БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН ЖАҢАРҒАН ҚАЛА

Тәуелсіз елдің рухани тірегіне айналған бүгінгі Түркістан қаласын дамыту басты назарға алынып отыр. Өңірде бұрын-соңды болмаған құрылыс жұмыстары қолға алынып, жаңа облыс орталығының шырайы кіре түсуде. Яғни көне шаһарды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ету үшін барымызды салып-ақ жатырмыз. Қалай десек те қазақ мемлекетінің, өңір басшылығының Түркістанға деген қамқорлығы ерекше. Қаланың экономикалық әлеуеті де көтеріліп келеді. Жаңа нысандар ел игілігіне беріп, жаңа жұмыс орындары да көптеп  ашылуда. Демек туризм ордасы ретінде Түркістанның болашағын баянды ету – қолымызда тұрған іс. Бұл жұмыс нәтижесіз де емес. Қаланы көріктендіру ісінде де жетістіктер жетерлік.

Тіпті бір ғана «Отбасыңмен он тал ек» отбасылық эко-акциясы аясында Түркістан қаласында 90 мың түптен астам түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, қала әкімдігінің баста­масымен жүзеге шара он күнге созылды. Акцияға қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Яғни  қаланы абаттандыру мақсатында “Самал”, “Отырар” мөлтек аудандарында және Түркістан-Қызылорда тас жолы бойына 20 мыңнан астам ағаш көшеттері егілді.

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің айтуынша мұндай оң бастамалар аяқсыз қалмай жалғаса бермек.

Түркістанда туризмді өркендетуде де өңірде ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Елбасы бастамасымен жаңадан ашылған қаладағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті де туризмді насихаттауға белсене араласатыны белгілі.

Ал жаңа нысандар жайлы айтар болсақ, биыл Түркістанда облыстық ақсақалдар алқасы мен әжелер кеңесі жаңа ғимаратқа көшті. Сонымен қатар Түркістандық жастар ресурстық орталығына да бөлек ғимарат берілді. Қос ғимарат та қала орталығындағын Жеңіс саябағында. Жалпы  Түркістан қаласының халқының саны  соңғы 3 жылда 30 мың адамға артты. Олай болса жаңа ғимараттардың көбейе бергені де дұрыс.

Ал осы екі ғимараттың ашылу салтанатында қала әкімі елдің экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар ардагерлерді марапаттап, жаңа қызметкерлерге де жұмыста табысты болуын тіледі.

Шындығында  Түркістан қаласын абаттандыру және жасыл қалаға айналдыру жұмыстары нәтижелі болды. Облыс орталығы экологиясы жақсарған шаһарға айна­лып, көгалдандыру жұмыс­тары тоқтаусыз жалғасып жатқандығы қуантады.

Өңір басшысы да әр секторды аралап, қаланың абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын бақылап тұрады. Барлық секторда жұмыс қарқыны жоғары. Қала күн сайын қоқыстан тазартылып, гүлзарлар, саябақтар, аяқжолдар мен веложолдар, субұрқақтар халыққа қызмет етуде.

Отырар ауданы Талапты ауыл округі әкімі аппаратының қызметкері Дәурен Партаев қаланың бүгінгі келбеті жайлы:

«Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының  тапсырмасы бойынша Отырар ауданы әкімдігі жауапты сектордағы Құлыншақ ақын көшесінің тазалық, көріктендіру, көгалдандыру жұмыстарымен айналасып жатырмыз. Керемет өзгерістерді көрдік. Қаланың болашағы жарқын»,-депті. Бұл оң бағаға біздің де алып қосарымыз жоқ.

Биыл Ел Үкіметі Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдап қаланы дамытудың 1-кезеңі аяқталып, 123 нысанның құрылысы бітті. Ал  Түркістанды дамытудың ІІ кезеңі аясында 109 жоба іске асырылмақ. Бұл мақсатқа 1,3 трлн. теңге инвестиция бағытталады.

