ТҮРКІСТАН: ЖАҢАРҒАН МАҚТААРАЛДА ЖАҢАЛЫҚ КӨП

Мақтаарал ауданы, Мырзакент елді мекеніндегі жаңа шағынауданда 1200 орындық мектеп салынды. Жақын күндері ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Өткен жылғы апаттан кейін 400-ге жуық отбасы көшіп келген жаңа шағынауданда бой көтерген білім ұясының құрылысына бірнеше вагон құрылыс материалы көрші Өзбекстан елінен көмек ретінде келген болатын. Мақтааралдықтармен жүздесіп, бүгінгі жағдайды көзбен көру үшін Өзбекстан республикасының төтенше жағдайлар министрі, Президент кеңесшісі Т.Құдайбергенов пен ӨР Су шаруашылығы министрі Ш.Хамраев арнайы келді. Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевпен бірге олар мақтааралдықтардың қуанышына ортақтасты.
«Ел — жұрттың амандығын көріп, осындағы жақсы өзгерістерге қуанып тұрмыз. Қиындықты еңсеріп, бірлік пен еңбектің арқасында Мырзакент заманауи орталыққа айналыпты. Барша отбасыға табыс, береке тілеймін», — деді Өзбекстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі Т.Худайбергенов.
«Өздеріңізбен қайта қауышқанымызға қуаныштымыз. Өткен жылы болған төтенше жағдай бауырлас екі ел үшін де оңайға соқпағаны белгілі. Өздеріңізге белгілі, жағдайды естіп, мақтааралдықтардың тағдырына алаңдаған еліміздің Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауымен Мақтааралға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілді. Бірде-бір адам қамқорлықсыз қалмады. Бүкіл ел болып көмек қолын созды. Тасқын судың зардабын жоюға көрші Өзбекстан елінен көмек келіп, қоян-қолтық жұмыс істедік. Бауырлас өзбек халқымен жарқын кезеңдер мен сынақ сәттерде де біргеміз. «Бірлігі бекем ел бәрін жеңеді» демекші, бұл сынақ халқымыздың біртұтас елдігінің айқын дәлелі болды. Қиын сәттер артта қалып, әр отбасына тек бақытты күндер бұйырсын», — деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.
Жаңа мектепке жиналған мырзашөлдіктер Мақтааралдың жаңа кейіпке еніп, бұрыннан да ажарлана түскенін мақтанышпен жеткізді. Халықтың қиындық кезінде тыныш тұрмыс іздеп, басқа жаққа үдере көшпегенін қуана айтты.
«Қиындықтар ұмытылып, туған өлкеміз бұрынғыдан да гүлденіп келеді. Қаншама жаңа ғимараттар, емдеу мекемелері салынды. Айнала көкке оранып, ауданымыз ажарлана түсті. Өзбекстан халқымен ғасырлар бойы бірге өсіп келеміз. Ол жақта ағайын-туыс тұрады. Бір өзеннен су ішіп, бір ауамен тыныстанған туыс халықпыз. Қиындықта көмек беріп, қуанышымызды да бөлісіп отыр», — дейді Мырзакент ауылының тұрғыны Шахзада Құрбанбаева.
Мақтаарал тұрғындарына бұрынғы өмір қалпына түсіп қана қоймай, тұрмыстық жағдайдың бұрынғыдан жақсара түсуіне барлық жағдай жасалуда. Үкімет басшысы Асқар Маминнің тікелей тапсырмасымен апатты жағдайдағы жатақхана, ескі балабақша, монша секілді бос ғимараттарын паналап келген 28 отбасы үшін жаңа шағынауданнан баспана беріліп, ол отбасылар қоныс тойын тойлады.
