ЖАҢА БАҒДАРЛАМА ДАЯРЛАНУДА

Таяуда Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасымен «Қамқорлық» атты аймақтық бағдарлама дайындалды.

Аталған бағдарлама өңіріміздегі тұрмысы төмен, көмекке аса мұқ­таж жандарға арналған. Бұл шара мемлекет тарапынан берілетін жәр­демақы мен көмектен бөлек жүзеге асады. Яғни ол тұрмыс тауқыметін тартқан жанұяларға жан-жақты қамқорлық көрсетуді көздейді. Олармен аудан, ауыл әкімдері тікелей жұмыс жүргізетін болады.

Кедейшілікте ғұмыр кешіп жатқан жандарға жергілікті қазынадан елімізде бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріндегі қаражат бөлініп, отбасының еңбекке қауқары бар мүшелері жұмысқа тартылады. Оларды анықтау үшін арнайы комиссия да құрылып, оның құрамына ауыл ақсақалдары мен жергілікті белсенділер де кіретін болады. Аталған шарадан демеушілер де шет қалмайды. Жиында облыс басшысы көмекке аса зәру жандардың аяққа тұрып кетуін бақылауда ұстап, ондай отбасыларды жеке аралайтынын да баса айтты.

Мәжіліс барысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы жайлы да айтылып, облыстың білім саласындағы бірқатар мәселелер талқыға салынды. Өңірде дарынды балаларға арналған 8 ауданда мектеп ашу мәселесі шешімін таппақ. Бес колледж «Жас маман» жобасына еніп, оларды негізгі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 1,6 млрд. теңге бөлінсе, 3 колледж сенімгерлік басқаруға берілуде. Мектеп оқушыларының саны да жыл сайын 20 мыңға артып келеді. Осыған орай бірқатар аудандарда жаңа мектептер салу мәселесі өзекті екені де сөз болды. Компьютермен қамтамасыз ету мәселесі де көтеріліп, мектептерде қосымша білім беру мақсатында спорт үйірмелері мен Оқушылар сарайлары ашылатын болды. Өңір басшысы барлық аудан әкімдеріне білім саласына көңіл бөліп, маңызды мәселелерді шешуді тапсырды.

   «Қазақстан жолы» – ақпарат.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.