ЭКОЛОГИЯ МИНИСТРЛІГІ БАСШЫСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ СУ ҚОЙМАЛАРЫ МЕН СУЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖАҒДАЙЫН ТЕКСЕРДІ

Түркістан облысына іссапармен келген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев облыс басшылығымен бірге өңірдегі бірқатар аудандарда болды. Алдымен Шардара су қоймасындағы өнеркəсіптік балық аулау процесімен танысқан экология министрі еліміздегі шаруашылықтарды балық аулауға емес, балық өңдеуге шақырды. Былтыр Шардара су қоймасының су шаруашылығы субъектілері 2,2 мың тоннадан аса балық өнімін өңдеген.

Экология министрлігі басшысы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге өңірдегі гидротехникалық ғимараттар мен суландыру жүйесінің жағдайын тексерді. Атап айтқанда, министр Жетісай, Мақтарал, Сарыағаш, Келес аудандарындағы суландыру жүйесінің ахуалы мен олардың суару маусымына дайындығымен танысты. Министрлік басшысы сондай-ақ, аудан халқымен жүздесіп, олардың талап-тілегін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Ортаға салған мәселелердің шешу жолдарын халықпен жəне су шаруашылығы мамандарымен бірге талқылап, нақты шараларды белгіледі. Министр өсімдік өсетін мезгілдегі сумен қамтамасыз ету  мəселесін жеке бақылауда ұстайтын болды. 

Сарыағаш ауданындағы арналарды қарап шыққаннан кейін, ведомство басшысы Р-3, Ханым, Ашынау арналарындағы құрылыс-монтаждау жұмысын жəне Р-15 арнасын одан арғы қайта құрылымдаудың қажеттігін атап өтті. Жетісай ауданы бойынша К-34, К-21-06, К-28-31, К-25-18, К-25 арналарын қаражатты үнемдеу есебінен жөндеу қажет. Жетісай ауданындағы К-30 арнасын көргеннен кейін, министр жобаны одан ары іске асыру бойынша қажетті шешімдер қабылдады.

М. Мырзағалиев, сонымен қатар, Шардара су қоймасының, Қызылқұм магистральдық арнасы мен Көксарай қайта реттегішінің ахуалын саралады.

«Қазводхоз РМК қолға алынған нысандарды қайта салу жұмыстарын мерзімінде аяқтауы, арналарды тазалауы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сумен қамтамасыз ету туралы талап-тілегін есепке алуы қажет. Суару мерзімі аяқталғаннан кейін, Қызылқұм магистральдық арнасын қайта салу жобасы жұмыстарын Шардара жəне Арыс аудандарында су есептеуді жəне су бөлуді автоматтандыру арқылы бастаған жөн. Шардара су қоймасы айрықша бақылауда болуы керек. Жұмыс бекітілген қатаң кесте бойынша жүргізілуі тиіс», — деді Қазақстанның Экология министрлігі басшысы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.