ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮҒА НЕГЕ ҚҰМБЫЛ ЕМЕСПІЗ?

Сан ғасырларда кісінің көлденең жатқан жібін көтеріп алуды білмеген халқымыздың сыбайлас жемқорлыққа кеткен елдердің алдыңғы қатарынан табылуы бізді намыстандырмай ма? Ұлы бабаларымыздан қалған «Қазақ – итің ұры десе намыстанған» деген ата аманаты бүгінде шыбын шаққандай болмай қалса, демек, күні кеше ұлы хан Абылайдың түсінен шошып: «Ұрпағым майдалана келе бақа-шаянға айналатын болағаны ма?» — деп «аһ» ұруының тегін болмағаны ма? Сан мың жылдарды түрме салмай өткізіп, сан ғасырларда есігіне құлып салуды білмеген қазақтың бүгінгі ұрпағы ұлт құндылығынан айырылғандықтан, мына күн қысқарған заманның сұмдығына тап болғанын сезіне ме, өзі? Тегі таза болып келген қазақтың қазіргі ұрпағы өз елінің, ұлтының ортақ қазынасын тонауға шыққан дегеніміз сенімсіздеу болғанымен, амал не, өмір көрінісінің шындығы солай болып тұр ғой.

Өз мемлекетімізді тонау, сыбайлас жемқорлыққа бару, пара алудың біздің елімізге соңғы 30-40 жылда дендеп ене бастағаны баршамызға аян. Біздің өзіміздің құрған капитал қоғамын онсыз өмір сүре алмайтындай сезіндік-ау, шамасы.

Өзгелерден үйренген жабайы нарығымызды жетектегенде ел ішінде беталдылыққа орын бердік.

Сөйтіп, «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» аяғы ақша табу үшін кез-келгенімізге ұрлыққа баруға мүмкіндік бергендей болып шықты. Бұл қатерлі дерт елімізде бел алып кеткені сонша – енді өте қатаң да, әділетті, батыл шара көруді қолға алудан басқа амал қалмағандай. Қабылдаған заңдарымыз ел сенімін ақтамай жатыр. Сол заңдарымызда осы сыбайлас жемқорлықтың жойылып кетпеуіне бір алаңдаушылық бардай көрінеді.

Қараңыз, ірі лауазым иесі елдің ортақ қазынасына қол салып, халықтың миллиардтаған қаржысының талан-тараж болуына жеткізіп, одан жүздеген миллион теңге бюджет қаржысының жеке қалтасына түсуіне дейін барады. Ұрлық фактісі анықталады, сот болады. Соңында мемлекеттің қаржысын ұрлаған адам 10-15, кейде жүздеген миллион теңге айыппұл төлеп, бостандыққа шығып кетеді. Қазір мемлекеттің ақшасын ұрлаушылар ғана емес, пара алудың сорақылығына барғандар да айыппұл төлеп, бостандыққа шығып кете беретін болды.

Дәулеттің қазынасын тонап жүргендердің айыппұл төлеп жазадан құтылып кететін елде жемқорлық жойылды дегенге кім сенеді? Бала да сенбейді. Адам айыппұл төлегеннен кейін ұрлық жасамайтынын айтсақ, баланың өзі «қумашы» дейтін шығар.

Халқының қазынасын тонағандардың орны түрме емес пе? Түрмеде отыратындар өзінің ұрлап алған ақшасынан айыппұл төлеп, бостандықта жүретін болса, елдің үшін ұрандатып, сыбайлас жемқорлықты тоқтатамыз деу қаншалықты қисынды. Өз еліңді тонау ең ауыр қылмыс емес пе? Неге біз ең ауыр қылмысқа жеңіл жаза көруге мүдделіміз? Сыбайлас жемқорлықпен сотталғандарға айыппұл төлетіп, бостандыққа жіберуге қабылдаған заңнамаға да өзгеріс жасау керек дегенді неге айта алмаймыз? Қылмыскерге айыппұл төлетіп, бостандыққа жіберудің сыбайлас жемқорлықтың азаюына әсерін тигізгенін дәйекті дәлелдермен көрсеткен адам бар ма? Біздің осы тірлігімізді талай елдердің күлкі ете алатынын шынымен сезбегеніміз бе?

Ал енді сыбайлас жемқорлықпен күрестің “жарапазанын” күндіз-түні, орынды-орынсыз айтып, оның да қадірін кетірдік. Сыбайлас жемқорлықпен күресті балалар бақшасының “утреннигінен” бастап, оны мектептердің бір пәні етіп жібергендейміз. Қайта, бейкүнә жасөспірім мұндай сұмдықтардан құлағдар болмай, таза өсуге тиісті емес пе?

Сыбайлас жемқорлық айтылмайтын жер, сөз болмайтын жиын жоқ. Оның насихатына қанша миллиондаған бюджет қаржысы жұмсалмай жатыр. Мемлекетімізді тонауды жеңіл жаза, құрғақ насихатпен тоқтатамыз деп өз бала-шағамызға өзіміз күлкі болған сияқтымыз.

Жемқорлықпен күресті жүргізетін бізде заң органдары да, оның сақырлап жүрген штаттары да жеткілікті. Жыл өткен сайын оның оң нәтижесін көрер емеспіз.  Жемқорлықпен күрес – жалпыхалықтық міндет деп, қала берді сыйақымен жарылқайтын болып, ел-жұрттың да басын қатырдық.

Сыбайлас жемқорлық фактісін халық көтермей отырған жоқ. Арызда көрсетіледі, БАҚ беттерінде жазылады. Рас болып жатқанның өзінде арыздың біреуінің де шындығы ашылмайды. Бар мәселе заң органы қызметкерлерінің кабинетінде шешіледі. Оны қарапайым халық өте жақсы біледі. Халық ел байлығын ұрлағандар түгілі, күні ертең кімнің не ұрлайтынына дейін айтып бере алады.

Қысқасы, елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін жаңа қырынан қарайтын уақыттың жеткені анық. Әсіресе айыппұл дегенді асқақтатып, өскелең ұрпақтың алдында ұятқа қалмайықшы.

О.ҚАЛТАСОВ. 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.