ӘКЕНІ ӨЗІ ТАҢДАДЫ

Мен Азаматпен танысқан кезде жасым небәрі 17-де болатын. Ол кезде 25 жастағы, оқу бітіріп келген Азаматқа ауылдағы жалғыз дәрігер ретінде де, жай ғана сымбатты жігіт ретінде де көз салып, қырындамаған қыз жоқ шығар. Бірақ, мен шынымен де ес-түссіз ғашық болдым. Мен ол үшін бүкіл өмірімді құрбан етуге дайын едім…

Көп өтпей Азамат қаладан бір қызды алып келді. Тойлары болған күні мен түні бойы еңіреп жылап шықтым. Алғашқы сәбилері дүниеге келгенде де бар өмірім құрдымға кетіп бара жатқандай қатты қиналдым. Бірақ, бәрібір одан бас тарта алмадым, оны ес-түссіз сүйе бердім. Күндердің күнінде оның мендік болатынына сенбесем де, одан үмітімді үзбедім…

Ақыры оны біржола ұмыту үшін оқуымды сырттай оқып бітірген соң, ауылдан кетіп, қалаға жұмысқа тұрдым. Бәрі жақсы еді. Өзім құралпы қыз-жігіттермен араласып, оны мүлде дерлік еске алмайтын болдым. Бір күні оны қайта жолықтырғанша…

Екеуміз мен жұмыс істейтін мекемеде кездесіп қалдық. Бір ауылдан болған соң жағдай сұрап, шүйіркелесе кеттік. Ол мені дәмханаға түскі асқа шақырды. Мен келістім.

Азамат әйелінің қалауымен жақында қалаға көшіп келген екен. Бірақ, мұнда келген соң әйелі балаларын алып, кетіп қалыпты. Қазір Азамат жалғыз әрі жұмыссыз жүрген көрінеді.

Оған жаным ашыды. Рас, бұрынғы махаббаттың орнын аяушылық басқан сияқты. Оған қалайда көмектескім келді. Өзімнің онсыз да болмашы жалақымнан жырымдап, оған азық-түлік апарып, ыстық ас дайындап беру, кір киімдерін жуу, үйін жинастыру менің міндетіме айналды. Ол да қой демеді. Бірте-бірте арамыз жақындап, көңіл қостық…

Мен некесіз жар төсегінің арам екенін жақсы түсіндім, бірақ одан бас тарта алмадым. Ол менің бала махаббатым, қол жетпес арманым болатын. Сол арманым енді менің жанымда. Енді одан айырылып қалғым келмеді. Өйткені, мен үйлену туралы сөз қозғай бастасам, ол бір рет от басқанын, енді қайтадан опық жегісі келмейтінін айтып, ыршып түседі. Сондықтан, оны асықтырмай, күте тұрайын деп ойладым. Сөйтіп, үйдегілерге білдірмей, қалада онымен бірге тұрғаныма мәз болып жүріп жаттым…

Күндердің күнінде ол әйелімен қайта табысып, мені тастап кетті… Кімге өкпелейін? Бәріне өзім кінәлімін. Ессіз махаббатымның жетегінде жүріп, ақылыма құлақ аспадым. Оның алғаш бетін ашқан жары мен екі баласының жанында мен кіммін? Осылай боларын әуелден түсінуім керек еді…

Аяғым ауыр екенін Азамат кеткен соң бір-ақ білдім. Қас қылғандай, жерігім ауыр болып, қайта-қайта жұмыстан қала берген соң, одан да шығарып жіберді. Пәтерге төлейтін ақшам жоқ, тіпті ішер асым қалмады. Бірақ, қанша қиналсам да, үйге баруға бетім шыдамады.

Менің жағдайымды біреулерден естіген болуы керек, жүктілігімнің жетінші айымда анам іздеп келіп, мені ауылға алып кетті. Әкем, әрине, қатты-қатты сөздер айтты. Бірақ, кешірді. Әкем байғұс зәредей зәрі жоқ момын кісі ғой. Ал мен…

Сол үйде қызымды босанып, есімді жидым. Бәрі біртіндеп ұмытыла бастады. Бірақ, менің ол ауылда тұрғым келмеді. Өйткені, Азамат та сол ауылдың баласы. Ауылға келген сайын кездесе қалсақ, жаным қатты ауырып кетеді. Мен оған қызы туралы айтқан жоқпын, бірақ оның сезетініне сенімдімін. Тек енді одан ешкімге келіп-кетер пайда жоқ. Сондықтан, қызымды екі жасқа толысымен қалаға балабақшаға беріп, өзім қайта жұмысқа тұрып, пәтер жалдап, шығып кеттік.

Арада үш жыл өтті. Жанымды жегідей жеген ауыр ойлардан арылып, болашаққа үмітпен қарай бастадым. Жағдайым да реттеліп, өз-өзімді қолға алдым. Бұл кезде 5 жасқа келіп қалған қызым әжептәуір қолғанат, күні бойы самбырлап сөйлеп, бір сәт те жалғыздығымды сездірмейді.

Бір күні біз жалдап тұратын пәтердің су құбыры тесіліп, айналаны су алып кетті. Шақыра қоятын бірде-бір шеберді білмейді екенмін. Не істерімді білмей, басым қатып жатқанда, астыңғы қабаттағы көрші әйел келіп, айқайға басты. Осы кезде қызым шығып: «Неменеге айқайлап жатырсыз? Қазір әкем келіп жөндеп береді», — демесі бар ма? Сол-ақ екен, есіктен жауырыны қақпақтай бір жігіт кіріп келді. Қолында құрал-саймандары бар. Көзімді ашып-жұмғанша құбырды жөндеп, тап-тұйнақтай етіп берді.

Сөйтсем, бұл жігіт өзі шебер екен. Бірақ, оны басқа үй шақырған. Ал ол адасып жүріп біздің пәтерге кіріп кетіпті. Содан көрші әйелдің айқайын естіп қалып, ақыры келген соң көмектесейін деп ойлапты…

Сол шебер жігіт – қазір менің жарым. Ол керемет әке болып шықты. Қызым оны жанындай жақсы көреді. Жақында ұлды болдық. Міне, солай қызым өз әкесін өзі таңдады. «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген осы шығар.

Айман.

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.