Алып империяны өз қолымен жасағандар

Біз бүгін өздерінің табанды еңбегі мен «жақсы өмірге» деген талпынысының арқасында миллиардтарға қол жеткізген әлемнің ең дәулетті адамдары туралы әңгімелемекпіз. Бұл адамдардың ешқайсысы мол байлықты мұраға алмаған, лотереядан да ұтып алмаған, олар жоқтан бар жасап, биік шыңдарға шыққан. Сондықтан, олардың өмірі көп адамға өнеге бола алады.

 Ли Ка-шинг

Ли Ка-шинг Қытайда дүниеге келгенімен, 1940 жылы отбасымен Гонконгқа қоныс аударған. Осы жылдары әкесі дүниеден өткен соң, ол 14 жасында мектептегі оқуын тастап, отбасын асырау үшін жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ли алғашқы жұмысы – пластик бұйымдарды сатумен айналысатын компанияда тәулігіне 16 сағаттан жұмыс істейді. Осы еңбекқорлығының және үнемшілдігінің арқасында ол он жылдан кейін жеке бизнесін ашуға қол жеткізеді. Лидің Cheung Kong Industries компаниясы да алғашқыда пластмассалық бұйымдар саудасымен айналысқанымен, кейін келе ол Гонконгтағы аса ірі инвестициялық корпорацияға айналады. Ал Ли Ка-шинг бүгінде Қытайдың ең дәулетті адамдарының қатарына қосылған.

 Шелдон Адельсон

Шелдон Адельсон – Бостондағы қарапайым такси жүргізушісінің ұлы. Ол өзінің кәсіпкерлік жолын 12 жасында газет сатудан бастаған. Осыдан кейін газет репортері, ипотекалық брокер, инвестиция және қаржы жөніндегі кеңесші сияқты жұмыстарды атқарады. Нағыз табыс оған 1979 жылы COMDEX деп аталатын компьютерлік көрме-жәрмеңкені ұйымдастырған соң келеді. Кейінгі 20 жылда бұл АҚШ-тағы кормпьютерлік бағыттағы ең жетекші көрме болады. Ал 1988 жылы Шелдон өз серіктестерімен бірге Лас-Вегастан қонақүй сатып алып, соның арқасында тез байып кетеді.

 Опра Уинфри

Опра Уинфриді американдық Күлшеқыз деуге болады. Оның балалық шағы өте ауыр жағдайда өткен. Қатал анасы оның балалықтың бал дәмін татуына мүмкіндік бермеді. 9 жасында алғаш рет зорлықтың құрбаны болған Опра 14 жасында ана атанады. Бірақ, сәбиі кішкене кезінде шетінеп кетеді.

Дегенмен, жасынан алғыр қыз мектепте оқып жүрген кезінде-ақ радиостансада жұмыс істей бастайды. Ал 19 жасында жергілікті хабарларды, кейін келе күндізгі ток-шоуларды жүргізеді. Опраның ең басты жетістігі – елдің сұранысына ие болмағандықтан, жабылудың алдында тұрған шоуды ең танымал бағдарламаға айналдыра алғандығы. Осы шоудың арқасында ол атақты жүргізушілердің біріне айналып, көп өтпей өз продюсерлік компаниясын құрады. Нәтижесінде 32 жасында Опраның бағдарламасы ұлттық шоулар қатарында аталып, өзі миллионерлер тізімін толықтырады. 1994 жылдардан бері оның бағдарламасы ең танымал бағдарламалар қатарынан түскен емес, бұл оның дәулетін де жыл санап еселей түсті. Опра Уинфри – Forbes тізіміне енген ең алғашқы афроамерикандық әйел.

Ричард Десмонд

Ричард Десмондтың да балалық шағы адам қызығарлықтай бола қоймапты. Есін білмейтін кезінде әке-шешесі ажырасып кеткендіктен, ол анасымен екеуі шағын пәтерде өлмес күнін көріп өмір сүрген. Жұмыс істеп, нан табу үшін Ричард 14 жасында мектепті тастап кетеді. Әртүрлі орайы келген жұмысты тиіп-қашып істеген ол Thomson Newspaper газетіне келген соң ғана алдына мақсат қоюды үйренеді. Ал 21 жасында Ричардтың екі бірдей дыбыс жазу дүкені болады. 1974 жылы ол газетте жұмыс істей жүріп жинаған тәжірибесін іске асырып, International Musician and Recording World журналын шығара бастайды. Бүгінде оның меншігінде әлемдегі ең танымал OK!, Daily Express, Sunday Express, Daily Star Sunday и Daily Star басылымдары бар.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.