ҚМДБ-НЫҢ ОБЛЫСЫМЫЗДАҒЫ ӨКІЛ ИМАМЫ «ИМАМҒА ҚАРСЫ КЕЛМЕҢІЗ…» ДЕГЕНІМЕН ҚАНША АДАМДЫ СОТТАТЫП, ҚАНША МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕТЕДІ…?

Жуырда редакцияға Мақтаарал ауданы тұрғындарының «Жанайғайын» жеткізіп, жиырмадан астам адамның қолы қойылған хат келді. Мешіт жамағатының дін істеріне қатысты мәселені көтергендіктен, мәселеге сергектік көрсету үшін осы салада жұмыс істеп жүр ғой деп, ҚМДБ-ның облыстағы өкілдігінің баспасөз қызметі бөліміне және облыстық қоғамдық даму басқармасына «Арыздың» мәтінін жолдадық. Арада апта өтпей ҚМДБ Түркістан облыстық өкілдігінің баспасөз қызметінің әлеуметтік желіде «Имамға қарсы келмеңіз…» тақырыбымен осы мәселеге қатысты Мәлімдемесі жарияланды. Арада 2-3 күн өтпей-ақ Мақтааралдың тұрғындарынан екінші рет Арыз келіп түсті. Енді амалсыз осы мәселені қалың оқырманды ғана емес, еліміздің Бас муфтиін де құлағдар етуге тура келіп отыр.

 

   «Даудың басы…»

«… Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, мәселенің ұшқындауы Мақтааралдағы «Абдул әкім» мешітіне жаңадан имам болып келген Б.Паташовтың мешіт жамағатына ойға орнықсыз, көңілге қонымсыз уағыз айтуынан шығады. Имам уағызында жылына 2 рет некесін қидырған адам «періште» көреді дегенді айтқан. Оның уағызы көптің көңілінен шықпай, жамағат дүрлігіп кетеді. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» дегендей, адал некесін бұздырып, оны қайта қидырғанға дейін күйеулерінің қандай «періште» іздейтінінен күдіктенген әйелдер үйлерінде береке-бірліктің кете бастағанын айтып күйінеді.

 

Екі үйдің бірінде шаң-шұң …

Отан – отбасыдан құралса, отбасыдан ынтымақ кетсе, Паташовтың «періштесін» іздеген мырзашөлдіктердің ертеңі не болмақ? Бәрінен бұрын еріккен жұрт көшеде сәлделі кісі көрсе, «Әкім Асановтың, не басшылардың бірінің үйіне барып, соның некесін қияды» деген долбармен сүмеңдеп жүргендер көбейіп кетті деп намыстанады ауыл жігіттері. Ол аз болса, өзібілермендікке кеткен Б.Паташов Нұрхан есімді азаматқа өзінің «формасын» кигізіп, оны найб имам деп жариялайды, сол найб имамы намазды дұрыс оқымай, мешітке жиналған жамағат Бесін, Асыр намаздарын қайта оқыған.

 

Ел-жұрттың наразылығы еленбеді

Мешіттен шығып елге тарап жатқан келеңсіздіктерге реніштерін жамағат алдымен наиб имамға жеткізеді. Ол кісі бұл мәселені ҚМБД өкілінің облыстағы өкілі Ақтамберді Мұсабек шешеді деп салғырттық көрсетеді. Халық қарап жата ма, әлеуметтік желі, т.б. бар өрескел әңгіме сыртқа шығып кетеді. Жамағат мешіттен не болғанын сұраса: «Өкіл имамымыз М.Ақтамберді Хазірет шешеді деп отыр» дегенімен, жұртқа беретін жауапты сиырқұйымшақтандырып жібереді. Бір басылымның араласуынан кейін бұл жағдай облыстың қоғамдық даму басқармасына жетеді. Осыдан кейін барып өкіл имам М.Ақтамберді Мақтааралға «Абдул әкім» мешітіне жамағатпен кездесуге келеді.

