АФРИКАЛЫҚТАРДЫҢ ДА ЖЕРІ БАЙ, ЕЛІ КЕДЕЙ ЕКЕНІН ОЙЛАП ҚОЯЙЫҚ

Камал СМАЙЫЛОВ

Газет беті – дастархан үсті емес. Үйде, оңашада айтылатын сөзді тікелей газет бетіне шығаруға, эфирде айтуға болмайды. Ол – жариялылық емес, өсек тасығандық, өзара өш алғандық. Шындық сонда қандай болады? Қарама-қарсы екі пікірді салыстырып, екеуін де жұртқа таныстырып, қайсысының ақ-қара екенін айқындап алыңыз деген – бәрінен де дұрыс. Екі жағдайда екі ой-пікірдің екеуі де нағыз шындық болмай шығады. Сонда шындықты екеуінің ортасынан іздеген дұрыс. Халық айтқандай, шындық әдетте ортада жатады. Екі пікірді де оқығаннан кейін, шындықты оқушының өзі тауып алады. Сол ортадан табады.

Адалдық, шындық, әділдік деген қасиеттер ғой адамның үш тағаны. Әр адамның іс-әрекетіне, қимыл-қарекетіне осы үш тұрғыдан қарау, көру керек. Ал қайраткер адамдарға бұл тұрғыда талап одан да жоғары, қатаң болуға тиіс.

*   *   *

Жер туралы реформа жасаймыз деп жерді жаппай сатуға жол ашатын (қазір де біраз жерлер сатылып кеткен, кен орындары шетелдіктерге, қалаларда – бәріне) жоба ұсынылды. Оған зиялылар қарсы шықты.

Еңбек туралы заң қабылдады. Оның не жеңілдік әкелетіні белгісіз. Еңбек жоқ елде, жұмыс жоқ жерде Еңбек туралы заң қалай қызмет етпек? Мемлекет меншігінде ауыр өнеркәсіптің 15 пайызы ғана қалған. Оның ешкімге еш билігі жоқ, шетелдік алпауыттар біздің заңымызға пысқырмайды да.

*   *   *

Ауылдағы, алыс аудандардағы қазақтардың басты жұмысы да, тұрмысы да қойға байланысты. Қойсыз өмір жоқ. Амал қанша, соңғы жылдары ірі шаруашылықтар ыдырап, орнына құрылған ұсақ шаруалар малға ие бола алмай, тұрмыс тауқыметіне шыдамай қолындағы бар малды сойып, сатып жіберді. Сөйтіп, төрт жыл ішінде бұрынғы 36 миллион қойдан 12 миллион ғана қалды. Сонша қолда тұрған қазынадан айырылған обал!

«Осынша қой керек пе бізге?! Қойды санамаңдар, түгендемеңдер, олардың пайдасынан зияны көп» дейді басшылар.

*   *   *

Қазір егінжай аумағын 30-40 миллион гектарға жеткізуге болады. Егіс көлемі   жағынан Қазақстан – Үнді, Ресей, АҚШ, Қытай, Канададан кейінгі 6-орынды алады. Бізде суармалы, құнарлы жерлер – бәрін қосса 50 миллион гектар болады. Тыңайтқышы жеткілікті болса, топырақты жанашыр қолмен өңдесе, егінжайды таза ұстаса, мүмкіндігінше су берсе, онда дақылдың бір гектарынан 50 центнер (жұрт 80-100-ден алады) өнімді еркін алуға болар еді. Оған топырақтың күші жетеді. Сонда 50 миллион гектар жерден бір жылда 250 миллион тонна астық алар едік. Бір адамға бір жылға 250 кг азық қажет деп есептесек, сонда біздің даламыздан жиналған астық бір миллиард адамға жетеді екен! Міне, Қазақстанның мүмкіндігі қандай! Бұл – егер шындап, ақылмен қолға алса, аса алыс мәселе емес! Ол фосфор тыңайтқышы (Қаратауда жетіп жатыр), топырақты аудармай өңдейтін техника, асыл дән тұқымы, арам шөпке қарсы химикат, аздаған су болса, әбден орындалар нысана.

