ОҚО мен Өзбекстанның сауда айналымы 622,6 млн АҚШ долларына жетті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Өзбекстан Республикасынан келген бір топ зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік, іскерлік қарым қарым-қатынас, мәдени ықпалдастық орнату жайын сөз етті.

Бізді марқұм Ислам Кәрімовтің ел басқарған кезінен бергі бірегей мәдени-рухани байланыстарымыз бүгінде жалғасын тауып келеді деген облыс әкімі екі ел арасындағы байланыстардың маңыздылығына тоқталды.

«Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік оңтүстіктің қасиетті орындарының бірі — Ордабасыда осыдан 25 жыл бұрын өткен елдік жиында қабылданған «Мәңгілік достық туралы» келісіммен нықталған. Өздеріңізге белгілі биылғы 15 наурызда Астана қаласында Өзбекстанның Қазақстандағы жылы жарияланып, салтанатты жағдайда ашылды. Баршаңызға мәлім, соңғы 1,5 жылдың ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында достық байланыстар бекіп, жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бүгіннің өзінде теміржол тасымалы 44 пайызға арттып, тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Соңғы жылдары қос мемлекеттің басшылары бірнеше мәдени ықпалдастық іскерлік қарым — қатынасын жалғастыру және саяси-экономикалық әріптестікті нығайту мақсатында маңызды кездесулер өткізіп, ортақ саяси шешімдер қабылдағаны белгілі. Соның нәтижесінде Өзбекстан мен Қазақстанның белгілі кәсіпкерлері қатысқан халықаралық бизнес форум өткізіліп, жалпы құны 1,2 млрд. АҚШ долларына тең болған 75 келісімшартқа қол қойылған болатын.

Кездесу барысында сөз алған Өзбекстан Республикасы Жазушылар Одағының төрағасы Мұхаммед Әли бауырлас екі ел арасындағы дәнекерлікті нығайту бағытында атқарылып жатқан кешенді іс-шаралардың одан әрі жандана түсетініне сенім білдірді.

Өткен жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға жасаған жұмыс сапары аясында мемлекетаралық байланысты одан әрі нығайтуға арналған 10 маңызды құжат қабылданса, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен сауда-экономикалық және мәдени гуманитаралық салалардағы ықпалдастықты арттыру бағытында Ташкент, Сырдарья, Жызақ облыстары басшылармен әріптестік меморандумға қол қойылды. Елбасының осы сапары аясында қазақ-өзбек бизнес форумы ұйымдастырылып, оған қос елдің 300-ден астам кәсіпкерлері қатысты. Дәл осындай іскерлікті нығайтуға бағытталған іс-шаралар Шымкентте де өтіп, Ташкент қаласы тауарөндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылған болатын. Бүгінде Өзбекстан Оңтүстік Қазақстан облысының сауда әріптесі болып табылады. Екежақты тауар айналымы 20,3 пайызды құрайды. 2017 жылы сауда байланысы 11,7 пайызға артып, 622,6 млн АҚШ долларына жетті.

Кездесуді қорытқан облыс әкімі өңірде өткізіліп отырған Ә.Темірдің 682 жылдығына арналған ғылыми тәжірибелік конференцияға сәттілік тіледі.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.