 

ҚМДБ өкілі «фонограмманың концертін» тамашалады

«Шымкенттік пысықтықпен» команда құру – оңтүстіктіктердің құралы. Жиынға 200-дей адам келсе, соның 100-ден астамы айдаладағы «Ильичовкадан» келген Б.Паташовтың «жақ-тастары» болған. «Паташовтың әр сөзін қызу қолдаумен «бәрекелдісін» айтып, жұрттың сөз сөйлеуіне мүмкіндік берілмеді» дейді жиынға қатысқандар. «Қорғаушы» болуға арнайы ат терлетіп келген «қонақтар» «инициативаны» қолдан бере қоймайды. Бір-екі ауыл адамдары сауалдарына жауап та ала алмай, іштен тынған.

Жиналған жамағаттың емес, облыс өкіл имамы Мұсабек Ақтамбердінің көңілінен шыққан «сценарий» бойынша Паташовтың түсінігінен кейін жиын да аяқталды. Жамағат өздерін мазалаған мәселе бойынша өкіл имамнан бір-екі ауыз тұщымды жауап та есітпепті. Тек қана Паташевқа қос қолдап, бас изеп отырғанын көреді.

Тіпті, жамағат қызды-қыздыға жеткен. Б.Паташев «бір кісіні кісілер жамандаса, жамандағандар зинадан (яғни ойнастан) туылады екен»  деп дөрекі айтылған уағызды соғып тұрғанда, өкіл имам М.Ақтамбердінің бір ауыз түзету айта алмағанына жиналғандар жағасын ұстады. Мұсылманның ең ауыр күнәсінің бірі – зина, яғни жазықсыз кісі жамандау да сондай ауыр күнәға жатады деудің орнына, пендешілікке салынған кісінің бейкүнә анасы баланы зинақорлықтан туғандай етіп отыр.

Өкіл имам аяғын жерге тигізбей жақтайтын Паташов «Мешітте азан айтқан адам 7 рет діннен шығады және неке 6 айда бір рет жаңартылып тұру керек» деп тұрып алады. Осы бір хадисте нәзіктікпен берілетін дүниені Паташовша добалдай етіп, ерсілеу түрде жеткізуі қателік емес пе? Осының бәріне көзін жұма қарап, Паташов пен оның «жақтастарының» гу-гуіне бас изеумен кеткен М.Ақтамбердінің немқұрайдылығы көпке түсініксіз болып қалды.

Содан ба, әйтеуір Арызға: «Бұл имамның (Б.Паташов авт.) тіреуі мықты ма, әлде Бауыржан ауданға қарасты имамдардан алған ақшасын Мұсабекпен бөлісіп отыр ма?» деген қисынсыз сұрағын жазыпты.

Бұл жерде ауданға арнайы жиналысқа барған ҚМДБ өкіл имамы Мұсабек Ақтамберді мешіт имамы Б.Паташовтың айтқандарына бас изей бермей, мәселеге сергектікпен қарап, жергілікті ауыл намазхандарының пікірлерін тыңдап, уәжді жауап берсе, мәселе ушықпаған болар еді ғой.

 

