ӨЛЕҢГЕ ӘРКІМНІҢ-АҚ БАР ТАЛАСЫ

Өлең мен қазақ егіз. “Түйеге мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі” дейді дана халқымыз. Өңірімізде де пайғамбар жасынан асып, жас буынға ғибратты ғұмырымен үлгі-өнеге болып, қаламын жанына серік етіп жүрген ел ағалары аз емес. Солардың бірі – қазығұрттық қария Ерубай Қаппар. Біз де оқырман шығармашылығына орын бере отырып, айтары бар ақсақалдың халық ауыз әдебиеті сарынындағы өлеңдерін ұсынып отырмыз.

 

Желбір жекен, тағы да желбір жекен,

Жекенді желбіретіп қой жейді екен.

Құдай айдап осындай кез келгенде,

Өлең айтып кетсеңіз қайтер екен.

 

Әр баланың қолында бір шақылдақ,

Ауызды ашсам барады тіл тақылдап.

Құдай айдап осындай кездескенде,

Шабандоздың атындай кел жақындап.

 

Майда бетті, тағы да майда бетті,

Майда беттен кекілік сайрап өтті.

Өлең десе ешқашан тайынбайтын

Сол әдетің, қарағым, қайда кетті?!

 

Әуелім шоқ, тағы да әуелім шоқ,

Пілте басса заулайды қорғасын оқ.

Олай айтсам көнбейсің, былай айтсам,

Сен сияқты қазақты көргенім жоқ.

 

Айғандарым, тағы да айғандарым,

Ақ орамал басына жайғандарым.

Құдай айдап осындай кез келгенде,

Жаңылдырма тілімді Пайғамбарым.

 

Қайың құрық, тағы да қайың құрық.

Құрығымды сындырдым тайымды ұрып.

Бергеніңнің көрейін бетін ашып,

Көргенсіздей кетпейін қойынға ұрып.

 

Ала құнан, тағы да ала құнан,

Жел соғады қыздардың балағынан.

Сенесің бе білмеймін, сенбейсің бе,

Ғашық болып қалыппын өзім саған.

 

Күйген көмір, тағы да күйген көмір,

Қос аттыға жеткізбес өткен өмір.

Оралыңның барында ойна да күл,

Жанарынан жалғанның от көре біл.

 

Бұл Келестің аяғы Шарапхана,

Қыздар шашын өреді тарап қана.

Суретіңді берсейші тым болмаса,

Сағынғанда жүрейін қарап қана.

*   *   *

Қарағым, айналайын хал жақсы ма?

Көзіңді сала берме әр жақсыға.

Көзіңді сала берсең әр жақсыға,

Бір күні кездесерсің албастыға.

 

Әуелім кер, тағы да әуелім кер,

Кейде жолың болады, кейде арам тер.

Расымен көңіліңіз менде болса,

Көп ішінде көтеріп қолыңды бер.

 

Қара батыр, тағы да қара батыр,

Қыздар тойға жиылып далада тұр.

Тілім бар деп қоймадың, қарақтарым,

Аманатың алдыңа бара жатыр.

*   *   *

Тор жорғаны жайымен тепеңдетіп,

Сенің аулың күйдірді төмен кетіп.

Күнде мұндай кезіміз келе бермес,

Осы топқа келіппіз өлеңдетіп.

 

Сені Құдай жаратты айдай қылып,

Алақанға еріткен майдай қылып.

Төңірегің қоршаулы төбең ашаң,

Қолымды жеткіземін қандай ғылып?!

 

Шырынбайдың малындай малың болсын,

Қалшыбектің талындай талың болсын.

Мен бір бата беремін қолыңды жай,

Отыз ұлың, осырақ шалың болсын.

 *   *   *

Сәрсенбінің сәтіне той қылыпсың,

Тойыңа торы бие сойғызыпсың.

Барған жерде, қарағым, бағыңды ашсын,

Кетемін деп бір жаққа ой қылыпсың.

 

Сен қайдағы құдаша мен қайдағы,

Мен де өзіңдей біреудің сүр бойдағы.

Тапсаң тәуір өлеңнің тазасын айт,

Іштің шері тарқасын қай қайдағы.

 

Өлең-ай деп, тағы да өлең-ай деп,

Өлеңіме ат қойдым Төлебай деп.

Біздерден қалағаның өлең болса,

Өлеңменен шақырдым келе ғой деп.

*   *   *

Бір ауылды атаймыз Ынталы деп,

Жігіттердің өлеңге ынтасы көп.

Құдай айдап осындай кез келгенде,

Өлеңді ақ жүректен ақтарып ек.

Біздің атты сұрасаң Қаппар-Жаппар,

Өлеңге де біздерде махаббат бар.

Ешқашан өлеңді біз қызғанбаймыз,

Жырымды жадыңа ұстап үйіңе апар.

 

Әбіш бидің жиені біз едік қой,

Біз сияқты жиенді бір біліп қой.

Құдай айдап осындай кез келгенде,

Жиенін бұл бағыстың бір байқап қой.

 

Ерекеңнің сүргені өмір шығар,

Тірлігіне істеген көңіл толар.

Күнде мұндай кезіміз келе бермес,

Жібектейін мінәйім өлең шығар.

*   *   *

Ана қырға шығасың, мына қырға,

Қызыл ала жүн шығар қырғауылға.

Жақтырмасаң келерсің ертең қайтып,

Бізбен бірге ілесіп жүр ауылға.

 

Көзілдірік, тағы да көзілдірік,

Көк дөненге жарасар өмілдірік.

Күнде мұндай кезіміз келе бермес,

Өлеңіңді айта бер төгілдіріп.

 

Бисмилләшар, тағы да бисмиләшар,

Бисмилләні білмейді кейбір нашар.

Бисмилләға тіліңді үш келтірсең,

Шайтан қашып, пейішке орын ашар.

 

Отыз үйлі оймауыт, қырық үй бағыс,

Бел аржағын жайлаған сиқым-жаныс.

Құдай айдап осындай кез келгенде,

Бұдан былай болайық біз де таныс.

*   *   *

Екі ауылдың арасы бүрген шығар,

Етегін жаяу адам түрген шығар.

Құдай айдап осындай кез келгенде,

Қызығы бұл өмірдің күлген шығар.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.