АҢҚАСЫ КЕПКЕН АУЫЛ, ҚАРЫЗҒА БАТҚАН АҒАЙЫН…

Шілде күшіне мінгелі ыстық аптап бет қаратпай тұр. Міне, осындай ыстық аптапта таңдай жібітетін тамшы суды даладан тасып, тұтынып отырған ауылдар бар. Рас, ауыл-елді абаттандыру үшін, түрлі инфрақұрылымды іске қосу үшін үкімет аянып қалған емес. Бірақ, неге екенін, қанша ақша бөлінсе де шалғай ауылдардағы жағдай әлі толық шешімін тапқан жоқ.

Иә, қазір ауылдағы ағайын­ның басым бөлігі екі қолға бір жұмыс таппай қиналып отыр. Жер тозып, ел қолындағы азын-аулақ малын бағатын жайылым таппай қалды. Халықты жұмыспен қамтимыз деп қабылданған түрлі бағдарламалардан да қайран болмай тұр. Тұрақты табысы болмаған соң тұрғындар қарызға белшесінен батып жатыр. Қарыз дер кезінде қайтпаған соң оның қасіреті де ұлғая береді, амалы таусылған ағайын қолындағы азын-аулақ малын қарызды өтеу үшін сатуға мәжбүр. Оның үстіне биылғы жем-шөптің қымбат болып тұрғаны да қыл кеңірдектен алып, әбден титықтатып барады.

Мына бір мәлімет бізді еріксіз назар аудартты. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының есептеуінше, еліміздегі ауылдық жерде тұратын әр отбасының мойнында 900 мың теңге несие бар екен. Қазақстан халқының 41 пайызы ауыл-аймақтарда тұратынын ескерсек, олардың қарызға белшеден батуы ел  экономикасының қаншалықты қауіпті жағдайда тұрғанын аңғартады.

Түбі қасірет шектірмей қоймайтын қарыздан қалай құтылуға болады? Бұл – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесінің бірі. Өйткені тұрақты жұмысы жоқ ауыл халқын қарыз атты құзғынның тырнағынан аман алып қалу жағына бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Бұл саланы зерттеп жүрген мамандардың пайымдауынша, мәселе тіпті күрделеніп бара жатқанға ұқсайды. Қазір ауылдық жерлерде жеке тұлғалардың қарызынан бөлек, фермерлердің банктерге берешегі де көбейіп кеткен. Мәселен, «Барометр» маркетингтік талдау орталығының мәліметінше, елімізде екінші деңгейлі банктерден және шағын несие ұйымдарынан қарыз алып, оны қайтара алмай жүрген шаруалардың көрсеткіші 82 пайызға жеткен. Аталмыш орталықтың маманы, қаржыгер Сая Есенғалиеваның айтуынша, алдағы уақытта еліміздегі агронесие саласына жаңалық енгізілмесе, бұл сала құрдымға кетеді.

«2010 жылдан бері екінші деңгейлі банктер агронесиені 3,8 пайызбен беріп келді. 2017 жылдан бастап, агронесие 5,5 пайыз аралығында ұсыныла бастады. Былай қарағанда, 5,5 пайыз арзан көрінгенмен, кірісінен шығыны көп шаруалар үшін бұл пайыздық мөлшерлеме көп. Себебі, шаруалар несие аларда үлкен тәуекелге барады. Мысалы, олардың біразы егіннен түсетін пайдаға сеніп, несие рәсімдейді. Ал күз айында егіні бітік шықпаса, несиелерін өтей алмай қиналады. Шаруалардың енді бірі сатылатын мал басына сенеді. Несиені қайтаратын уақытта малдың құны арзандап кетсе, тағы да ұтылады. Сондықтан өз басым шаруаларға мемле-

кет тарапынан берілетін несие пайызын 3,8 пайызға,  тіпті одан да арзанға түсіру керек деп есептеймін. Осылай жасалса, шаруалар несие алу тәуекелінен қорықпайтын болады» дейді ол.

Оның айтуынша, біздегі ауылға арзан несие беру саясатында да шикілік көп. Жемқорлық дендеген қоғамда арзан несиеге қол жеткізу – аспандағы айға қол жеткізгенмен бірдей. Оның үстіне нақты істен гөрі дарақылық пен дақпырт басым. «Біз бір бастаманы бастарда алаулатып-жалаулатып, әсірелеп кетеміз. Қаржы жұмсау мәдениеті қалыптаспаған. Соның салдарынан ауылдағы шаруалар несиені  құдды тегін беріп жатқандай алып қалуға асығады. Оның біраз бөлігін несие рәсімдеп берген маманға, қалғанын сол маңда жүрген алаяқтарға үлестіріп береді де, өзі қу шөппен аузын сүртіп отырады. Ақырында жеке тұлғаны қарыздың «қақпанына» жетелеп барған менеджер-маман оңай құтылады да, қарапайым шаруа сан соғып қала береді. Сол үшін осындай алаяқ-мамандар да жазаға тартылуы керек».