*   *   *

Қазақстанның қазына байлығы құнды. Қазір табылған, ашылған, есептелген    қазба байлықтың барлық құны 3,7 триллион доллар болады екен. Геологтардың есебінше барлық болжамды қазына-байлықтар 10 триллион долларға барады. Нақты сезіну үшін бір дерек келтірейін. Осы байлық әр адамға шаққанда жарты миллион доллардан келеді екен. Бірақ бұл әлі жер астында жатқан қазына. Оны алатын да, пайдаланатын да ХХІ ғасыр адамдары болады. Есте болсын: африкалықтардың да жері бай, елі кедей екенін ойлап қояйық.

*   *   *

Үкімет: «Халықты ашықтырмаймыз, қажет тағамды шетелдерден алып келеміз: әрі сапалы, әрі арзанға түседі» дейді. Жұрт малын көбейте алмай жатса, біз сонша қой керек пе деп азайтып жатырмыз. Біз қазір өз шаруаларымызға жұмыс тауып (жұмыс істейтін жағдай жасап) бере алмай отырып, Голландияның, Францияның, Американың шаруаларын асырап жатырмыз. Оларда өнімді шығару емес, өткізу-сату проблема ғой. Өткен жылы шетелдерден ет, сүт, жұмыртқа сатып алуға жұмсалған миллиондаған долларды неге өз шаруаларымызға – фермерлерімізге бермейміз? Осы бір өте түсініксіз жәй!

*   *   *

Американдықтар құстың кеуде етін өздері жейді де, сыйдиған сирақтарын бізге жібереді екен. Ал, өзіміздегі 50 миллион бас құсты жемсіз, күтімсіз қалдырып, 20 миллионға түсірдік. Қандай обал десеңізші! Шетелдерге берген қаржыға сол құсқа неге жем әпермедік? Әне бір жылы егін жақсы шығып, 16 миллион тонна астық қызылдағанда, «онша астық қажет емес, бұдан азы да жетеді» деп айтқанбыз. Енді қарасақ, сол астықты алтынға алушылар көбейіп жатыр…

*   *   *

Бір күрт кеміп, жартысынан аз ғана қалған қой басы енді қайтып көбеймейді. Сол алдындағы 20 миллионға жуық қойынан айырылған қойшылар таяқ ұстап қаңғырып қалды.

«Қанша қойшы жұмыссыз қалды? Оның есептейтін ештеңесі жоқ. Сол жойылған 43 мың отарды бағатын 130 мың қойшы жұмыссыз қалған. Олардың отбасында күн көріп отырған адамдардың саны (бір үйде 7-8 адамнан десек) бір миллионға жақындайды екен. Олар енді қайда барып, не жұмыс істеп, қайтіп күн көреді?

Өткен жылы ауылдан 275 мың адам көшіп кетіпті. Бұл да кемі бір жарым миллион адам! Олар босып қалаға келеді. Қалалардың өзінде қазір бір миллионға жуық адам жұмыссыз жүр. Алматыда, Сейфуллин көшесінің бойында арықты жағалап отырған жас жігіттерді көрдің ғой. Солар «біреу келіп алып кетер ме» деп, жұмыс күтіп отырғандар.

*   *   *

Инфляцияны тежейміз деп бір кезде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға айналмалы қаражат бермей сорлаттық. Соны қайта қозғамай, жандандырмай жағдай түзелмейді. Өз өндірісіміз өліп бара жатыр. Ауылдағы шаруашылықтарды жекешелендіреміз деп өзіміз қолдан үш жыл бойы таратқанымыз бүгін көрініп отыр. Қаншама дүрілдеп тұрған шаруашылықтар қолдан бөлшектенді, әлсіреді. Енді бүгін Премьер: «Мықты ұжымшар-кеңшарларды тарат деп кім жарлық берді?» деп депутаттарға сұрақ қояды. Бұл – не? Ештеңені білмегендік пе, әлде жалтарғандық па?

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.