ОҢАЙ ОЛЖА ОРҒА ЖЫҒАДЫ НЕМЕСЕ АЛАЯҚТЫҚТЫҢ ҚҰРБАНЫНА АЙНАЛҒАНДАР

Таяуда шаңырақ көтергендеріне екі жыл толмаған екі жас ажырасты. Себеп біреу-ақ: келіннің кредиті бар екен. Алғашқыда бір-біріне деген сүйіспеншілігі басым болған екі жас бұл ауыртпалықтарды бірге еңсереміз деген болса керек, бірақ ішпей-жемей қарыз төлеуге жас күйеу қашанғы шыдасын, бір күні морт сынады. Ең өкініштісі, әлі қызуы басылмай жатып ажырасқан екі жастың арасында тірі жетім болып бір бала қалды.

Бұл тек сол екі жастың ғана басындағы жағдай емес, бүгінде екінің бірі қарызға өмір сүріп жүр. Және, ең өкініштісі, олардың біраз бөлігі «жемеген самсасына теңге төлеуге мәжбүр», яғни алаяқтарға алданып қалғандар. Жұрттың бәрі жаппай смортфонға телмірген бүгінгідей заманда, олардың құрығы да ұзын болып тұр. Ертелі-кеш интернет ақтарып, әлеуметтік желілерден көз алмайтын көпшілік ондағы жарнамаларды да назардан тыс қалдырмайды. Әсіресе, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай олжаға кенелгісі келетіндер мұндай алаяқтарға тез алданады. «Үйден шықпай-ақ айына 200 мың тапқың келе ме?», «Аз ақша сал да, еселеп қайтар», «Миллион табуға көмектесемін»… Осы сияқты жарнамалардан көз сүрінеді. Бірақ, оның астарына үңіліп, «Аспаннан шұға жаудырып жатқан бұл не жарнама?», «Айдалада жатқан бұл не қылған батпан құйрық?» деп бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Қазір ғаламторды кезіп жүрген қаржылық пирамида, криптовалюта жарнамаларынан көз сүрінеді. Біздің халық қолында бар ақшасын ғана емес, түрлі банктерден несие алып та алаяқтардың «оңай олжалы боласың» дегеніне сеніп келеді. Неге?

Бұған ең бірінші халықтың қаржылық сауатының төмендігі себеп. Ал, алаяқтар үшін экономикалық сауаты төмен адамдарды құрыққа түсіру оңай. Себебі олар көп жағдайда «аз ақшамен мол табысға жететін болсам, мүмкін байып қалармын» деп ойлайтыны жасырын емес. Екіншіден, қаржы пирамидаларына қатысты алып-қашпа әңгіме көп болғанымен, нақты ақпарат жоқ. Олардың заңбұзушылықтары мен зардап шеккен адамдар туралы ресми органдар тарапынан көп айтылмайды. Негізі, Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес, Қазақстанда қаржы пирамидасының қызметіне шектеу қойылған. Бұл қызметті жарнамалағандар да жазасыз қалмайды. Олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 150-бабы негізінде жауап береді. Бірақ, осындай шектеулерге қарамастан алаяқтардың құрығына түсіп жатқандар азаяр емес. Демек, мұны заңмен шектеп қана қоймай, адамдардың танымдық түсінігін де арттыруымыз керек. Әр адам «оңай олжа орға жығатынын», «тегін ет тек қақпанда ғана болатынын» білгені жөн. Пайым-парасаты бар адам қаржылық ұйымдарды да оңай ажырата алады.

Өткен жылдан бастап елімізде қаржылық пирамиданың жұмысына тыйым салынды. Бірақ, «ашыққаннан құныққан жаман» дегендей, оңай жерден мол ақша тауып, әбден дәнігіп қалғандар әлі де өз «кәсіптерін» жасырын жалғастырып жүрген көрінеді. Әсіресе, ауылды жерлерде алаяқтарға алданып қалып жатқандар әлі де бар. Оның нақты дәлелі, жаңа жоғарыда айтқанымыздай, кредиті бар келіндер мен «косякқа» кірген күйеулер, қарызға белшесінен батқан құрбылар мен табысының басым бөлігін банкке төлеп жүрген таныстар…

Қысқасы, «қарыз күліп кіріп, жылап шығатынын» ұмытпау керек. Ең маңыз-дысы, оңай жерден олжалы боламын деп орға түсіп кетіп жүрмеңіз. Иә, «тегін ет тек қақпанда ғана болады».

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.