МЕН және МЕН

Қалай түсіндірерімді білмеймін. Бірақ, менің өмірімде үнемі бір түсініксіз жағдайлар болып жататынын сеземін. Мен бұдан қорықпаймын, тіпті өзім куә болған жағдай туралы әңгімелеп те бере аламын…

Соңғы оқиға өткен жылы ғана болды. Сол күні түні бойы кірпік іле алмай, дөңбекшіп шықтым. Ұйқым қанбаған соң, таңертең қатты шаршап, денемнің бәрі қатты ауырып тұрдым. Басым дыңылдап, сынып бара жатқан соң, жұмысқа да бара алмадым. Ешқандай дәрі де көмектеспеді. Сосын жұмысқа телефон шалып, сырқаттанып қалғанымды айтып ескерттім де, түнгі ұйқымның есесін қайтарайын деп шештім. Осы оймен төсегіме қайта жатып едім, бәрібір ұйқы оңайлықпен келе қоймады..

Төсекте көзімді жұмып жатырмын, бірақ, санам ояу. Кенет бөлменің іші бір сыбыр-күбірге толып кеткен сияқты болды. Осы кезде біреу менің денемнен шалт қимылмен атып шықты да, ол МАҒАН айналды. Бір шетте тұрып, өз-өзіңді көру деген қандай қорқынышты екенін білесіз бе?

Бір уақытта көз алдымнан бір түсініксіз суреттер кино лентасындай тізбектеліп өте бастады. Алдымен жұмысында отырған апамды, оның не істеп жатқанын, сосын көрші бөлмедегі әкемді, әжемді, достарымды көре бердім, көре бердім… Бейнебір бір орыннан екінші орынға зымыраннан да жылдам ұшып жетіп жүрген сияқтымын.

Бір кезде ұйықтап жатқан өзімді көрдім. Бұған дейін жанымда кім бар екеніне назар аудармаппын. Жақын адамдарымның әрекетін бақылап жүріп, өзімнің осылай олармен қоштасып жатқанымды сездім…

Есімді жисам, жанымда ұзын бойлы, қара түсті сұлба тұр екен. Жоқ, ертегідегі мүйізді шайтан, жын-пері немесе тағы бірдеңе емес, бар болғаны қап-қара сұлба… Осы уақыттың бәрінде ол үндемей жанымда еріп жүріпті. Мен өз денеме қайтып оралғанымда ол бір-ақ сөз айтты: «Сен қанша қасарысып бақсаң да, түптің түбінде мен бәрібір сені алып кетемін. Себебі, Мен – Сенмін!». Ұйқымнан оянардан бұрын соңғы айтылған осы сөз құлағымда шыңылдап тұрып қалды…

Мен көзімді аштым да, тірі екенімді көргенде қуанып кеттім. Бірақ, сұмдықтың бәрі енді ғана басталып жатыр екен. Төсектен тұрмақ болып едім, аяқ-қолымды матап тастағандай, орнымнан қозғала алмадым. Қарасам, қолымда көгерген із қалып қойыпты. Төсегімнің басында тұрған ұялы телефоныма созылып едім, біреу қолымнан тартып қалғандай, қаттым да қалдым. Артынша: «Мойында да қабылда, мен – сенмін!» — деп найзағайдай күркіреген қорқынышты дауыс естілді. Осы кезде тұла-бойым қалтырап, мұрнымнан қан кете бастады. Ыстығым көтеріліп, маңдайымнан шып-шып тер төгіліп жатыр. Бірақ, орнымнан тұрмақ түгілі, айқайлай да алмаймын. Ең жаманы, келесі бөлмеде жатқан әкемді көмекке шақыра алмаймын. Мен Құдайдан әкемнің менің бөлмеме кіруін жалынып сұрай бастадым. Бірақ, мен Жаратқанға жалынған сайын әлгі дауыс: «Құдай саған көмектеспейді. Енді сен басқа адамсың, мойында», — деп құлағымның түбінде күркіреп тұрып алды…

Мен жыладым. Осы қараңғы түнекте мәңгілік қалып қоятыныма сенгім келмеді. Бар білген дұғамды оқып, Жаратқанға жалбарынумен болдым… Осының бәрі шамамен 3 сағатқа созылды. Мен қатты қалжырадым, бірақ, дұға етуімді жалғастыра бердім.

Бір кезде аяқ-қолымды матап тастаған бұғау босап, орнымнан тұрдым да, әжемнің бөлмесіне барып, сонда төрде ілулі тұрған Құранды құшақтап, өкіріп тұрып жыладым. Жаныма жүгіріп келген әкеме жақындауға да қорқып, «Мені молдаға апарыңдаршы» деп еңірей бердім…

Әкем бар буынымнан әл кетіп, қалтырап тұрған мені көлігіне көтеріп апарып отырғызды да, жолдан апамды жұмысынан ала кетіп, қала шетіндегі өздері білетін бір молдаға алып барды. Апамның айтуынша, молда оқып жатқанда мен бес рет есімнен танып құлаппын. Ал ол кезде басымның ішіндегі бір дауыс: «Мойында, сонда бар азабың аяқталады!» деп, миымның мың-дыңын шығарып жатқан.

Бірақ, мен аяғына дейін күресіп бақтым. Ақыры құлағымның түбіндегі дауыс жоғалды. Содан қайтып оралған жоқ. Бірақ, «қара түнек әміршісінің» құрығына тағы түсіп қалмау үшін мен бойымды таза ұстап, намазымды оқып, молдаға ай сайын жын-періден қорғайтын дұғаларды оқытып тұруды әдетке айналдырдым. Мен кез-келген зұлым күштен Құдайдың құдіреті күшті екенін түсіндім…

Арай.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.