ҚАЗАҚ АБАЙ МОЙЫНСҰНҒАН ЖОЛМЕН ЖҮРУІ КЕРЕК

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Менің ойымша, тілді дамытамыз деп құр даурыққанша, кешегі Кеңес үкіметінің кейбір тәсілдерін пайдаланған жөн болар еді. Өткеннің бәріне үрке қарауға болмайды. Соның бірі, «орыс тілін білмесең, саған барлық жерде есік жабық» дегендей емеурін бар еді ғой. Біз қазір тек қорыққанымызды ғана сыйлайтын халге жеттік. Көшелердегі қазақша жарнамалардың бәрі дерлік жарымжан. Жарымжан жарнамалар Астана, Алматыдан бастап, бүкіл облыс орталығындағы қалаларда бықып жатыр. Ал, сол қате жарнамаларға, ұран сөздерге, есік маңдайшасындағы атауларға жіберген қатесі үшін «айыппұл» салынса, шенеуніктер шекесінен қарамай, тез есін жияр еді. Осының бәрі тәртіпсіздіктен, жүйесіздіктен, талаптың жоқтығынан болып отыр.

Егер Кеңес үкіметіндей қатаң талап қойсақ, тілімізді қазақтан бұрын өзгелер үйреніп алады. Алаш арыстары бастауыш мектептер түгел қазақ тілінде болуы керектігін айтқан болатын. Ал елімізде әлі күнге дейін аралас мектептер өз жұмысын жүргізіп отыр.

Мен, өз басым, аралас мектептерді алапес мектептер деп есептеймін. Оның алапестігі кедір-бұдыр көрініп тұрады. Оны шын мәнінде аралас мектеп деп атаудың қажеті жоқ. Ол, негізінен, орыс мектебі.

*   *   * 

Біз бүгінгі жыландай жұтынып тұрған мына ғасырда қазақтығымызды сақтап, ұлт ретінде жойылып кетпей, қалай аман қалмақпыз? Бұл сұрақ бәрімізді мазалайды. Меніңше, ұлттық кодты жаңғыртып, бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы жасалуы керек. Сол арқылы жас ұрпақ ұлттық рухты бойына сіңіруі тиіс.

Рас, қазір рухани құнды-лықтар материалдық құндылықтарға қарағанда әлдеқайда төмен тұр. Үстіңе киген қымбат тоның бір күні тозар. Темір тұлпарың қаңылтырға айналар. Мәңгілік ештеңе жоқ. Ал рухани дүниелер мәңгілік дер едім.

Ұлттық болмыстың бастау алар бір көзі – тіл, екіншісі – тарих. Өз ұлтының тарихынан қол үзген адам тамырсыз ағаш іспеттес, өсуін тоқтатады. Шыққан тегін білмеген адамды – тексіз, тарихына тұшынып көрмегенді көргенсіз деген. Білуге ұмтылмасақ, көргенді түйе алмасақ, көптің мүддесіне үлес қоса алмасақ, әуелі, адамдықтан не пайда?

*   *   * 

Бүгінгі қазақ қоғамындағы басты дерт жемқорлық пен жағымпаздық мәселесі болып отыр. Шыны керек, қазір кімге сенерімізді білмей қалдық. Үкімет басына келген бір-бір уәзірлер ай немесе жыл өтпей жатып, жемқор болып шығады. Соның салдарынан билік басындағылардың беделін әбден түсіріп болдық. Халықтың ішінде басшылыққа келген адамды жемқор деп есептеу белең алды. Бұл, әрине, біздің қасіретіміз. Қазір бастыққа батыл сөз айту қиын болып кетті.

