Ауданның әкімі жылына 2 рет некеге тұрады ма?

Мақтаарал ауданындағы бауырларымыз дүрлігіп отыр. Дүрлікпегенде қайтеді, осыдан 5 жарым ай бұрын аудандағы Әбдүләкім мешітіне ҚМДБ Түркістан облысындағы өкіл имам М.Ақтамберді имам етіп әкелген Б.Паташаев «дүмше молдалық» уағызымен Мырзашөл өңірі мұсылмандарының шарадай басын шақшадай етіп қойған. Ол аз болса, «қой» дейтін қожасы жоқ» Б.Паташаев Нұрхан есімді жігітке өзінің «формасын» кигізіп, имам етіп тағайындаған. Сол Нұрхан намазды дұрыс оқымай, мешітке жиналған жамағат БЕСІН, АСЫР намазды қайта оқыған.

Ең сорақысы, Паташаевпен бірге Мақтааралға «періштелер» қаптайды. Ауданда кімде-кім некесін бұзып, қайта некеге тұрса, періштені көреді-мыс. Енді кімнің періште көргісі келмейді. Айдың күні аманында Мақтааралдың екі үйдің бірінде дау-жанжал, шаң-шұң.

Еркектер әйелдеріне «Некемізді бұзамыз. Қайта некеге тұрамыз, періштені көреміз» десе, әйелдері күйеулерінің қалай «періштені» көруге құмбыл бола қалғанына күдіктеніп, «майдан аша салады».

Отан – отбасыдан құралса, отбасыдан ынтымақ, береке-бірлік кетсе, «періште» іздеген біздің болашағымыз не болмақ?

Бәрінен бұрын еріккен жұрт көшеде сәлделі кісі кетіп бара жатса: «Мынау аудан әкімі Б.Асановтың үйіне, не болмаса, аудандағы бір басшының үйіне барып, соның некесін қияды» деген долбармен сүмеңдеп жүргендер көбейіп кетті деп күйінеді намысты жандар.

Ауданды дүрліктірген бұл келеңсіздік аудан басшысын «селт» еткізбейтіні түсініксіз-ақ.

PS. Ауданға ҚМДБ облыстағы өкіл имамы келгенімен көптің көңілін шығар түсінік берудің орнына айдаладағы «Ильичовкадан» Б.Паташаевтың қаптап келген «жақтастарының» қолдаған уәжіне мәз болып М.Ақтамберді кетті деген хабар келді. Неге шырылдасаң да оңтүстіктен үміт жоқ, енді амалсыз Мемлекет басшысына жүгінеміз деп жамағат отыр делінген хабарда. Ел ішіне тыныштық керек. Ауданның қамын ойлайтын тірі жан жоқ па, сонда?

Әділ Мұратбеков

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.