ДӘСТҮРЛІ ЕМЕС ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ?

Бүгінде дін дегенде үрке қарайтын, денеміз дір етіп шошынатындай халге жеттік. Баласы намаз оқи бастады ма, дереу абыржи бастаймыз, күдікпенен сектаға кіріп кетті ме деп елең ете қаламыз. Осындай халге жеткізушілер кімдер? Белгілі, сырттан келген кереғар зиянды ағымдар.

Ал, негізінде дін – мәдениетімізді, салт-санамызды қалыптастыратын өркениеттің негізі. Енді сұрақ туындауы мүмкін, дін қалай мәселе болады? Діннің өзі, әрине, ешқашан мәселе болмайды. Бірақ дін қоғамда танымдық, ғылыми, идеялық және рухани тәжірибелік тұрғыдан функционалдық тепе-теңдікті қамтамасыз ете алмаған жағдайда ғана, келеңсіз жағдайларға себеп болып, әртүрлі топтардың, қанаушылықтың, өшпенділік пен дұшпандықтың объектісіне айналудан ада бола алмайтындығы хақ.

Бұл ахуал үш себептен туындап отыр. Біріншісі, кезінде білікті діни мамандардың болмауы. Екіншісі, халқымыздың діни сауаттылық деңгейінің төмен болуы. Үшіншісі, ханафи мәзһабы бағыты бойынша дініміз исламның өркен жаюына және дамуына сырттан келген жат ағымдардың келу себебімен кедергі болып, дін шектеліп, өз қызметін орындай алмауы. Міне осы үш жағдайдың да Қазақстанда көріністері мен іздері бар екендігі байқалып тұрды.

Егер зерделеп қарар болсақ, Қазақстанда ислам дінінің орнығып дамуы біркелкі еместігін көреміз. Әуелде асыл дінімізбен қауышуға асыққан мұсылман қазақ елі, ендігі жерде діни сенім негізінде дау-дамайға беріліп, бір-бірлерінің құлшылық ғибадатын жоққа шығаруға жол беруге дейін баруда. Бұл өз кезегінде дінге енді ғана бет бұрған жастарды, құлшылығын бастаған азаматтарды екіұдай, дүдәмал халде қалдыруда. Мұның алдын алмаса ұлттың екіге жарылып, мемлекет тұтастығын жоғалтары күмәнсіз. Сыртқы күштің күткені де сол.

Жат ағымдар өздерінің мақсаттарын, рухани байлықтарының құндылықтарын тым ерекше деп санап, қоғам ішінде вирус тықпалағаннан басқа пайдалы тұстары байқалмайды. Өйткені, олар біріншіден, мемлекеттің iшкi қауіпсіздігіне зиян тигізуде. Екіншіден, дамыған немесе даму үстіндегі тыныш жатқан бip елді тоқырауға жіберудің бip тәсілі, түрлі жат діни ағымдар арқылы қоғам ішінде ipiткi тудырады. Үшіншіден, дәстүрлі емес діни ағымдар білім мен ғылымға қарсы. Тәп-тәуір оқып жүрген студент сектаға кірген бойда оқуы нашарлап, тiптi тастап кетіп жатады. Ceбeбi, оған мемлекеттің болашағы қажет емес.Төртіншіден, болашақ жастардың қолында деп білеміз. Олай болса, дәстүрлі емес діни қозғалыстар біздің болашағымыз деп үміт артып отырған жастарымызды өз қатарларына тартумен келешекке қayiп төндіреді. Бесіншіден, уақыт өте келе дінаралық қақтығыс тудырады. Мысалы, соңғы уақыттарда кейбір отбасыларда әкесі бip дінді, баласы бip дінді, анасы бip дінді ұстанатын халге келдік. Алтыншыдан, қоғамды діннен, руханияттан алшақтату арқылы қоғамды дінге қарсы қояды. Міне осындайлардың кесірінен бүгінде Ислам дініне лайықты емес жағымсыз сөздер, атаулар мен келеңсіз оқиғалар және оның табиғатына сыймайтын ұғымдар тықпаланып келеді. Нәтижесінде қоғамда дінге деген көзқарас бүлінуде. Дәстүрлі емес діни қозғалыстар дәл осылай тайраңдап, білгендерін жасай берер болса, болашақта қоғамды діннен, руханияттан азар да безер ететін халге жеткізеді.

Сондықтан жат ағымдардың тұзағынан сақтанудың жолы – діни сауаттылық. Егер қоғамда діни таным қаншалықты жоғары болса, діни алауыздық соншалықты бәсең болады.

Жат ағымдардың алдын алу үшін діни сауаттылықты қолға алып, ішкі сүзгіні қалыптастыру, діни танымды кеңейту, мамандардың кәсіби деңгейін көтеру маңызды. Осы жұмыстар арқылы біз үшінші мегаполистегі жастарды зиянды жат ағымдар­дың торынан сақтай аламыз. Бүгінде біздің орталық мамандары Шымкент қаласында ілкімді істерді қолға алып, деструктивті ағымдарға қарсы лайықты тосқауыл болуда десек, артық айтқанымыз емес. Дінге қатысты қазіргі өрбіп отырған секталар мәселесінің тарихына, жалпы мәдени-әлеуметтік сипатына жүгіну арқылы, келешек ұрпақты ол індеттен құтқарудың жолын іздесек, нақты ғылыми зерделеу негізіне сүйенген, тұжырымдалған фактілерді білген жастар ақ-қараны ажыра алатындай жағдайда болады деген ойдамыз.

Д.Оспанов,

Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.