ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ҰЛЫ АБАЙДАН БАСТАУ АЛАДЫ

Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай ел ішінде ауқымды дүниелер жасалынып жатыр. Оның айқын дәлелі – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тақырыбымен жақында ғана баспа бетінде жарық көрген  мақаласы. Ұлы ақын, ғұлама Абайды дәріптеу арқылы рухани тұрғыдан дамитынымызды алға тартқан Мемлекет басшысының мақаласы  Абай мұрасын халық жадында  тағы бір зерделеуге мүмкіндік береді. Онда ақынға деген зор құрмет ұрпақ тәрбиелеудің тиімді тәсілі екендігін айтылып, осы орайда халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.

Өткен жылы Абай шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы басталып, ақын өлеңдері Қазақстанды ғана емес, әлемді шарлаған еді. Соның арқасында ұлт болмысы мен бітімін бейнелейтін Абай туындылары ғаламтор желісі арқылы әлемнің сан тарабынан оқылды. 175 жылдық аясында ұлы ақын  туралы деректі фильм мен телесериал түсіріліп, биылғы жылғы әдеби сыйлықтар енді “Абай атындағы мемлекеттік сыйлық” деп берілетіні мәлім болды.

Қаламгер шығармаларындағы  ғылым мен білім тақырыбына  талдау жасаған Мемлекет басшысы ақын тұжырымдары қазір де өзектілігін жоймағанын жазды.

«Білім беру саласын заманға сай дамыту керек деген Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы да осы бағыттағы игі бастамалардың бірі екендігін атап өтті. «Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз» делінген мақала жолдары ақын шығармаларының маңызы осы заманда да жойылмағандығын айғақтап отыр.

Интеллектуалды ұлт болып қалыптасу идеясының төркіні Абайдан бастау алады.  Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Президент мақаласында қазақтың рухани және мәдени әлемін әлемге Абай арқылы таныту туралы мәселе көтерілген, яғни Абай шығармаларының көмегімен барлық елге қазақтың мәдениетін танытуға болады деген сөз.  Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық сананы жаңғырту мен бәсекеге қабілетті ел болу үшін Абай шығармаларын оқу керектігіне тоқталды. Абайдың қоғамдағы түрлі мәселелерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Сондықтан да Мемлекет басшысы әр шаңырақта Абайдың  кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп тапсырды.  Президент еліміздің әр азаматын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын атап өту аясында ел мен елдік жөнінде терең ойлануға шақырды.

Айдана Ораз,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжінің оқытушысы.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.