Деректерге жүгінсек, дамыған елдерде сала бойынша бөлінетін агронесиелердің көлемі бізден он жеті есеге көп және несие мөлшерлемесі 1,5 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Аманбек Айдархановтың айтуынша, біз шаруаларды қаржыландыруда шағын несие ұйымдарына агронесие рәсімдеуге рұқсат беріп қателестік. «Израильде бір ғана сүт өндірісін дамыту үшін жыл сайын біздің теңгемен есептегенде, 9,8 млрд. теңге бөлінеді. Ал ет өндірісін дамыту үшін израильдіктер жылына 21 млрд. теңге бөледі. Бізде бұл қаржылар тек несие ретінде беріледі. Қазір сол шағын несие ұйымдарынан 8-10-12 пайызбен несие алған шаруалар қарыздарын қайтара алмай, дал болуда. Бізде 1 млн. мен 13 млн. теңгенің арасында несие беретін ұйымдар бар. Шағын несие ұйымдарына еркіндік беру ауыл шаруашылығы саласын тығырыққа тірейді» дейді ол.

Ресми дерек ауылдағы ағайынның мәселесін шешу үшін 2004 жылдан бері алты мемлекеттік бағдарлама қабылданғанын растайды. Олардың көпшілігі моноқалаларды, ауыл шаруашылығы аймағын дамытуға бағытталды. Бұл бағыттар бойынша  2 триллионға жуық қомақты ақша бөлінген. Бірақ осыншама қаржы бөлінсе де экономикасы дамып, өркендеп кеткен ауыл жоқ. Барының өзі жеке бизнесмендердің ықпалымен дамыған. Рас, ауылға инвестиция салудың, инфрақұрылым тартудың машақаты көп. Мысалы, бір ғана жайылымдық жер мәселесін шеше алмауымыздың өзі қаншама проблемалармен бетпе-бет келтіріп отыр. Елімізде 282 млн. гектардан астам жайылымдық жер бар. Қынжыларлығы, сол көлемді жайылымдық жердің 30 пайызын ғана ұқсатып отырмыз. Екінші бір мәселе, елімізде барлығы 175 аудан болса, соның ішінде, 72 аудан дамуы жағынан кенжелеп қалған. Міне, осы дамуы артта қалған ауыл-аймақтардың мәселесі де бүгінде жабулы күйінде қалып барады. Ең өкініштісі, бұл мәселелерді тиісті деңгейде көтеріп, жоғарыға ұсыныс айтуға тиіс жергілікті әкімдер дым болмағандай жайбарақат жүр. Тіпті, кейбіреулері елдегі мәселені жасырып-жабу үшін жалған мәлімет беріп, елді шатастырып отыр. Олардың бұл әрекеті түсінген адамға қылмыспен тең!

Тағы бір өзекті мәселе, қазір ауылға бағытталған қаржыны орта жолдан қағып алатын делдал холдингтер, акционерлік қоғамдар жетіп артылады. Осыдан барып, ауылға бөлінген қаржы ақыр аяғында талан-таражға түсіп кететіні де жасырын емес. Сондықтан бұл жерде ең алдымен ауыл әкімдерін «ұйқысынан» ояту керек. Олар «оянбайтын» болса, жергілікті халық арасынан белсенділерін таңдап алып, олардың ықпалын күшейту керек. Ауылдағы ағайынның жағдайын солар айтсын!

Жалпы, біздің жергілікті атқарушы билікке жаңа реформа керек. Мысалы, дамыған елдерде бұл мәселе оңтайлы шешілген. Алысқа бармай-ақ, өзімізбен іргелес жатқан көрші мемлекеттердегі жағдайға назар аударайықшы, Ресей, Әзірбайжан, Арменияда жергілікті әкімдердің экономикалық өзгерістерге сай өзіндік шешім қабылдауы, қызықты механизмдер ұсынуы жап-жақсы реттелген. Олар қалталы азаматтарды инвестор болуға шақырып, оларға белгілі бір қызықты ұсыныстар айтып, халыққа тиімді жолдарын ұсынады. Ал біздегі әкімдерге үкімет бір ғана баға саясатын қадағалауды тапсырып еді. Соның өзінде кейбір әкімдер базардағы бағаға ие бола алмай, саудагерлерге  «бағаны өсірсеңдер, басың кетеді» деп сес көрсетуден әрі аса алмай қалды.

Қысқасы, міне осындай тек айдағанға ғана жүретін, иесінің нұсқауымен ғана «үретін» әкімсымақтардың кесірінен қазір ауылдағы ағайын ауыртпалықты қатты сезініп отыр. Мал өсіріп қызығын көрейін десе, ауылда жайылым жердің көбісін сатып алып, жем-шөп дайындайтындар күзде мал азығының бағасын аспандатып, бір әлекке салады. Көмір, отын таситындар қыстың көзі қырауда отын-судың бағасын тағы қымбаттатады. Ауылдағы зіңгіттей жігіттер басқару тетігінің дұрыс еместігінен зардап шегіп, жұмыссыз жүр.

Айдын СӘТЖАН.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.