ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДЫҚТАР ЕЛГЕ АЛҒЫС АЙТУДА

Мақтаарал ауданындағы эвакуация орындарындағы 3 мыңнан астам адамның бүгінгі жай-күйі бірқалыпты. Олардың барлығы медициналық тексерістен өткізіліп, жатын орын менкөрпе-төсекпен тегіс қамтылған. Тұрғындарға күніне үш мезгіл тамақ үлестірілуде. Азық-түлік пен жеке бас гигиенасын сақтауға қажетті керек-жарақтың бәрі жеткізіліп берілуде. Барлық аудандарындан жеткізіліп жатқан көмек төтенше жағдайға байланысты жасақталған орталық қоймада сақталады.

Эвакуация орындарда, яғни, мектептер мен колледж, мешіттерде орналасқан тұрғындар осындай қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созып жатқан мемлекет басшылығына, үкіметке, облыс, аудан басшылықтарына және барлық қазақстандықтарға шынайы алғыстарын айтуда.
Топан судан зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Өргебас және Достық ауылдарының 6 127 тұрғынына жан — жақты көмек көрсетілуде. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген. Фирдоуси ауылының тұрғындары тасқын судың беті қайтып, су астында қалған үй-жай мен мал-мүліктері және егістік алқаптарының шығындары өтелетіндігін де естіп қуануда.
«Шығын өтеледі, деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев. Оны осында тұрып жатқан барлығымыз
естіп, көңіліміз орнына түсті. Үйіміздің орнына үй салынса, егістікке жұмсаған шығындар өтелсе, ел риза. Күн жылы, күтеміз. Қасақана жасалған іс емес. Оны көзбен көріп отырған соң, көнеміз. Құрылыс басталса, өзіміз басында жүреміз, деп қуанып жүрміз. Ел аман болсын. Көмек жіберіп жатқан барша қазақстандықтарға мың алғыс айтамыз», дейді Фирдоуси ауылының тұрғыны
Надир Фахруддин.
Ауылдардағы су кеткен соң Арыстағы төтенше жағдай тәжірибесі бойынша әр үйге келген шығын есептеледі. Арнайы комиссия үйлерді қалай қалпына келтіретінін шешеді. Зардап шеккен әр отбасыға өтемақы төленеді. Егіс алқаптары суға кеткен шаруалардың шығыны өтеледі. Сонымен қатар, мал шығыны нақтылануда.
«Бес баламызды сүйреп сол түні үйді тастап қаштық. Мұндайды Алла ешкімнің басына бермесін. Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Апаттың әдейі жасалмағанын білеміз. Аман қалғанымызға шүкір. Мектепте жатырмыз. Төсек орны тап — таза, балаларға киім-кешек берді. Тамақ беріп жатыр. Бәріне ризамыз. Жасалған жақсылықтарыңыз үшін еліме ризамын»,- дейді Махфират Құрбанова.
Тұрғындардың су ортасындағы мал-мүлкін полицейлер күзетуде. Нұрлыжол, Өргебас, Ырысты, Жантақсай елді мекендерінде тасқынға қарсы бөгет салынды, Фирдоуси елді мекенінің маңында коллектор орналастырылды.
Авариялық – құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 дана техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан 30 өнімділігі жоғары су жинағыш сораптар келді. Қабылдау эвакуациялық пунктері қажетті құрал-жабдықтар мен азық-түлікпен қамтамасыз етілген. 120 медицина қызметкерлері медициналық көмек көрсетуде. Көршілес облыстар мен облыстың барлық аудандарынан, кәсіпкерлер тарапынан түрлі көмектер көрсетіліп, қолдау білдірілуде.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.