ТҮРКІСТАНДА ТАРИХИ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ДӘРІПТЕЙТІН ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТЕДІ

Түркістан — Түркі әлемінің рухани астанасы. Біздің ортақ мақсатымыз бен басты міндеттеріміздің бірі — Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, оның ішінде буферлік, яғни, айналасындағы аймақ пен онда орналасқан археологиялық паркті халықаралық стандарттар мен ЮНЕСКО талаптарына сәйкес келтіру. Туристер мен зиярат етушілер қасиетті мекенге келіп қана қоймай, 2000 жылдық тарихын сезіне білуі керек. Бұл жайлы әлемдік мәдени және табиғи мұраларды қорғау бойынша халықаралық сарапшылардың Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездеуінде айтылды. Шетелдік қонақтар орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші, мұсылмандардың жаппай зиярат ету орнына айналған Ясауи кесенесіне әлемнің түкпір-түкпірінен туристер мен зиярат етушілердің ағылып келіп жатқанына куә болғандарын жеткізді.

Сонымен қатар, сарапшылар өткен жылы Бакуде өткен ЮНЕСКО комитетінің 43-сессиясының қорытындыларын тағы бір атап өтті. Кездесуде Қазақстан үкіметі, оның ішінде ЮНЕСКО-мен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берілді. Кездесу барысында биыл Түркістанда тұрақты туризм мен қасиетті мұраны дамыту бойынша халықаралық конференция өтетіндігі белгілі болды. Қорытындысы бойынша қасиетті мұра нысандарында тұрақты туризмді дамыту арқылы толеранттылықты, өзара түсіністік пен диалогты арттыру рөлі туралы декларация қабылданады деп күтілуде.

Конференцияның мақсаты — туристік бизнес модельдерінің дамуын ынталандыру және қажылық пен туризмнің қасиетті жерлерге қосқан үлесін ілгерілету, сондай-ақ зиярат етушілердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін және жергілікті қауымдастықтармен қасиетті жерлерде туристік менеджмент саласындағы ынтымақтастық пен ақпарат пен үздік тәжірибе алмасу желісін құру.

Сондай-ақ сарапшылар бүгінгі таңда әлемде әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлерді дәріптейтін қасиетті нысандар бар екенін атап өтті. Олардың көпшілігі жергілікті рухани және мәдени дәстүрлерге терең бойлаған. Әлемдік мұралар тізіміне енген қасиетті мекендердің 20 пайызға жуығы Ясауи кесенесімен рухани байланысты, дейді халықаралық сарапшылар.

Кездесу соңында аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы халықаралық сарапшыларға Дүниежүзілік мұра нысандарын сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстары үшін алғысын білдірді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.