Ал жаңадан бой көтерген Оқушылар сарайында 1000-нан аса оқушының қосымша білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Заман талабына сай жабдықталған жаңа нысанда әртүрлі бағыттағы студиялар мен үйірмелер жұмыс істейді. Технопарк, «IT SANA» орталығы, Өнер орталығы, Тіл үйрету орталығы , Ғылым орталығы, Шығармашылық орталығы, шахмат, балалар тележурналистикасы, анимация, фото-бейне түсірілімдерді монтаждау – барлығы 60-қа жуық үйірме жұмыс жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ ел көп жиналатын орынға айналған, 7 мың орынға арналған «Түркістан-арена» стадионы, «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде де жоғары деңгейдегі шаралар жиі ұйымдастырылуда.

Ал облыс орталығындағы дендросаябақ шығыстық үлгіде бой көтеріп, көне шаһардың келбетін ашып-ақ тұр. 28 гектарға жуық алқапты алып жатқан дендросаябақта 12 000 дана ағаштар егіліп, 2360 ш.м. аумағына гүлдер, 20 476 ш.м. аумағына көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Қаладағы шағын кәсіпкер-лікке де қолдау көп. Айталық «Гранд Микс» жиһаз фабрикасы жиһаздың түр-түрін шығарып, 150 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс орнында қатты және жұмсақ жиһаздың 200 түрі  жасалуда. Жатын, асүй, балалар гарнитурлары мен шкафтардың, купелердің түрі-түрі ұсынып отырған кәсіпорын қажетті шикізаты  шетелдерден әкелуде. Жалпы  бүгінде Түркістанда 40 шақты кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бірі тамақ өндірісімен айналысса, енді бірінде жиһаз шығарылады. Яғни Үкімет тарапынан кәсіпкерлерге бүгінде жан-жақты көмек көрсетілуде.

Содан болар облыс орталығында жылдан-жылға шағын бизнес саласы еңсе көтеріп келеді. Биылғы жылы сонымен бірге «Жібек жолы» саябағы пайдалануға берілді. Ақмола, Алматы және Қарағанды облыстарының Түркістан қаласына тартуы болып саналатын демалыс саябағының жалпы жер көлемі 30 гектарды алып жатыр. Екі жыл бұрын құрылысы басталған нысанда субұрқақтар, жасанды тоған, жасыл бұта, ағаштар мен газон егіліп, орындықтар қойылып, аяқжол мен веложолдар да салынған.

Қалай дегенде қайта түлеп, түрленіп келе жатқан рухани астанамыз ажарлана, келбеттене түсуде. Облыс пен қала басшылығының бірлесе атқарған жұмыстары өз жемісін беріп, Түркістанда қарбалас тірлік жалғасып жатыр.

Қалада жалпы аумағы 45 мың шаршы метр болатын 7 қабатты 15 тұрғын үйдің құрылысы да аяқталып қалды. Баспаналарды «Отбасылық банк» және екінші деңгейдегі банктермен сату және кезекте тұрған азаматтарға беру жоспарланған. Жоспар демекші, Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында бес жыл ішінде 5 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үй салу көзделіп отырғанын да айта кетейік.

Облыс орталығында  қазір 7,9 және 12 қабатты 82 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы, жыл соңына дейін 1000-ға жуық пәтер өз иелерін табуы тиіс. Әкімшілік-іскерлік орталықтағындағы 20 қабатты тұрғын үйдің төменгі қабаттарында әкімшілік ғимараттар орналасқан. Құрылыс жұмыстары келер жылы шілде айында толық аяқталады

Түркістан қаласында салынып жатқан ЭкоБазар да халықтың әлеуметтік жағдайының түзелуіне септеспек. 14 га. жерге орналасқан 900 сауда орны бар жаңа нысанның жалпы құрылыс алаңы 5 гектарға жуықтайды. Демек  бұл жабық базар барлық азық-түлік тауарлары көтерме бағамен сатылатын шаһардағы ең ірі сауда орнына айналмақ.

Жалпы соңғы 3 жылда Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік-инфра-құрылымы қаланды. 445 млрд. теңгеге жаңа 251 жоба іске асып, 123 нысанның құрылысы аяқталды. Халықаралық әуежай, Әкімшілік-іскерлік және Рухани-мәдени орталықтары салынды, оларды өзара байланыстыратын Б.Саттарханов даңғылы қайта жөндеуден өтті. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды.

