-қала əкімдеріне жəне еңбек озаттарына арнайы марапаттарды табыс етті.

Жиын барысында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановқа «Өсімдік шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан озат аудан» және «Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалаудан озат аудан» номинациялары бойынша облыс әкімінің арнайы дипломы мен мерекелік сувенирі табысталды.

Ауданымыз жыл басынан бері 127,2 мың тонна бау-бақша дақылдарын экспортқа шығарып, облыстың көшін бастаған. Өнімдердің негізгі бөлігі Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропа елдеріне экспортталған. Жаз айларында Мақтаарал ауданының кіреберісіндегі логистикалық орталық жүк көліктеріне лық толды. Еуропадан және басқа да елдерден келген кәсіпкерлер үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, қонақ үй, кафе, автотұрақ, бассейн кешені мен қосалқы бөлшек дүкенінің қызметтері қарастырылған. Алдағы уақытта көкөніс сақтау қоймасы да іске қосылады. Осылайша қауын-қарбыз бизнесі Мақтаарал ауданында тұтас бір индустрияның дамуына жол ашып отыр.

Биыл ауданымызда 139 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, жоспар 1,2 есеге артығымен орындалған. Сондай-ақ, мақталы ауданда құны 240 миллион теңгені құрайтын трактор тіркемелерін құрастыратын кәсіпорын іске қосылып, тұтас облысты отандық техникамен қамтамасыз етіп отыр.

Айта кетейік, облыстық «ALTYN KUZ-2019» мерекесі барысында Мақтаарал ауданындағы «Светлана» шаруа қожалығының төрағасы Тұрсынбай Бердалиев «Озат мақта өндіруші» номинациясы бойынша облыста жеңімпаз атанды. Ол 72 гектар жерге мақта егіп, орташа 36 центнерден 260 тонна өнім алған.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.