ӘКІМШІЛІК СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДІҢ МІНДЕТТЕРІ МЕН ҚАҒИДАТТАРЫ

Елімізде жария-құқықтық дауларды оңтайлы шешуге қадам жасалып, әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданды. Жобаны әзірлеу барысында жүйелі жұмыстар атқарылды. Әкімшілік іс жүргізу заңнамаларын дайындауда халықаралық стандарттарға сәйкес Германия, Эстония, Латвия сияқты өркениетті елдердің заңдары зерделенді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі ағымдағы жылдың 1 шілдесінен қолданысқа енеді.

Әкімшілік рәсімдердің міндеттері болып жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру; жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу; тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды,оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету; жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту болып табылады.

Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

Әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.

Әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы. Әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгіну құқығынан бас тарту жарамсыз болады.

Әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.

Судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.

Заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ соттар мен судьялардың сот төрелігін іске асыру кезіндегі өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары мен басқа да жолданымдары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, жеке тұлғалар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады.

Сот актілерін, сол сияқты соттың талаптарын орындамау осы Кодексте көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға алып келеді.                      

Г.Мекембай,

 Арыс аудандық сотының судьясы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.