ОТЫРАРДАҒЫ ОТЫЗ ШАҚЫРЫМ КАНАЛҒА 6 МЛРД (!) ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН

Бұрындары «ауданға ақша бөлініпті, жаңа жобалар қолға алынатын болыпты»  деген жаңалыққа елдің бәрі қуанатын еді. Қазір ондай жаңалықпен ешкімді таң қалдыра алмайтын болдық. Бұл бір жағынан мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржының көптігінен болса, екіншіден елде сыбайлас жемқорлықтың ушығып кеткендігі сонша, ел бөлінген ақшаның бәрін бір жемқор жарты жолдан қарпып кететіндей қауіптеніп қарайды.

Біздің қазақта «Қорқақты қуа берсең, батыр болады» деген қуақы сөз бар. Сол сияқты, қалың ел де қашанғы алдансын, қазір олардың да көзі ашылып, мемлекеттің әрбір тиынына дейін тиімді жұмсалуын қадағалауға көшті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жемқорлықпен, сыбайластықпен қоғам болып күресуге шақырып жүр. Елді ашық әңгімеге шақырып, «қарапайым халықтың пікіріне құлақ асатын Үкімет» қалыптастыруды қолға алды. Ендеше, біз де Мемлекет басшысын қолдай отырып, өзіміз күмәнмен қарайтын кейбір тақырыптарды қоғамның талқысына салып, ашық айтқанды жөн көріп отырмыз. Соның бірі – Отырар ауданындағы отыз шақырым каналды жөндеуге бөлінген 6 млрд. теңгенің төңірегінде болмақ.

Таяуда Түркістан облыстық қоғамдық-саяси «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Жердің соры – елдің соры» деген көлемді мақала жарық көрді. Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов журналистердің сұрағына жауап бере отырып, аудандағы шешімі кезек күттірмейтін бірнеше мәселені атап өтеді. Сөзбе-сөз келтірер болсақ, «Біздің аграрлы аудан үшін егін, мал шаруашылығы өте маңызды. Оны жолға қою үшін ең алдымен тіршілік көзін толық жеткізуіміз керек. Арыс өзенінен келетін судың аздығынан «Д.Алтынбеков», «Көкмардан» каналдарының бойындағы 12 мың гектар жерге су жеткізу қиын. Әсіресе, жазғы суғару науқаны қызатын шілде-тамыз айларында каналдың түбі көрініп қалады. Сусыздықтың салдарынан қаншама гектар жер игерілмей жатыр. Бұл мәселені шешу үшін «Шәуілдір тоғанды» су бөгетінің жоғарғы жағынан қосымша су алу қажеттігі туындап отыр. Ол үшін бұрын пайдаланылған 31 шақырымды құрайтын «Сырдария-Арыс» каналын күрделі жөндеуден өткізу қажет. Бұл жоба биыл қолға алынды. Келесі жылдың аяғына дейін толық пайдалануға беріледі» дейді әкім өз сұхбатында.

Әрине, әкім дұрыс айтып отыр. Егер жердің сорлануының алдын алмаса, ертеңгі күні қалың ел сорлап қалуы мүмкін. Мұны естіген Мемлекет басшылары да халықтан ақшаны аянып қалмайтыны анық. Сұрағанын береді. Мәселе, қандай жұмысқа, қанша ақша сұралып тұрғанында болып тұр. Ресми газеттің жазуынша, жалпы құны 6 миллиард теңгені құрайтын ірі жобаны Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландырып отыр. Бұл бүгінде сусыздықтан шөліркеп қалған ауданның бойына қан жүгіртіп, жасыл аймаққа айналдыратын ірі жобаның бірі болса, жерасты суын көлденең дренаждар арқылы Сырдария өзеніне айдайтын екінші жоба да біріншісімен қатар жүргізіледі. Ұзындығы 368 шақырымды құрайтын көлденең дренаждар мен 55 шақырымдық Шәуілдір бас коллекторын күрделі жөндеуге аталған банктен 2,8 миллиард теңге бөлінген. Екі жоба да «ҚазСуШар» РМК мекемесінің тапсырысы бойынша жүзеге асып жатыр.

