МАҚТААРАЛДЫҢ ӘКІМІ «ҚАМҚОРЛЫҚ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА КЕДЕЙШІЛІКТІ КӨРІП ОТЫРҒАН ТАҒЫ 2 ОТБАСЫҒА БАРДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрмыс жағдайы өте төмен отбасыларды түгел анықтап, оларға жүйелі көмек көрсету мақсатында «Қамқорлық» кешенді бағдарламасын ұсынған болатын. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында Мақтаарал ауданында аса көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі жасақталды.

Аудан әкімі Бақыт Асанов бастаған жұмысшы топ облыстық және аудандық бюджет есебінен, демеушілер және қайырымдылық қорлар арқылы кедей отбасының әрбір мүшесіне медициналық көмек, жұмысқа орналастыру, азық-түлік пен тұрмыстық заттар әперу, білім алу және өзге де мәселелер бойынша тұрақты көмек көрсетіп, олардың еңсе тіктеулеріне жағдай жасайтын болады.

Бүгін өңір басшысы Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің тұрғындарына 2019 жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп беру жиынынан бұрын аталған округке қарасты Өнімкер ауылында тұратын Жұмановтар отбасына барды.

Жалғыз басты көп балалы ана Алмагүл Жұманова қазіргі таңда жұмыссыз. Күйеуі 2019 жылы қайтыс болған. Тұрып жатқан үйі өзінің атында емес. Үкіметтен алатын 42 мың теңге жәрдемақымен балаларын асырап отыр. Мектепте оқитын екі ұлы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Сондай-ақ, бір ұлы мен бір қызы бала бақшада тегін тәрбиеленуде.

Аудан басшысы Алмагүлдің отбасылық жағдайымен толық танысып, оларды кедейшіліктен құтқару үшін және баспанамен қамтамасыз ету үшін тиісті тапсырмаларды берді. Сондай-ақ, бір айға жететін азық-түлікпен қаматамасыз етіп, алдағы уақытта тұрақты түрде демеушілер есебінен азық-түлік жеткізіліп тұратынын айтты.

Бақыт Насырханұлы түстен кейін өткен Жаңажол ауылдық округінің тұрғындарына берген есептік кездесуінен соң Ақжол ауылында тұратын Юсуповтар отбасына да барды.

Жалғыз басты ана Құрбанай Әшірқұлова бір бөлмелі үйшікте 1 ұл мен 2 қызды бағып отыр. Күйеуі 10 жыл бұрын қайтыс болған. Тұрақты жұмысы жоқ. 2019 жылы 390 мың теңге атаулы әлеуметтік көмекті алған. Тұрғын үй салу үшін іргетасын қалап қойған. Ендігі арманы — сол бастаған үйінің құрылысын аяқтап, бала-шағасымен жаңа баспанаға кіріп алу.

Құрбанайдың отбасылық жағдайымен танысқан аудан басшысы ең алдымен үйдің құжаттарын реттеу үшін аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысына тапсырма берді. Сондай-ақ, азық-түлікпен қамтамасыз етуді жолға қойып, құрылыс материалдарына көмек беру керектігін де тілге тиек етті.

Айта кетейік, «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша құрылған жұмыс тобы аталған отбасыларды аяққа тұрғызғанша жұмыс жасайтын болады.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.