ТҮРКІСТАН: БАС ДӘРІГЕРЛЕР АР ТАЗАЛЫҒЫНАН АТТАМАУҒА ҮНДЕЛДІ

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бас маманы Гүлмира Төлегенқызы облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы ұйымдастырған жиында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ақ халаттылармен өткен кездесудің негізгі мақсаты — қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және заңға енгізілген жаңа нормаларды жіті түсіндіру.

Адалдық аясында өрбіген жиынға өңірдегі бас дәрігерлер жұмыла қатысып, қоғамның түйткілді тақырыбына айналған жемқорлықтың ел әлеуетіне тигізер залалы мен зардабына құлақ түрді.

Өз кезегінде Г.Төлегенқызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларға енгізілген өзгерістерді, жемқорлықтың орын алу жағдайларын, оның алғышарттарын жою жөнінде жан-жақты түсіндіріп өтті.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық деректерінің туындауына тікелей — пара беру мен алу фактілерінің ықпал ететіндігі атап өтіліп, жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы ұсынуы ҚР Қылмыстық кодексі негізінде 3 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға алып келетіндігін тілге тиек етті.

Агенттік тарапынан жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар мен Департамент тарапынан жүргізіліп жатқан іс-шараларға тоқталып, әлеуметтік дертпен күрес жүргізуді әрбір қызметкер өзінен бастау керектігін атап өтті.

Шара соңында жиынға қатысушылар назарына қоғамдық індетке теріс көзқарас қалыптастыратын арнайы бейнеролик көрсетілді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.