«МЕЙІРДЕГІ» МӘУЛІТ

Таяуда Сайрам ауданындағы «Мейір» ардагерлер үйінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) туған айы – Мәуліт мейрамы аталып өтілді. Екі жүзден астам демалушыларға дастархан жайылып, Пайғамбарымыздың хадистерінен уағыз айтылды. 94 жасқа келген шаяндық Бисенбек Игісінов көпшілікке бата берді.

Ардагерлердің айтуынша, мұндай қайырымды іс-шаралар «Мейір» ардагерлер үйінде жиі ұйымдастырылады екен. «Мен Мәртөбе ауылынан келдім. Он жеті жылдан бері ауылда азаншымын. Маған ардагерлер үйіндегі тәртіп, имандылық ұнады. Қызметкерлері де өте сыпайы. Имандылық бар жерде береке болады. Мұнда ардагерлердің дем алып, әрі ем алып шығуына жақсы жағдай жасалған. Намазханасы бар, билярд, шахмат ойнайтындарға да мүмкіндік бар. Сондай-ақ, түрлі мәдени іс-шаралар да жиі ұйымдастырылып тұрады», — дейді Елікбай Қажы Кенжебекұлы.

Шардара ауданындағы Мырзакент мақта зауытын ұзық жылдардан бері жемісті басқарып келе жатқан Сейсен Қуан ағамыз да «Мейірдегі» қызметкерлердің мейірімділігі жайлы айтып берді. «Ақмарал Нұрланқызы басшылық ететін ардагерлер үйіне алғысым шексіз, -дейді ол. — Күнделікті ем-домнан бөлек, ардагерлердің көңілін көтеру үшін мәдени іс-шараларға да ерекше мән береді екен. Таяуда біз бір топ делегат Анталияда болып қайттық. Туризм жақсы жолға қойылған екен. Біздің елімізде де Анталиядан, Түркиядан кем түспейтін жерлер көп».

2006 жылдың шілде айынан бері жұмыс істейтін ардагерлер үйінде жылына 3800 адам демалып шығады. Бастапқыда 90 орындық болып ашылған ардагерлер үйінің жанынан 2011 жылы үш қабытты қосымша ғимарат салынып, 190 орынға кеңейтілген. Бүгінгі таңға дейін 24757 ардагердің дем алып шығуына қызмет еткен «Мейірде» мақтаулы мамандар да аз емес. Атап айтсақ, директордың орынбасары М.Қыдырбаев, дәрігер М.Абдікәрімов, физиоемдеуші Д.Сәттиев, парафон Ш.Розақұлова, фитобочка М.Тәжіханова, ұқалаушылар Б.Атақожаев, Ғ.Сұлтанқұлов, тазалықшылар Г.Исмаилова, Ш.Ахметбекова және кезекші медбикелер Т.Арипханов пен Я.Юлдашеваларға елдің алғысы шексіз. Сондай-ақ, дәмі тіл үйіретін тағамымен көпшіліктің талғамынан шығып жүрген аспазшы А.Хайтқожаева мен деотолог Т.Ерметовтардың да еңбегін ерекше айта кетуге болады. Мәдени іс-шаралар жүргізушісі Ф. Қарымсақованы өз ісінің білгір маманы ретінде ардагерлер де ардақ тұтады.

Міне, осылайша «Мейірдегі» Мәуліт мейрамына қатысқан біздер ардагерлерге жасалған жақсы жағдайдың куәсі болып, ұйымшыл ұжымның жинақы жұмысына ризашылығымызды білдіріп қайттық.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.