ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРИЗМ ЖӘНЕ МЕЙМАНДОСТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ОҚУ 7 БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Күнделікті жұмыс кестесіне сәйкес облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шаһардың құрылыс алаңдарын аралап, жаңа нысандардың жұмысымен танысты. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті АҚШ, Франция, Италия, Португалия, Словакия, Гонконг, Үндістан елдеріндегі жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімге ие.
Мұның бәрі университет студенттеріне жоғары деңгейдегі теориялық білім алуға және шетелдік тәжірибеден өтуге, соның ішінде БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымында (UNWTO) қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Университетке ең үздік отандық және шетелдік профессорлар шақырылды. Барлығы 50 оқытушы дәріс береді.
Оқу ордасында ағылшын, француз, қытай, араб, түрік және итальян тілдерінің курстары жұмыс істейді. Былтыр ашылған білім ордасына еліміздің әр өңірінен 600-ге жуық студент оқуға түсті. 2021 жылы 815 жас өрен студент атанды. Биыл университеттің 37 үздік студенті Анталияда (Түркия) жазғы тағылымдамадан өткен.
Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде оқу жеті білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Олар – туризм және қонақжайлылық индустриясын ұйымдастыру, халықаралық және ішкі туризм, экскурсиялық қызметтер мен жеке турларды ұйымдастыру, қонақ үй және мейрамхана бизнесі, туристік дестинациялар менеджменті, дене шынықтыру және спорт, дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық.
Айта кетейік, университетте спорт корпусы ашылған, футбол, күрес, бокс және жаттығу залдары жұмыс істейді.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.