Жалпы ауданы 70 гектар жерде орналасқан жаңа қалашықтағы 400 үйге Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің тұрғындары көшіп келді. Барлық инженерлік инфрақұрылым тартылған. Ауыз су, жарық, жылу мен кәріз жүйесі жасақталып, 9 шақырым жол төселді. Жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылған. 280 орындық жаңа балабақша, дәрігерлік амбулатория, полициялық тірек салынды. Балалардың ойын алаңдары мен 5,5 га саябақ, 2 спорт алаңшасы да жұртшылыққа ұсынылды. Желілік саябақ пен гүл бақтары шағынауданның көркіне көрік қосып тұр.
Естеріңізге салсақ, 2020 мамырда Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы бұзылып, салдарынан Мақтаарал ауданындағы ауылдар су астында қалған болатын. Төтенше жағдай жарияланып, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін бастапқыда 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 техника жұмылдырылды. 30 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз аймаққа көшіріліп, 24 эвакуациялық орынға орналастырылды. Мақтааралға бүкіл ел болып көмек қолын созды.
Апат салдарымен күреске көрші елден 100-ден аса арнайы техника мен 200 адам көмекке келді. Өзбекстандық жасақ елді мекендерге жайылған суды тазалау мен су сору жұмыстарын жүргізді. Егістік алқаптарды қалпына келтіріп, шитті мақта етуге атсалысты.
Елбасының бастамасымен, «Nur Otan» партиясының үйлестіруімен республикалық деңгейде жарияланған «Біз біргеміз» акциясы, жастар мен еріктілердің бастамасы негізінде құрылған «Біргеміз, Мақтаарал!» еріктілер штабы, облыс кәсіпкерлері журналистері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері апаттан зардап шеккендерге қолдау көрсетуде елеулі үлес қосты. Еліміздің барлық облыс, қалаларынан гуманитарлық көмек келді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен су басқан аймақтағы әрбір тұрғын, яғни 6214 азаматқа республика бюджетінен 100 мың теңгеден қаражат аударылды. «Болат Өтемұратов» қоры зардап шеккендерге үй салып беру үшін 6 млн. доллар бөлді. Кәсіпкер Алишер Усмановтың қорынан эвакуацияға ұшыраған тұрғындар үшін 5,2 млн $ аударылды. Бұл қаржы 5202 отбасына (30 420 адам) 1000 АҚШ долларынан үлестірілді. Су басқан 5700 га жуық егістік алқаптарының иелеріне 1,142 млрд.теңге өтемақы берілді. Төтенше жағдай кезінде үй жануарларынан айрылған азаматтарға мал шығыны толығымен төленді. Оларға «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік қоры арқылы өтемақы ұсынылды.
Өңірге бас аяғы 3 айдың ішінде бұрын-соңды болмаған 30 млрд.теңгеден астам инвестиция құйылды. Мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуынан зардап шеккен үш ауыл тұрғындары үшін Мырзакенттен жаңа қалашық бой көтерді. 386 үйдің ішінде 196 тұрғын үйі Үкімет резерві есебінен, 150 үй Болат Өтемұратов Қорының қаржысына салынды. 52 баспана «Nur Otan» партиясының «Біргеміз» қоры мен «Салиқалы ұрпақ» қорларының қолдауымен көтерілді.
Ал су басқан Өргебас және Фирдоуси ауылдары тұрғындарының үйлері сол елді мекенде қайта қалпына келтірілді. Бүгінде олар өздері қалаған жобамен заманауи үлгідегі үйлерін салып алды. Халықтың сұранысын ескере отырып, әрбір тұрғын үйге 17 млн.теңгеден өтемақы берілді. Осылайша Өргебас ауылында 209, Фирдоусиде 327 үй жаңадан бой көтерді.
Фирдоусиде ауыз су жүйелерін жаңартылып, 13 көше жөнделді. 600 орындық мектеп жөндеуден өтті. Ауыз су жүйелері Өргебас ауылында да жаңарды. Төрт көше жөнделіп, дәрігерлік амбулатория мен полициялық тірек салынды. Су басқан ауыл мектептеріне өткен жылы демеушілер тарапынан 136 ноутбук пен 110 планшет берілген. Үкімет резервінен 4095 дана компьютерлік құралдар бөлінген.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.