Экс-сенатор атышулы «Қалаулымды» сынаған депутатқа жауап берді

«Евразия» бірінші телеарнасы бас директорының орынбасары, экс-сенатор Светлана Жалмағамбетова «Қалаулым» бағдарламасына қатысты айтылған сынға жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Еуразия» бірінші арнасында көрсетілетін «Қалаулым» бағдарламасы туралы жұрт біраздан бері шулап жүр. Халықтың наразылығынан кейін ақпарат және коммуникациялар министрлігі бағдарламаны тексеруге уәде берген еді. Алайда көпшіліктің сынына ұшыраған «Қалаулым» әлі эфирден көрсетіліп келеді.

Бұған дейін Белгілі блогер Айгүл Орынбек ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа «халықтың жанайқайын» жеткізіп, атышулы «Қалаулым» бағдарламасын жабу мәселесін көтерген еді.

«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің отырысында да бұл мәселе назардан тыс қалмады. Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова елімізде түкке тұрғысыз жеңіл дүниелер түсіру сәнге айналып бара жатқанын айтып күйінді.

Осыдан кейін экс-сенатор,  телеарна бас директорының орынбасары Светлана Жалмағамбетова жиында айтылған біраз сынға жауап берді.

«Қалаулым» бағдарламасына тоқталайын. Бақытгүл, (мәжіліс депутаты Хаменова – ред.ескерт.) сізге бағдарлама ұнамайды. Сіз көрмесеңіз, көрмей-ақ қойыңыз. Бұл басқа ток-шоулармен салыстырғанда рейтингісі ең жоғары бағдарлама. Бірде-бір телеарнада 3 сағат бойы көрерменнің назарын ұстап отыратын бағдарлама жоқ», — деді  ол.

Жалмағамбетова рейтингісі жоғары «Қалаулым» бағдарламасында өте өзекті мәселелер қозғалатынын атап өтті.

«Бұл бағдарлама өте маңызды мәселелерді көтереді. Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, елімізде тұрмыс құрмай, жалғыз қалған қыздар көп. Олар анда-мында баруға ұялады. Ал бұл мәселені біз тек тоқал алып қана шешу керекпіз бе?  21 ғасырда өмір сүре отыра, неге орта ғасырға шегінуіміз керек? Бұған қоса құрылыста, тағы басқа жерлерде жұмыс іздеп жүрген азаматтар көп, олар үйленуге уақыт таба алмай жүр. Сондықтан сондай азаматтар бағдарламаға келеді. Әлеуметтік желіде жаман пікірлер айтылып жатыр дейсіздер. Бірақ жақсы пікірлер де бар. Бізге көп хат түседі. Көрермендер хабарласып, «бағдарламаны неге Астанада түсірмейсіңдер? Біз де қатысайық» дейді. Ал енді бірі алғысын білдіріп жатады», — деді экс-сенатор.

Жалмағамбетова рейтинг үшін бастапқы кезде эфирден ыңғайсыз жағдайлар көрсетілгенін мойындады. Қазір бұл мәселені басқаша шешіп, бағдарламаны ретке келтіріп жатқанын жеткізді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.