Екінші мәселе – дін жайы. Елімізде көпұлтты халық немесе әртүрлі дін мекен етеді деген желеумен үлкен жиындар өткізуге әуестеніп алдық. Басқа секталарға қарағанда, өзіміздің ата дініміз төмен түсіп кетті. Әлемде ислам дінін жеккөрінішті, тіпті қорқынышты жағдайда көрсету әдеті бар. Қазақ елі ислам дінін әспеттей алмай отыр. Ішер асың мен киер киімің бола тұра, дінің әлсіз болса, еңсемізді көтеріп жүруіміз қиындау болады. Ислам дінінің ішінде ұлттығымызды мойындамайтын секталар көбейіп кетті. Дінді саясатқа айналдыруға болмайды. Қазақ Абай мойынсұнған жолмен жүруі керек.

*   *   * 

Жазушылардың күйі солай болған соң, басқалар қайда барады? Үкімет оларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр. Мәселен, қазір әншілер ақша табу үшін тойларға көп барады. Бай адамдардың ықпалында болады. Олар ақша табудың барлық тетіктері мен тәсілдерін бес саусақтай үйреніп алды. Бәрі бірдей демеймін, әрине, бұрыннан ары бар, атағы бар, абыройы бар, біраз әншілерге олардың әлі де тісі бата бермейді.

Бірақ ақыл емес, құлқынға ерік берген мына заманда бәрін күтуге болады. Қазір ақша болса, бәрін жасауға болады деген харам ой екінің бірін билеп алған. Бүгінгі күн кітап оқудың, ғылым-білім тоқудың заманы емес, даңғаза-шоудың заманы. Өйткені әлдебіреулер одан да өз нәпақасын тауып отыр.

*   *   * 

Туған жеріне жиі барып тұратын бірден-бір ақын – осы мен шығармын. Барған сайын жүрегім ауырып қайтады. Соның бәрі Торғай өзенінің жылма-жыл тартылып бара жатқанынан болып отыр. Кеңес үкіметі жылдары толассыз таситын бұл Торғайға не болды? Әркім әртүрлі пікір айтады. Біреулер айтады, Торғайдың анау Ұлытау жақ бастауында, Маятас жағында алтын, күміс өндірісі бар: соған есепсіз су байлаған дейді. Енді біреулер айтады: қараусыз қалған далада өзенді әркім өзінше пайдаланып, керегінше бөгет салып, өз қажетіне жарату үшін арнасын бұрып әкеткендер бар дейді. Торғайдың сараң тасуы салдарынан сарсаңға түскен ел қайда барарын білмей, тығырыққа тірелген күй кешуде. Әлдебіреулер айтады: соның бәрі анау қасындағы Байқоңырдан есепсіз ұшып жатқан ракеталардың қырсығы дейді. Жылма-жыл киіктердің топырлай қырылуына себеп болып отырғаны да содан дейді кейбір білгіштер.

Осындай сауалды жүйелеп, себеп-салдарын тауып, халыққа түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Ондағы халық та, далада өріп жүрген аң да – бір. Көбісі ол өңірге аң аулау, балық аулау машығымен барады. Қырылып жатқан киіктерге пысқырып та қарамайды.

*   *   * 

Біздің тілге қосқан үлесімізден гөрі «Оны қалай дамытамыз?» деген дау-дамай, талқы-тартысымыз көп. Оны несіне қақпақылға сала береміз? Қаражат болса, қисапсыз бөлініп жатыр.

Тілді орыстардың өзі ынталанып үйреніп жатқанда, тіл білмейтін намыссыз қазақтарды орынтақ беріп несіне тайраңдатып қоямыз? Тілін білмеген қазақтар керек болса тілін де, ділін де, тіпті жерін де сатып жіберуі мүмкін ғой! Қазақ басылымдары оқылмайды. Бізде қазақ тілін білмесең – намыс емес. Қызметке тұру үшін намыс емес, таныс керек.

Тіл білмейтіндер де әкім бола береді. Олардың өз тілі бар. Ол – «жемқорлық» тілі. Мұндайларды тек «қашан ұсталып қалғанша орнымнан түсіп қалмасам болды» деген ой ғана мазалайды. Не болса да ақшамен ғана есептейтін халге келдік.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.