Әлемнің ең ғажайып күзгі мерекелері

Әуе шарлары фестивалі. Альбукерке, АҚШ

Өтетін күндері: 1–9 қазан. Бұл халықаралық фестиваль 40 жылдан астам уақыттан бері ұйымдастырылып келеді. Мұнда ұшқыштар әуеде өз шеберліктерін көрсету үшін жыл бойы мұқият дайындалады. Фестивальдің тағы бір ерекшелігі, жарық шашқан әуе шарларына мінген адамдар күндіз де, түнде де аспанға көтеріліп, «саяхаттайды». Бұл сиқырлы ертегіні еске салады. Бұған қоса бір апта бойы қызықты ойын-сауық бағдарламалары да бір толастамайды.

«Отшашулар түні». Лондон, Англия

Өтетін күні: 5 қараша. Бұл мереке бұрын «Гай Фокс түні деп аталған». Себебі, 1605 жылы Гай Фокс деген біреу ағылшын парламенті ғимаратының алдына оқ-дәрі салынған бөшкені жармақ болған. Бірақ, ойы орындалмай қалған. Мұны іліп әкеткен халық жыл сайын қараша айында майшырақ, балауыз шам жағып, отшашу атып, шоу ұйымдастырады. Бұл түні қалада ешкім ұйықтай алмайды.

Көше өнері фестивалі. Ставагер, Норвегия

Өтетін күндері: 20 қыркүйек – 18 қараша. Бұл күндері фестиваль қонақтары арнайы орталықтарда ғана емес, қала көшелеріндегі ашық аспан астына орнатылған қылқалам шеберлерінің көрмелерін тамашалап қана қоймай, өз қолдарымен бір туындыны дүниеге әкелуіне де болады.

«Ақ түн», Париж, Франция

Өтетін күндері: 1-2 қазан. Әлемдік сән астанасында өтетін «Ақ түн» шоуында Париж аспаны түрлі-түсті кемпірқосақпен түрленеді. Әр жерде жарық шоулары, көрмелер, концерттер, көше қойылымдары қойылады. Көптеген театрлар қарапайым тұрғындарды актерге айналдырып, ашық аспан астындағы сахнада спектакль қояды.

Шоколад фестивалі, Перудж, Италия

Өтетін күні: 14 қазан. Фестивальдің бұл қалада өту себебі, мұнда әлемге әйгілі «Перуджина» кондитерлік фабрикасы орналасқан. Мерекеге орай итальяндық тәтті шеберлері шоколадтан көптеген ерекше пішіндер мен ғимараттардың үлгілерін, шоколадты дәрілер мен түрлі тіскебасарлар әзірлеп, қала халқы мен қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлайды.

Лои Кратонг мерекесі, Таиланд

Өтетін күні: 14 қараша. Бұл мереке өз бастауын XIV ғасырдан алады. Аңыз бойынша, Литай королі су құдайына алғыс ретінде бамбуктен ыдыс тоқып, оны әртүрлі пішінде кесілген жемістермен және гүлдермен безендірген екен. Содан бері жыл сайын тайлықтар өзенге кішкентай қайықтарды жіберіп, тілек тілейді және жасаған күнәлары үшін кешірім сұрайды. Бұл түні барлық су қоймаларының айналасы әдемі безендіріліп, аспанға отшамдар ұшырылады. Егер отшамдар қайық кеткен жаққа қарай ұшса, бұл – жақсылықтың белгісі.

Қиял фестивалі, Ки-Уэст, Флорида, АҚШ

Өтетін күндері: 21-30 қазан. Ки-Уэстегі мереке кезінде адамдар әртүрлі костюмдер киім, денелеріне сурет салдырады. Бұдан бөлек, Құбыжықтар балына қатысып, алып жыландармен, су перілерімен және басқа да су құбыжықтарымен көңіл көтеруге болады.

Балық фестивалі, О-Грове, Испания

Өтетін күні: 6-14 қазан. Фестиваль кезінде бір апта бойы аспаздар балғын теңіз өнімдерінен әзірленген өз фирмалық тағамдарын ұсынатын болады. Ал қонақтар өздері жейтін балықты өздері аулап ала алады. Мұнда балықтан өзге де қызықтар өте көп. Ән мен би, түрлі байқаулар сіздің ішіңізді пыстырмайды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.