Өкіл имамды Паташовтың «ойыншылары» жетектеді

Түркістан облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі таратқан Мәлімдемесінде: «Бұған дейін «Абдул-Әкім» мешітінде имам болған Қуаныш Бимағамбетовтың жұмысына жамағаттың көпшілігі риза еместігін айтты», — деп жазыпты. Шындығында Қуаныштың жұмысы жөнінде сын айтылмаған. Өкіл имамның «Наиб имам болғанда бір ай жұмыста болмадың ғой» дегеніне «Мен сіздің рұқсатыңызбен демалдым», — деп нақты жауап берген. Сонда өкілдіктің баспасөз қызметі нені «бықсытып» отыр? Жиналыста жергілікті жамағат өздеріне өкіл имаммен сөйлесуге мүмкіндік бермеген соң, М.Ақтамбердіге қарап: «Мынау бізді сөйлетпей отырғандар Паташовтың ағайындары, мешітке келіп жүрген жандар емес. Мынау Паташовтың сотта істейін ағайыны, анау біреуі ауыл әкімінің орынбасары болып істейтін туысы. Ал мынау отырғандар «Ильичовкадан» келген рулас ағайындары. Бұлардың мәселеге не қатысы бар?! Паташов сөйлесе қолдап, «Бәрекелді» деп шулап отыр» дегенді айтып қалды. ҚМДБ облыстағы өкілі осыны есіте сала, мәселені шешуге шамасы жетпейтінін білгендей, тез жиналып шығып кетті. Онымен ере шығып, сұрақ қойғысы келгендерді шоферы мен баспасөз қызметшісі қақпайлап, өкіл имамды машинаға сүңгітіп жіберді. Сонда болған бір газет тілшісі туралы баспасөз хатшысы «Менің қолымды қақты, дөрекілік көрсетті» деп редакцияға шағымданғанына әлгі тілші «бейнежазбаны» дәлел ретінде ұстап отырмын, мен олардың өзін сотқа беремін» деп отыр.

 

Өкіл имамның «Мәлімдемесі» осындай бола ма?

Мақтааралдан оралған соң өкіл имам «Имамға қарсы келмеңіз…» тақырыбында Мәлімдемесін жариялады. Қасиетті ислам дінінің киелі Түркістанда орталығы болып отырғанда ҚМДБ өкілдігінен осындай қарадүрсін Мәлімдеме жарияланғанына сенер-сенбесімізді білмедік. Тек мәлімдеме мәтінін ҚМДБ Ғұламалар кеңесі мен Бас муфтиге жолдағанды жөн көрдік.

«Алланың үйінде имамдарды «мүйіздеген» талайлар миллиондап айыппұл төлеп жатыр. Мұндай талаптың барына тыныштықты қалайтын жамағаттар шын қуанышты» деп жариялап, «Ұлттың ұйытқысы – оңтүстік» атанған өңірдегі қандастарының «беделін бес тиын» етіпті.

Біз облыс аумағындағы мешітте «мүйіздесіп» соттасқандарды көрген емеспіз. Б.Паташовтың имамдық қызметіне наразылық білдіргендердің «жүрегін ұшырып қою» үшін өңір қазақтарын жерге қарататын негізсіз ақпаратты тарату керек пе еді? Осындай мазмұндағы өкілдіктің Мәлімдемесін қарапайым халық қалай қабылдайды? Мешітте дауласып алып, сотталып жатқандарға «Оңтүстіктіктер шын қуанышты» деген ақпарат тарату – нағыз масқаралық. Иманды жандардың намысына тиеді ғой.

«Кей жамағаттар мешітке берген көмектерін міндетсініп, Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқандай, иттің құсығына ұқсатып, сауабын сарқып алып жатыр» деген ақпаратқа не деуге болады? Шынымен Мұсабек Ақтамберді дені сау адам айта қоймайтын әңгімені жариялатқызып отыр ма? 3 млн. халқы бар өңірде қасиетті исламның тізгінін ұстаған адамның жеткен жері осы болғаны ма?

Ал, Әбу Хурайрадан жеткен хадисте: «Кімде-кім бағынуға қарсы шықса және жамағаттан бөлінсе, надандық дәуірінің өлімімен өледі», -деп ескерткен дегенді жариялауға қажеттілік туды ма? Қысқасы, Паташовтың уағызы анау, баспасөз қызметінің жариялап жатқаны мынау. Өкіл имамның пісірген «кашасы» осы болғаны ма? Паташовты «қорғау» үшін «Айғақ» редакциясын шақырған. Бірақ оған жамағат бармай қойыпты. Бұл жерде «шымкенттіктердің» рушылдық ойыны араласқанын өкіл имам көргісі келмеді. Бұл әңгіме тоқтайын деп тұрған жоқ. Мүмкін оған соңғы нүктені ҚМДБ-ның Ғұламалар алқасы мен Бас мүфти қоятын шығар. Күтейік, ағайын!

Әділ Мұрат.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.