Үкаша ата құдығы маңындағы автотұраққа электр шамдары мен орындықтар орнатылды

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына кіретін Үкаша ата кесенесі мен құдығы маңында абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Алыс-жақын елдер мен еліміздің түкпір-түкпірінен келетін зияратшыларға жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында орындықтар орнатылып, күннің ыстығы мен жауын-шашыннан қорғануға ыңғайлы арнайы орындар ( беседка) жасалды. Сонымен қатар
автотұраққа жаңадан электр шамдары орнатылып,  құдыққа дейінгі  электр бағандары жаңартылды.

Ендігі кезекте  құдық айналасын темір шарбақпен қоршап, жол бойына ағаш көшеттерін егу жұмыстары атқарылады.

Айта кетсек, Үкаша ата кесенесі Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 55 шақырым жерде, Бабайқорған ауылдық округінде, Қаратаудың етегінде орналасқан. Алғашқыда тек қабір орны ғана болған, 1989-1990 жылдары қазіргі мазарды жергілікті халық тұрғызған. Мазар 2 бөлмеден тұрады, кіреберісі кішігірім, екінші бөлмесі ұзынша келген. Ішкі жағынан ұзындығы 22,2 метр, биіктігі 4 метр, ені 4,6 метр. Жеті кішігірім ойық терезелері бар.

Үкаша ата құдығының басында киіз үй тәріздес кішігірім құрылыс тұрғызылған, оның диаметрі 4,5 метр биіктігі 3,5 метр. Ал құдықтың тереңдігі 22-25 м құрайды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.