ЖОЛДАУ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ

Бір үйдің баласындай ұйымшылдықпен жұмыс істеп келе жатқан оңтүстікқазақстандық ассамблея мүшелері Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын талқылап, түсіндіру жұмыстарын қызу бастап кетті.

Бүгін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен жиында Жолдауында айтылған 10 бағыттың маңызы кеңінен сөз болды. Оған қоғам қайраткерлері Шалатай Мырзахметов, Розақұл Халмурадов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов және облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің 700-ге тарта мүшелері қатысты.

Жиынды ашқан Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов Жолдауда айтылған мемлекеттің даму жолындағы бағыттар алысты болжаған әрекет екенін атап өтті. Ал, ассамблея мүшесі, қоғам қайраткері Розақұл Қалмұратов құнды құжатта көтерілген мәселелерге қатысты өз көзқарастарын білдіріп, 10 міндеттің барлығында цифрландыру бағыты анық көрсетілгенін баса айтты.

Сондай-ақ, түрлі саланың мамандары жарыссөзге шығып, Елбасы Жолдауына басымдық берілген адами капиталды жаңғырту, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын артыру жөнінде пікірлерін білдірді.

Жиынды қорытындылаған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов бұл құжаттың заманға сай тарихи өрлеу дәуіріне бастайтынын, барша қазақстандықтарды ортақ мақсат жолында жұмылдыра түсетінін айтты.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.