Енді айтылған соманы шотқа салып көрейік. Коллекторға деп бөлінген үш миллардқа жуық ақшаны айтпай тұра тұрайық, отыз шақырым каналды жөндеуге осынша қаржы кетеді деп кім ойлайды? Тағы да шотқа салып көрсек, бір шақырым жерді бетондауға екі жүз (!) миллионнан тиеді емес пе? Ия, екі миллион емес, екі жүз миллион! Мұндай ақшаға каналдың екі бетін мрамормен қаптап шықса да артылады емес пе? Жарайды, бұл ақшаның біраз бөлігі су соратын насосқа, жұмысшылардың жатағына бөліне қойсын, сонда да тым көп емес пе? Бір қызығы, осыншама қыруар қаржының «қызығын» бас қаладан келген бір-ақ мекеме көрмекші. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай ірі жобалардың жұмысын жүргізген кезде елге, жерге жаны ашитын жергілікті фирмалардың да болғаны жөн.

Иә, «аузы күйген салқын тамақтың өзін үрлеп ішеді». Қалың елдің қауіптенетініндей де бар. Бұған дейін де мұндай ірі жобалардың арты сиырқұйымшақтанып, ақырында мемлекеттің миллиондаған қаржысы құрдымға кетіп жатқанын халық газеттерден оқып жүр. Мәселен, Жетісайдағы Сырабад ауылын таза сумен қамтамасыз етеміз деп мемлекеттен 18 миллион (Жергілікті әкімдіктің баспасөз хатшысының айтуынша) бөлдіреді, бірақ ол жерден су түгілі тасбақа да шықпайды. Журналистер осы мәселені көтергеннен кейін тиісті орган тексеріп жатқан көрінеді.

Шардарадағы қант зауыты да елдің билікке деген сеніміне сызат түсірді. Қант қызылшасы егілмейтін, яғни шикі өнімі шықпайтын Шардарадан қант зауытын саламын деп дүрліккен әкім ақыры ол айтқанын қағаз жүзінде қанттай етіп бітірді. Мемлекеттен миллиондаған ақша алынды, зауыт деуге келмейтін төрт қабырғасы бар бірдеңе салынды, әйтеуір. Бірақ, кең байтақ еліміздің басқа өңірлерін айтпағанда, сексен мыңнан астам халқы бар Шардара тұрғындарының арасынан “сол зауыт шығарған бір түйір қант жедік” деген бір адам болмады. Ақырында, әкімнің «ертегісіне» еріп, миллиондаған ақша алған (Шын мәнінде кім алғанын бір Құдай біледі) кәсіпкер көп ұзамай өліп қалды. Ел ішінде аңқау адамдардың осындай «ойынның» құрбаны болып жататыны да жиі айталады. Құдай сақтасын!

Тағы да қайталап айтайық, біз бұл жерде біреу-міреуді жемқор, жаңа жоба арқылы қыруар ақшаны қарпығысы келетін қомағай деп отырғанымыз жоқ. Тек қауіп еткеннен айтып отырмыз. Қауіп етпейік, жаман нәрсе ойламайық десек, Жетісайдағы суға бөлінген, бірақ халыққа бір тиын пайдасы болмаған миллиондаған қаржы мен Шардарадағы қант зауыты қай-қайдағыны еске түсіріп отыр. Ендеше, Отырардағы отыз шақырым канал да қант зауыты мен су мұнарасының кейпін кимеуі үшін бөлінген ақшаның әрбір тиынына дейін қоғам болып қадағалап отырайық. Жергілікті билік шын мәнінде де қолы таза болса, Президент айтқан жариялылықты, ашықтықты қолдап, қанша ақша бөлінгенін, оның қаншасы игерілгенін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалың елмен бөлісіп отырсын дегенді талап етеміз.

Ерлан Тәжиев.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.