ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА ТҮЙЕ БАСЫ 11 МЫҢНАН АСТЫ

Түркістан облысы Созақ ауданында түйе шаруашылығын дамыту ісі жанданып келеді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына орай ауданда түйе сүтін көптеп өндіріп, тиімді бағада саудалау үшін түйешілермен арнайы семинарлар өткізілуде. Бұл ретте биылдың өзінде өңірдегі сүтті бағыттағы түйе санын 1600 басқа арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, аудан әкімі С.Полатовтың бастамасымен ауданда ірілі-ұсақты түйе бағатын қожалықтарды біріктіру, асыл тұқымды сүтті мол көлемде беретін түйелерді сатып алу, сүт қабылдау бекеттерін ұйымдастыру мәселелері қарастырылуда. Қазіргі таңда аудандағы төрт ауылдық округте сүт қабылдау бекеттері орналастырылған. Соның бірі «Бағдат» шаруа қожалығының қорасында тұр. Аталған қожалықтың таңдалып алынуы да тегін емес. Өйткені бұл қожалықта бүгінде 505 бас түйе бағылуда. Оның 276-сы аналық бас саналады. 4 мың гектар жайылымы бар қожалық биыл сауынды түйе санын 50-ге жеткізіп, тәулігіне 150 литр сүт өндірсек деп отыр.
«Жуырда бізге Түркістан қаласындағы түйе сүтін терең өңдейтін зауыттан өкілдер арнайы келіп, 1 тонналық сүт қабылдау қондырғысын орнатып кетті. Онда өзінің салқындатқышы, қозғап тұратын тетігі бар. Зауыт өкілдері бір литр түйе сүтін 1000 теңгеден сатып аламыз деп отыр. Енді бірер айда бізде 20-30 түйе сауыла бастаса, аптасына шамамен 300 литр түйе сүтін өндіре аламыз. Бұдан бөлек, көрші шаруа қожалықтарының да сүттерін қабылдап, шамамен аптасына 1 тонна сүтті зауытқа өткізе аламыз деп болжап отырмыз», – дейді «Бағдат» шаруа қожалығының жетекшісі Патима Нышанбаева.
Жалпы, қазірдің өзінде аудандағы түйе саны 11 мыңнан асып отыр. Ендігі міндет-аналық басты түйе санын 1600-ге арттырып, сүт көлемін 4 мың тоннаға жеткізу межесі тұр.
«Бұл межені орындау үшін өңірде арнайы бағдарлама түзіліп, Түркістан қаласындағы «Colden Camal» зауытымен бірлесіп жұмыс істеу ісі жандануда. Осының негізінде ауданда 4 қожалықтың қорасына 1 тонналық сүт қабылдау бекеттері орналастырылды», – дейді Созақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Қанат Утанғазиев.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.