АДАМДЫ ҚҰДАЙ КҮЛКІ ҚЫЛМАСЫН

Қазақ осы бір сөзден аза бойы қаза тұрған. Адамдардың өздерін-өзі «маймыл» еткен масқаралықтарына өлердей намыстанған. Ұлы Абайдың жүрегін ауыртқан «Бас-басына би болған өңкей қиқым» ел тізгініне ие болған мына заманда қазақтың намысына тию түк болмай қалды. Күні кеше 56 мектептің директорын түрмеге апарып, сыбайлас жемқорлық жасамауға тәрбилемек болып, Шымкенттің бір масқарасын шығардық. Өзгелерге күлкі болғанымызды айтып, шырылдап шыға келдік. Ұлттық идеологиядан мақұрым қалған бүгінгінің «данышпан» шенділері Шымкенттіктерді артта қалған Африканың «жабайыларына» ұқсатқан қаладағы 4 ауданның әкімін, 29 басқарма басшыларын түрмеге апарып, тағы да айды аспанға шығарғандай болыпты. Масқара-ай! Жүздеген адамды басқарып, мыңдаған адамның тағдырына жауапкершілікті арқалаған адам түрмені көріп, сыбайлас жемқорлық жасамауды үйренсе, онда жетіскен екенбіз. Кеше Ант беріп, жоғары лауазым иесі болған азаматымыз бүгін түрмеге кіріп, ел қазынасын ұрлауға дәріс алып жүрсе, сонда біз кімге сеніп отырмыз?

Бұл мемлекеттік деңгейде берілген тапсырма емес. Бұл – өзі басқаратын мекемеге өзін «қотыр қожайындай» сезініп, мекемені жекеменшік «фирмам» деп есептейтін таяз ойлының дарақылығы.

Мектеп директорларын түрмеге апарғанда жеңіл ойлы журналистсымақ біреу «сенсация» тапқанына мәз болып, «дұрыс тірлік» екен деп жіберіп еді, идеологияның иісі мұрнына бармайтын «шекпенділер» БҰҰ-дан қолдау тапқандай екі қолдарын ысқылап, мемқызметтің қаймағын түрмеге айдап барыпты.

Екі-үш күн қонуға алып қалмағанына шүкір. Бір желөкпе айтып қалса, оны да істейді-ау. Осы іс-шараның кезінде «сенсацияға» алақайлап жүргендердің біреуі «финполдың» қызметкеріне салмақты бір сауал қоя алмайды. Мектептің оқушысы болса, сұрақ қойғанда әлтек-тәлкегін шығарып жібереді. Сонда ғана ол республикалық телеарна ақпаратына айналар еді. Мектеп оқушысы: «Мемлекеттің миллиардтаған қаржысын ұрлағандар түрмеге отырмай, айыппұл төлеп құтылып кетіп жатқанда сіздердің күрестеріңіз жемқорлықты жоюы мүмкін бе?» -деп сұрайтын еді. Немесе: «Жемқорлықты толық жою үшін заңды қатайтып, сотталушыға кешірім бермеу туралы өз ұсыныстарыңызды Парламентке, Президентке қашан бердіңіздер? Не жауап алдыңыздар? «Финпол» ел сенімін ақтады ма? Басы артық құрылым етпей, прокуратураға, полицияға қоса салса, болмайтын ба еді? Жемқор түрмеге отырмаған елде, оның түбіріне балта шабу ертегі болып кетпей ме?» -деп өзекті мәселенің өткір сұрағы қойылып кетер еді-ау. Журналистсымақтың түрмеге кірген азаматқа: «Түйген ой болды ма сіз үшін?» -деген сұрағына: «Жоқ, жоқ, ештеңе болған жоқ» — деген жауабы Шымкент қалалық департаментінің жұртты «шулатып» жүрген іс-шарасының нәтижесін көрсеткендей болды.

Қала тұрғындары арасында «Шымкент – адалдық алаңы» деген ұран шықты ғой, «финполдар» түрмені барлығымызға көрсетеді екен» деген жел сөзді есіткен құлақта жазық жоқ шығар. Баланың ойына келмейтін қызықтарды көре тұрамыз да босқа жүргенше.

 Әділ Мұратбеков.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.