АУДАН БАСШЫСЫ Ж.НҰРЛЫБАЕВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫНА ЕСЕП БЕРДІ

Ел Президентінің Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Асанов Бақыт Насырханұлы Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің тұрғындарына 2019 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстары туралы есеп берді.

Аудан әкімінің есебіне атқарушы органдардың басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен дәрігерлер, қоғамдық ұйымдардың басшылары, округке қарасты мекеме басшылары мен округ тұрғындары қатысты.

Ең алдымен есептік кездесуде 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы бейне-ролик көрсетілді. Мұнан соң аудан басшысы тұрғындардың алдына шығып, атқарылған жұмыстар туралы кең көлемде баяндама жасады. Жиын барысында округ тұрғындары көкейде жүрген мәселелі сұрақтарын қойып, аудан басшысы тарапынан қанағаттанарлық жауаптар алды.

Жалпы Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің аумағындағы барлық елді мекендердің ауыз су жүйелері толық жөндеуден өткен. 2019 жылы округке қарасты Өркен ауылында медициналық пункт пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 1010 метр көше күрделі жөндеуден өтіп,  1650 метр ішкі көшелерге асфальт, 5150 метрге тас төселген.

Ауылдық округке қарасты Мырзатөбе, Өнімкер, Қарақыр және Ынталы ауылдарының орталық көшелері жарықтандырылған. Сондай-ақ, Мырзатөбе ауылы және Ырысты ауылының 224 дана ескі ағаш бағаналары жаңа бетон бағаналарға ауыстырылған.

 Өткен жылы округ аумағындағы М-39 «Ташкент-Термез» бағытындағы «Сапар», «Достық» базарларының маңын абаттандыру, көркейту, көгалдандыру үшін тиісті қаржылар бөлініп, қыруар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, базарлардың аймағы қоршалып, жарық шамдар орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жасалған.

Айта кетейік, есептік жиын барысында Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің тұрғындары негізінен газ, ағын су, ауыл шаруашылығы мәселелері мен кадр саясатын көтерді. Аудан әкімі тұщымды жауабымен тұрғындардың көңілінен шығып, тұрғындар тарапынан «қанағаттанарлық» деген баға алды.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.