Исраил Сапарбай əндерінен өткен «Еркіндігім-Елдігім» республикалық əн байқауының жеңімпаздары анықталды

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ақын-сазгер, драматург, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының және мемлекеттік «Парасат» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының Құрметті азаматы Исраил Сапарбайдың 75 жасқа толу мерейтойына арналған «ЕРКІНДІГІМ – ЕЛДІГІМ» республикалық ән байқауының жеңімпаздары анықталды.

Үш кезеңнен тұратын байқаудың шарттары мен талаптарына сәйкес 18-35 жас аралығындағы жеке әншілер немесе топтық қатысушылар өз таңдауы бойынша азаматтық-патриоттық, балалар әндері, махаббат лирикасы, романс сынды түрлі жанрдағы тек автордың өз әндерін фольклорлық немесе эстрадалық бағытта табиғи дауыста орындап шықса, оеспубликалық байқауға қатысуға еліміздің Алматы, Қызылорда, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Оңтүстік Қазақстан облысының аудан, қалаларынан 45 үміткер өтініш білдіріп, 18 үміткер екінші кезеңге жолдама алған болатын.

Осы орайда, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Шымкент қаласынан Бөріханов Өсербай лайық деп танылып, 500 000 теңге сыйақы табысталды. Жүлделі бірінші орынды Атырау облысынан келген Әмірғалиев Асхатқа (300 000 теңге) еншілесе, екінші орын Семей қаласының күміс көмей əншісі Аукенова Алия жəне шымкенттік «Сарын» тобына (200 000 теңге) берілді. Жүлделі үшінші орынды Қызылорда облысының əншісі Маханбетжанова Арайлым, Оңтүстік Қазақстан облысынан Бертаев Жеңіс жəне Тәжі Айгерім (150 000 теңге) иеленді.

Сонымен қатар, «Ғажайып танго» арнайы жүлдесімен Атырау облысынан «Тұран» триосы, «Айналдым» арнайы жүлдесімен Оңтүстік Қазақстан облысынан Темірбаев Ержан, «Сағыныш сазы» арнайы жүлдесімен Алматы облысынан Бердібай Қайыржан, «Ананы аңсау» арнайы жүлдесімен Оңтүстік Қазақстан облысынан Бейсенова Мархабат марапатталып, 75 000 теңгеден ақшалай сыйлықтар берілді.
Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған байқаудың мақсаты — сазгердің шығармашылығын кеңінен насихаттау, дәріптеу, оның әндері арқылы елдің рухын биіктетіп, қазақ эстрадасының дарын иелерін анықтау және олардың орындау шеберліктерін арттыра отырып, жеке шығармашыл тұлғалардың қалыптасуына ықпал ету болатын.

160-тан аса әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерін эстрада əлеміне бойлатқан Исраил Сапарбайдың «Сағыныш сазы», «Егіз лебіз» «Шымкентім шырайлым»,»Ностальгия» сынды көптеген əндері елдің жаттанды жырына айналған.
Шара барысында облыс əкімінің орынбасары Сəдібеков Ұласбек Сəдібекұлы ақын-сазгер, драматург И.Сапарбайды 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, облыс басшысы Түймебаев Жансейіт Қансейітұлының да ыстық лебізін жеткізіп, шапан жапты.

Байқаудың құрылтайшысы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі. Ұйымдастырушылар — Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі және облыстық мәдениет басқармасы.
Елдің түкпір-түкпірінен жиылған əншілерге композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Дүйсекеев Кеңес Дүйсекеұлы, әнші, ҚР еңбек сіңірген артисі Жұмағалиев Сембек Қадірұлы, әнші, ҚР Мәдениет қайраткерлері Ахмұханова Айжан Рахымғалиқызы, Сейілбекова Үралхан Каналбайқызы, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының редакторы Атабек Мұхтар Орынтайұлы қазылық жасап, өз бағасын берді.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау шарасы эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласты.
Дарынды композитор əндері шырқалған гала-концертке ҚР еңбек сіңірген артисі Сембек Жұмағалиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Әбиірбек Тіналиев және Шахизада Байпатшанова, қазақ эстрадасының әншісі Таңат Мамырхан және Оңтүстік Қазақстан облысының өнер майталмандары қатысып, өнер думанын асқақтатты.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.