Ал 2-кезеңде аэропорт аумағына 100 орындық қонақ үй, 3 самолетке арналған ангар, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынып, Әкімшілік-іскерлік орталығында теннис орталығы, мұз сарайы, ат спорты кешені, демалыс орындары бой көтеріп,  46 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ  570 орындық көп бейінді аурухана, жедел медициналық жәрдем станциясы, және Ана мен бала орталығы салынып,  Б.Саттарханов даңғылы бойында спорттық кешен, Яссы желілік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 га универститеттік ботаникалық бақ, Парк Лайн коттедж кешені пайдалануға берілмек. Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру да жоспарлы түрде жүзеге асып, Керуен Сарай тұрғын үй кешені, Аманат коттеджі қалашығы, Medina Palace қонақ үйі, Хилует мәдени-рухани орталығы ел игілігіне ұсынылды. Жалпы, Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн. теңгені құраса, 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн. теңгеге жеткізілетін болады.

Одан бөлек  Түркістан өңірінде 78 мектеп құрылысы жүргізілуде. Бұл турасында «Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы» өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те тарқата айтып:

«Бағдарлама аясында жыл сайын 108 мектеп жаңғыртудан өтеді. Тереңдетілген бағытта білім жүйесін дамыту мақсатында Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігімен 4 Binom School мектебі салынады. Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысы аяқталды. 700 оқушыға арналған оқу ғимараты, 500 орындық жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылыстары жүргізілуде»,-деген болатын.

Бұдан бөлек тұрғын үй мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Биыл бюджет есебінен Түркістан қаласында 42 тұрғын үй құрылысы бітіп,  3 мыңға жуық пәтер өз иелерін табуы керек. Оның ішінде 600-дей көп балалы, аз қамтамасыз етілген және әлеуметтік осал отбасылар баспанамен қамтылатын болады.

«Жүзеге асып жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасы тұрғын үй құрылысына үлкен қарқын берді. 2021 жылдың 10 айында 503,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2,2%-ға ұлғайды. Бағдарлама аясында барлық қаржы көздері есебінен 13 мыңға жуық пәтерлі 232 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жалпы облыста 1,5 мыңға жуық көппәтерлі тұрғын үй бар», – деді Өмірзақ Шөкеев. Демек бұл салада да тың серпін бар.

Қалада жаңа нысандар да бой көтеруде. Солардың санатына кіретін  Мұз сарайының құрылысы  тамыз айында басталған. Жалпы жер аумағы – 1,92 гектарды алып жатқан  ғимарат құрылысын «Integra Construction Kz» ЖШС жүргізіп жатыр. Мұнда қысқы спорт түрлері дамытылып, үйірмелер ашылып, спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік жасалмақ.

Одан бөлек жаңа білім нысандары да пайдалануға беріліп,  үш ауысымдық мектеп мәселесі түбегейлі шешілмек. Мәселен, 700 оқушыға арналған мектеп пен 500 орындық жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылысын «МК Технострой сервис» ЖШС өз мойнына алып,  70 жұмысшы қызу жұмыс  жүргізіп жатыр. Бұл нысан 2022 жылы пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ Түркістанда 25 бригадаға арналған облыстық жедел жәрдем станциясының да құрылысы мердігер мекеме «А-Спецстрой» ЖШС  тарапынан жоспарға сай атқарылуда. 25 жедел жәрдем көлігіне арналған гараж, көлік жуатын орын, автокөлік шеберханасының қабырғалары қаланып, мердігерлер жұмыстың  талапқа сай болуына баса мән беріп жатыр.

Демек жаңарған қаланың болашағы жарқын. Мемлекет қуатымен көркейіп келе жатқан шаһарда құрылыс жұмыстары келер жылы да толастамақ емес. Ендеше, егемен еліміздің рухани орталығын дамытуға баршамыздың да үлес қосқанымыз дұрыс.

З.Бигельдиева.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.