АУДАН БАСШЫСЫ ЕҢБЕКШІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫНА ЕСЕП БЕРДІ

Ел Президентінің Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Асанов Бақыт Насырханұлы Еңбекші ауылдық округінің тұрғындарына 2019 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстары туралы есеп берді.

Ең алдымен есептік кездесуде 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы бейне-ролик көрсетілді. Мұнан соң аудан басшысы тұрғындардың алдына шығып, атқарылған жұмыстар туралы кең көлемде баяндама жасады. Жиын барысында округ тұрғындары көкейде жүрген мәселелі сұрақтарын қойып, аудан басшысы тарапынан қанағаттанарлық жауаптар алды.

Еңбекші ауылдық округі аумағында ауыз су есептегіш құралдары толығымен орнатылып, тұрғындар 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы 11 көшеге тас төселіп, топырақты көшелердің саны айтарлықтай азайған. Сонымен қатар, округке қарасты Жантақсай ауылынан мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында 30 миллион теңгеге жаңадан медициналық пункт салынып, пайдалануға берілген.

«Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру — 2» жобасының бірінші кезеңі дәл осы Еңбекшіден басталып, аталған жоба аясында «Ғибрат-құрылыс» ЖШС-нің темір-бетон өндіріс зауыты іске қосылған болатын. Еңбекшінің көптеген азаматтары аталған өндіріс орнының арқасында жұмысқа орналасып, отбасын бағып отыр.

Құны 200 миллион теңгені құрайтын зауыт  айына 25-30 миллион теңгенің дайын өнімін шығаруда. Түркияның «Умман» фирмасына тиесілі алып қондырғы сағатына 60 куб дайын бетон шығаруға қауқарлы.

Айта кетейік, есептік жиын барысында Еңбекші ауылдық округінің тұрғындары негізінен газ, ағын су, ауыл шаруашылығы мәселелерін көтерді. Аудан әкімі тұщымды жауабымен жиынға қатысушылардың көңілінен шығып, тұрғындап  тарапынан «қанағаттанарлық» деген баға алды.

Округтің орталығындағы «Абай» атындағы жалпы орта мектепте өткен есептік жиыннан соң Ұлы ақынның 175 жылдығына орай аудан әкімі Бақыт Насырханұлы бастаған топ А.Құнанбаевтың ескерткіші орнатылмақшы болған жерге шырша егіп, ақынның мерейтойына дайындық жұмыстарын бастап жіберді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.