БЕЙНЕГЕ КӨРІНГЕН БЕЙНЕ

Он сегіз мың ғаламның сіз бен бізге беймәлім қырлары көп. Әлі талай зерттеуді керек ететін тылсым тақырыпты қанша қопарсаң да бір жұмбаған ішіне бүгіп жата беретіні бар. Осындай жұмбақ жайлардың бірін таяуда редакцияға Ералхан аға Жылқыайдарұлы айтып келді. Баспасөз беттерінде өзінің әдемі әзілдерімен, қызықты сатиралық шығармаларымен танылып жүрген тұрақты автордың бұл айтып отырғаны да әзіл шығар десеңіз қателесесіз.

«Жақында мынадай жұмбақ жағдайдың куәсі болдық, — дейді Ерекең қолындағы фото-суретті көрсетіп. – Қызым Бейне өзінің ұялы телефонының фото-камерасына өзін суретке түсіреді. Яғни, қазіргі жастардың тілімен айтқанда «селфи» жасайды. Ғажабы сол, суртттегі Бейненің желке тұсында екі көзі дөңгеленіп біреу тұр. Үйдің ішінде, ешкім жоқ бөлмеде суретке түскен оның сыртынан қарап тұрған кім? Ол неге былайғы уақытта көрінбейді де, фотоға анық болып түсіп қалады? Беймәлім бейненің бет-бейнесі адам пішініне келеді. Көзі, мұрны, аузы бар. Бірақ аузым бар екен деп сөйлемейді. Ешкімге зияны жоқ. Тек «селфилетуге» әуес. Менің түсінбейтінім, бұл тек қызым Бейнемен бірге фотоға түседі. Сол орынға басқа біреу тұрып, «селфилетсе» әлгі жұмбақ көрінбейді. Сонда бұл не?»

Бәлкім сіз мұны компьютердің көмегімен жасалған фотошоп дерсіз. Алғашқыда біз де солай ойлағанбыз. Ал, бұған Ералған ағаның айтар өз уәжі бар. «Қызымның бойында көріпкелдік қасиеті бар екенін бұрыннан білетін едім. Оны өзі де байқап көріпкелдік, емшілік қасиетін дамыта түсті. 2007 жылы АИВ (ВИЧ) жұқтырылған иммунитет тапшылығының белгісінен пайда болған өте қауіпті жұқпалы аурудың емін тапты. Бірақ, онысы медицинада қарсылыққа тап болды. Бәлкім біреулер үшін бұл керек болмаған шығар. Дегенмен ерте ме, кеш пе, Бейненің жасаған тұжырымы өз дәлелін табатынына толық сенемін. Ал, бүгінгі жұмбақ бейнеге келер болсақ, ол менің қызымның бойындағы ерекшелікті, көріпкелдікті одан әрі айқындай түседі. Бұл бекер емес. Егер тылсым күшке күмәнмен қарайтындар болса, оның айқын дәлеліндей болған фото-суретті сараптамаға берсін. Зерттеп, нақты тұжырымын айтқаны бізге де жақсы. Әйтпесе бұл ғажайып көріністің неден, қалай болғанын біз де білмейміз»

Иә, Ерекеңнің ерекше қасиетке ие қызы туралы бұған дейін де білетінбіз. Ол туралы мерзімді газеттерде аз айтылған жоқ. Ал бүгін сол қыздың «селфиіне» жағаласып жұмбақ бейне суретке түседі деп кім ойлаған? Бұл не? Елес пе, әлде ештеңе емес пе?

Айтпақшы, осындай жағдай аға журналист Боранбай Құдияровтың өмірінде де орын алған екен. 2000 жылдардың орта шешінде Шымкент қаласындағы «Восток» мөлтек ауданындағы №4 үйде тұрған ол есік алдындағы алма, өрік ағаштарына өрмелеп, ойнап жүрген балаларды фотоға түсіреді. Фотосалонға барып суреттерді шығартайын десе, суреттегі балалардың айналасында қызылды-жасылды шарлар тұрады. Ол шарларды пленканың сапасыздығынан көрген Борекең араға бірер күн салып басқа фотоапаратпен тағы түсіреді. Бір ғажабы, әлгі жұмбақ шарлар бұл кадрлардан да көрініс табады. Міне, осы жұмбақтың жауабын әріптес аға әліге дейін түсінер емес. Кім білсін, бұл да бір тылсымға толы дүниенің біз бен сізге беймәлім қырларының бірі шығар.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.